«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кітап – асыл қазына

Кітап – асыл қазына
Автор
Жан азығы – кітап оқуды қоғамда насихаттау мақсатындағы Ұлттық кітап күні елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік қауымды рухани байлықпен мейлінше сусындауға шақырады. Осындай маңызы зор ісшара Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. «Кітап – асыл қазына» атты республикалық кітап фестивалі қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуды, жас ұрпақты кітапқа жақын болуға баулу, рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық әдебиетті насихаттауды мақсат етті. Сондай-ақ оқырман мен автор арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, кітапхана ісінің беделін арттыру көзделді.

Іс-шара барысында «Өлеңге деген махаббат» атты әдеби композиция ұсынылып, түрлі этнос өкілдерінің қазақ поэзиясына деген құрметі көрініс тапты. Бұл бөлім көпұлтты қоғамдағы мәдени бірлікті, әдебиетке деген ортақ сүйіспеншілікті айқын көрсетті. Ұлттық кітап және кітапханашылар күнімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов кітаптың адамзат өркениетіндегі ерекше орны жөнінде ой қозғады.

– Кітап – адамзаттың ең ұлы рухани қазынасы, ал кітапхана – сол қазынаны сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін киелі орда. Білім мен ғылымның, мәдениет пен руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан кітапханашылардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Кітапханашылар қоғамның интеллектуалды әлеуетін арттырып, жастарды ізгілікке, білімге баулуда үлкен үлес қосып жүр. Ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда кітаптың құндылығы еш кеміген жоқ. Керісінше, терең білімге бастар жол ретінде оның маңызы арта түсті. Осы орайда кітапханалардың жаңғырып, жаңа форматта жұмыс істеуі – заман талабы. Облыста кітапханаларды дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және оқырман мәдениетін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Кітапханашыларға тынымсыз еңбектері мен кәсіби біліктіліктері, рухани байлыққа деген адал қызметтері үшін зор алғыс айтамыз. Әрбір оқырманға жол сілтеп, білімнің шамшырағын жағып жүрген еңбектері жемісті болуына тілектеспіз, – деген Серік Жақсылықұлы өңірдегі мәдениет пен руханият саласының дамуына үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлері мен шығармашыл тұлғаларды марапаттады.

Кітапхана ісінің дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлерге, ауылдық және аудандық кітапханалардың мамандарына, сондай-ақ әдебиет пен мәдениет саласының өкілдеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаты салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қат ар «Руханият елшісі» номинациясы аясында Қазақст анның белгілі жазушылары, журналистері және әдебиеттанушы ғалымдары марапатталды. Олардың қатарында елге танымал қаламгерлер мен жоғары оқу орындарының профессороқытушылары бар.

«Жыр құрметі» номинациясы бойынша түрлі этнос өкілдері қазақ поэзиясын насихаттап, көпұлтты бірлікті дәріптегені үшін марапатқа ие болды. Бұл Қазақстан халқының рухани бірлігі мен мәдени тұтастығын айқындай түсті. Фестивальге елімізге белгілі ақын-жазушылар, журналистер, баспа ісінің мамандары және ғалымдар қатысып, кітап, әдебиет, баспа ісі және оқырман мәдениетінің қазіргі даму үрдістері туралы ой бөлісті. Олардың қатарында арнайы шақырылған ақын, республикалық «Балдырған» журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Дархан Бейсенбекұлы, «GARYSH» баспасының бас редакторы Олжас Саржаев, «GARYSH» баспасының редакторы, «Тұлғатану» жобасының жетекшісі Ұлан Айхожаев бар. Жиынның ерекше сәттерінің бірі – жаңа кітаптардың тұсаукесер рәсімі болды.

Жаңа туындылар оқырман назарына ұсынылып, авторлардың шығармашылық ізденістері мен еңбектері кеңінен таныстырылды. Бұл бөлім әдебиет әлеміндегі маңызды жаңалық ретінде бағаланды. Фестиваль барысында «Жанды кездесу: автор мен оқырман» алаңы ұйымдастырылып, онда жазушылар мен оқырмандар арасында еркін пікір алмасу өтті. Сонымен қатар «Поэзия & шабыт» алаңында ақындар өз шығармаларын оқып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар