Осы тақілеттес мойындаулар арқылы кәдімгідей мұңға шомдыратын салмақты пікірлер салиқалы ойға жетіп үлгермей, орта жолдан әлгі айтылған әзілдердегі «әшейін жүрген», «ойсыз, қамсыз» адамды жерден алып, жерге салуға кетіп қалады. Бейне бір өзіміз қазақ еместей немесе қазақ деген ұлттың өкілі екенімізді біле тұра, сол «әшейін жүрген», «ойсыз, қамсыз» өзіміздің «қазаққа» өзімізді жатқызғымыз келмей, әлдебіреулерді мысал етіп, әлдекімдерді кінәлі қыламыз. Сөйтіп, өзіміз сүттен ақ, судан тазасынып, айдаладағы әлдебір «қазаққа» сырттай кіжініп, іштегі қыжылды сыртқа шығарамыз. Өзгеге орын берген, төрін берген, бәрін берген, өзі босағада қалған өз қазағын жамандаудан «ләззат алу», «рахат табудың» бой бермес үрдіске айналғанының белгісі еді бұл.
Мұндай қалыптасқан дағдыға ет үйренгені сонша, қосыла кетпесе, «қой, жаман болса да, өз қазағымыз ғой» деп, арасына араша түсіп, ақтап алып жататындары некен-саяқ. Жоқ, қатты айтпайын. «Жаман» жұртымды, аңғал, алаңғасар ұлтымды, қаймана халқымды осы бір жағымсыз сипаттардан ақтап, аршып алғым келіп, талаптанып көргенім бар. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлы хакім Абайдың ұлы сөзі неге тұрады. Немесе «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген халық нақылы да бұл талапқа олқы емес-тін. Бірақ, ел басылымдарының беттеріне жарияланған мына бір өлең жарқ ете қалды да бүгінгі күнінің кемістігін бір-бірінен көрген алауыз ағайынды біртұтас бауыр қалпына, қарға тамырлы қандас күйіне лезде, қайтадан құндақтап, оралдырды да тастады. Дүйім қазақты алақанға салып, аялады да жіберді.
Қазақты жамандама қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана.
Мәңгілік ай астында, жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана.
Бұл өлең Күләш Ахметованыкі болатын.
Кәдімгі Күләш Ахметова.
«Тарихын зерделесең, зерікпес ең,
Танырсың тағылымына еліктесең,
Қазақтың атын қорға, қазақ бала,
Ешқашан өз еліңді кемітпе сен!», – деген келесі шумақтардың жолдарынан-ақ, аңдаусыз сөйлеп қояр албырт бала түгілі, ақсақал жасты алқымдап қалғандардың өзі абайламай айтса, ауырмай өлетінін дереу ұғып, өз ұлтының ұстынына күйе жағып, жала жаппақ тұрмақ, былапытпен былғап, кірлетудің кешірілмес күнәмен, ақталмас қылмыспен тең екенін түсінер еді. Аспаннан құйған алапат нөсердей жыр. Мұндай жойқын жырдан соң өз мініңді көрмей, өз халқыңа өзің өкпелеп, есеңгіреп жүрген есіңді жимай көр. Аяулы ақынның әлпештеген аманат сыры. Мұндай ғаламат сырдан соң «бір-бірін құқай көріп, дұшпанға ұпай беріп жем болуы» да мүмкін аңғал-саңғал жұртты жақсы көрмей көр. Оқыған сайын қайталап оқи бергің келеді. Қайталап оқи берген сайын әлденеге елегізген көңілің орнына түседі. Әлденеден езілген еңсең көтеріле бастайды.
Осындай текті халықтың перзенті екенің есіңе түседі. Есіңе түскен соң, еліңді мақтан етіп шығасың. Мақтан тұтар мықты халқыңның бар екеніне, бар ғана емес, нар екеніне қуанасың. Енді, сол халқыңды сен де жан-жағыңа, тіпті жаһанға жар сала жария еткің, паш еткің келеді, жырлағың келеді. Халқыңды жырлауың үшін ақын болып кеткің келеді. Осы өлеңнің авторы құсап. Күләш ақын құсап. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметованы танымайтын қазақ жоқ. Шығармаларын әдебиет сүйер, өлеңсүйер қалың қауым сүйіп оқиды. Жатқа біледі. «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Жапырақ – жаздың жүрегі», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Жасыл жағалау», «Наурыз нұры, «Күн шыққанда күліп оян», «Арғымақтар даласы», «Махаббат жылы», «Ләйлектер қайтып келгенде», «Өкініш әні», «Бақ», «Құт», «Махаббат» сықылды кітаптары бар ақын әпкеміздің биыл баспадан шыққан бес томдық шығармалар жинағы да сүйікті оқырмандарына жол тартқаны көпшілікке мәлім. Құдіреті күшті Хақ тағаланың дәргейіне Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің, Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің. Раббым, сенен бөлек осыншалық Нығметтерді мен үшін әзірлер кім?! – деп алғаусыз пейілімен құрақ ұшқан айшуақ ақын жарты ғасырдан астам уақыттан бері халқын поэзияның кіршіксіз шұғыласына шомылдырып келе жатыр.
«Шаттықпенен қарсы алам Күн шығуын, Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім. О, Жаратқан! Өзіңе – шүкірлігім, Жарылқауыңа – мәңгілік құлшылығым» деп, өтетін де кететін бес күн тірліктің бес минуты түгілі, бес секундын да босқа жіберіп алмаудың қадірін, фәни дүниенің адамзат баласына ылғи сынақ үшін берілгенін бағалай білудің аса қажеттілігін оқырман санасына себездеп сіңдіруге тырысады. Бірде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, әулиеаталық журналист, ақын ағамыз Баймаханбет Ахметов менің шығармашылығым туралы жазған көлемді пікірін былай деп бастапты: «Неге екенін білмеймін, «Үшарал» десе-ақ, әр қандай кезеңде дүниеге келсе де өзара рухтас, мінездес ошақтың үш тағанындай апалы-сіңлілі үш ақынның есім-сойлары жадыма үйіріле кетері бар. Үшеуінің арасында көзге көрінбес бір байланыс, ортақ арман-аңсар, әуезе-үн бар секілді.
Айтыстың ақ періштесі Ұлбике, таңдайына бұлбұл құс ұя салған Күләш ақын... Енді оларға Үміт ілесті. О, қандай үйлесімді «үштік» десеңізші!» Өзі жайлы айтылған жақсы пікір, жағымды лебіз, әлбетте, кім-кімді де қанаттандыруы тиіс. Ал мені әсіресе, Баймаханбет ағаның ошақтың үш тағанына теңеген үшаралдық үш ақын қыз туралы сөзі терең ойға қалдырды. Жеке басымды алып қарасам, өзімнің ешқашан ойыма келмеген, түсіме кірмеген тұжырымға таң қалдым. Бұл салыстыру сәйкестік пе әлде кездейсоқтық па?! Қалай болғанда да тылсым байланысты осынша уақытқа дейін өзім қалай аңғармағанмын?! Үшарал – төменгі Талас өзенінің бойында орналасқан елді мекен. ХІХ ғасырдың орта тұсында өмір сүрген қайым айтыстың хас шебері Ұлбикенің ауылы. Күләш Ахметованың еш жерге айырбастамайтын Флоренциясы. Мен де осы жерұйықтан түлеп ұштым. Ұлбикенің мұраларымен есейген шағымда терең таныстым.
Ауданымда, облыс көлемінде оның есімін ұлықтатып, өңірлік, аймақтық, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға мұрындық болдым. Ол айтыстарға белсене қатысып, өзім де бірнеше рет «Ұлбике ақын атындағы айтыстардың» бас жүлдегері, жеңімпазы атанғанмын. Ал Күләш әпке туралы сәл ертерек құлақтандым. Оны менен гөрі алтыншы сыныпта жазылған күнделігімнің беттері тәптіштеп жақсы баяндай алады... «Сабақтан бөлек тағы бір ермегіміз – кітап оқу.
Мектебіміздің кітапханасы бар. Ондағы әдеби кітаптарды тауыссақ, совхоздың үлкен кітапханасына жүгіреміз. Мектеп табалдырығын аттағанда алғаш орыс сыныбына барғандықтан, бастауыш сыныптарда жүрген кезімде көбінесе орысша кітаптарды жаздыртып алып, оқитынмын. Бірінші сыныпта ауыл дүкенінен ең алғаш рет «Восстание в тюрьме» деп аталатын шағын кітапшаны сатып алып оқыдым. Кітап Феликс Эдмундович Дзержинский деген революционердің жауынгерлік жолы туралы. Сергей Орджоникидзе деген кісінің де есімімен осындай орысша әңгімелер арқылы таныспын. Ленин туралы болса да, болмаса да оқисыз. Ал қазір соңғы уақыттарда қазақша әдеби кітаптарды көбірек оқуға зейін қоя бастадым. Мұныма қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елеш ағайдың ықпалы көп болды. Елеш ағай сияқты менде қазақ ақынжазушыларының аттарын көбірек танығым келеді. Шығармаларымен кеңірек танысуды жөн көрдім. Кітапханалардан жаздыртып алған кітаптарымды әкелген-әкелгенімше оқып, көлемдеріне қарай, бір-ақ түнде, ары кетсе, екі-ақ күнде оқып тастаймын. Көркем шығармалардың тартымдылығы сондай, кей түндерді ұйықтамай өткізіп, таң атыруға баратын шақтарым да аз емес. Әңгіме, повесть, ептеп романдар оқып жүрген маған бір күні анашым бір ақыл айтты. Прозалық шығармалармен бірге поэзиялық шығармаларды да оқыған жөн дейді.
– Сен ақыры өлең жазып, тақпақ шығарумен әуестеніп жүрсің ғой. Ал ондай адам алдымен ақындардың да жазғандарын оқуы тиіс. Үйренеді. Тілі төселеді. Сөзі байиды. Ойланып қалдым. Мұнысы дұрыс екен. Кітапханада ақындардың да кітаптары көп. Абай Құнанбаев, Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев. «Күз», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Қыс» деген өлеңдерін әдебиет сабақтарынан өтіп, баяғыда-ақ жаттап алғанмын, ендеше, Абай атамның кітабын жаздыртып алайын деп ойладым. Бұл жерде де анам кішкене бағыт берді. Кішкене емес-ау, қиял көкжиегін кезіп кеткен санамды қырық бес, тоқсан градус қашықтықтың нүктесіне бұрып берді.
– Күләш Ахметова деген жас ақын бар. Осы біздің ауылдан шыққан қыз. Өлеңдері газет-журналға да жиі шығып жүр. Совхоздың дүкенінде кітабы бар болса мен саған сатып алып берейінші осы, – деді анам көңілденіп. Дүкенде жоқ екен. Бірақ анам сұрастырып жүріп, маған ақыры әлгі Күләш Ахметованың бір кітабын тауып әкеліп бергенде қуанғанымай. «Ақ гүлім менің» деп аталатын жыр кітабы. Алғашқы бетінде ақынның өзінің суреті де бар екен. Күлімдеп түскен. Әдемі бикештің әсем бейнесіне қарай бердім. Қарай бердім. «Біздің ауылдан шыққан». Осы біздің кіпкішкентай ауылдан шыққан. Біздің алақандай ауылдан шығып, сонааау Алматыда жүр. Өзі сонша қашықтықтағы шалғай Алматыда жүрсе де, шығарған өлеңдері біздің жаққа дейін жетіп жатыр. Жоқ. Мәскеудегі ақын-жазушылар мақұл. Оларды біз оқулықтарымыздан да оқып алып жатырмыз. Мұның бәрін өкіметтің өзі жайғап қойған. Оны түсінем. Менің түсінбейтінім – біздің құмда жатқан алыс ауылдың бір жапырақ қызының жүрегін жарып шыққан әйбат жырларымен асқақ Алматыны бағындыруы. Мә-әәә. Өлеңдері қандай көп. Бірінен бірі өтеді. Күләш Ахметова. Қандай керемет ақын, ә! Аты қандай әдемі. «Күләш Ахметова» деген атының өзі өзгеше сияқты. Демек, ақындардың есімі ерекшелеу болатын болғаны да. Күләш Ахметова, Абай Құнанбаев, Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов...». Қазақ сыныбына ауысып, қазақ әдебиетінің жауһарларымен ептеп таныса бастаған балдырған кезімде мен ақын Күләш есіміне осылай бауыр бастым. Ақын Күләш шығармаларымен осылай сусындай бастадым. «Ақ гүлім менің» – менің жастығымның астына қойып, жастанып жатып ұйықтайтын бойтұмарыма айналды.
«Шығысым батыс боп кетті» деп ұлы Абайдың айтқанындай, ақын қыздың одан кейінгі шыққан кітаптары да менің шағын кітап сөремнің ең көрнекті жерінен орын алатын құнды жәдігерге баланды. Кітаптың ішіндегі өлеңдердің бірталайы қайталап оқыған сайын өзінен-өзі жадымда сақталып қалатын. Ал мына «Шілтер» атты балладасы құдды бір мен туралы жазылғандай әсер ететін. Жаттап алған осы өлеңді басынан бастап дауыстап оқи берген сәттен-ақ әлі күнге дейін көзіме жас үйіріліп, өзегіме өксік тығылады.
Сен кеткен соң басталған-ды басқаша ән,
Жүгіреді жылдар шашып шашқа шаң.
Жырларымды көп адамдар тыңдаған,
Ана, сен ғой естімедің ешқашан.
Сен тоқыған шілтер мынау тозбаған,
Ал мен болсам, тозбайтұғын сөз бағам.
Heгe адамды сақтау қиын зат құрлы?!
– Дейді менің бота көңілім боздаған.
Ой тоқып ем, шілтер емес, шықты өлең,
Тоқи берем, ұқпасам да түк те мен.
Уақыттан сызат түскен сандықта,
Шілтер жатыр соңғы гүлі бітпеген...- деп келетін сегіз шумақ өлеңнің аяғына дейін жатқа оқып шыққанымша еңірегенде етегім жасқа толып, жылап қаламын. Жылап алудың пайдасы сол, өмірлік орны толмас құсаларымның кірі жуылып-шайылады. Толық жеңілдеп, тазарып қалам. Біздің буын келмеске кеткен кеңестік кезеңнің өнімі. Ол кезеңнің идеологиялық машинасының мықты жұмыс атқарғанын жоққа шығаруға болмас. Үлкенге ізет жасауды, кішіге құрмет көрсетуді жазылмаған заң деп білдік. Отанға адал болуды, Отаныңды жан-тәніңмен сүюді, оған ынта-шынтаңмен маңдай теріңді аямай қызмет етуді бұлжымас талап деп есептедік. Оқуда озат, еңбекте алда болуды мақсат еттік. Жыл сайын мерзімді басылымдарға жазылу қалыптасқан дағды, үйге поштамен келетін газет-журналдарды оқып отыру қалыпты жағдай. Ал кітаптан кітап қоймай, бір-бірімізбен жарыса оқып, біріміздегі жоқ кітапты келесімізден кезек күтіп, сұрап алып оқу мерейіңді үстем етіп, сондай бір ғажап көңілкүйге бөлейтін тамаша үрдіс еді.
Тағы бір астын сыза еске алатын жайт – алдыңғы аға буын өкілдерінің ел аузындағы ірі тұлғаларына ұқсауға тырысу – тәрбиенің ең негізгі түрі болды. Мектепте ұйымдастырылатын іс-шараларда болсын, тіл-әдебиет сабақтарынан жазылатын шығарма, мазмұндама, диктанттарда болсын, қозғалатын басты тақырыптың дені осыған саятын. «Кімді идеал тұтасың?!!» деген сауал біздердей жасөспірім жеткіншектерге жиі қойылатын таныс тіркес еді. Бірақ таптаурын сұрақ емес, алға ұмтылдыратын, жақсылыққа жетелейтін, ізгілікке бейімдейтін тәрбие құралы ретіндегі аспаптың бірегейі болатын. Күләш Ахметованы оқып, өлеңіне ғашық болғандар сол кісіге ұқсап «ақын болғысы келіп кетеді» деген сөзіме қайта оралайын. Менің ауылымнан шыққаны ғана емес, мен секілді қиын тағдырды басынан кешкені де мына маған қатты әсер етіп, Күләш ақынға ұқсағым келіп, еліктеп өстім. Күләш анасынан жастай жетім қалса, мені де тағдыр мектепке барып үлгермеген сәби шағымда әкем мен екі бірдей ағамнан айырып, қамкөңіл етті. Тағдырлы Күләш ақынмен арамызды жиырма жылға жуық жас ерекшелігі бөліп тұрса да, ойша өзіме ұқсатқанымның себебі осы болды.
Дұрысы өзімді оған ұқсатқым келді. Болашақта соған ұқсауға тырысудың алғашқы жобалары балалық санамда сызыла бастады. Ол «нобай» балауса шағымда бұла бойжеткеннің тәтті аңсарына ауысып үлгергенін кейін, тұрмысқа шыққанда бірақ сездім. «Күйеуге тимеймін. Күйеуге тисем де күйеуім Күләш Ахметованың күйеуі сияқты, өзімнің жанымды ұғатын, жан-дүниесімен жақын адам болуы тиіс» деген аяулы арманымды ерекше рақымды, аса мейірімді Тәңірімнің оп-оңай орындап беріп, бұйырта салғанына бүгінде тәубе етемін. Міне, өлеңі нұрлы, өнегесі сырлы ақын Күләш Ахметованың тұнған тұла-бойы бүкіл ғұмырымен кез келген адамға дап-дайын мотивация дегенім осы. Абыз Әбіш Кекілбаев: «Жыры күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей», – деп аса көркем бағалаған Күләш Ахметовамен соңғы жылдары жиірек жолығып, етене араласуымызға үлкен мүмкіндік туды. Ол кісі отбасымен бұрын құзар шыңдары көк тіреп мұнартқан Алатаудай алыс көрінетін Алматыдан бізге жақынырақ өлкеге көшіп келді.
Екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардың тұрғыны болғанына мен ғана емес, бүкіл жамбылдықтар қуанды деп ойлаймын. Кездескен сайын жылы рәуішпен қауышатын Күләш әпкемізбен біздің әулетімізді арамызда орнаған туыстық қарым-қатынас одан сайын жақындастырып жіберді. Менің әпкем Лорахан ол кісінің інісі Бақыт-Бердиярдың Құдай қосқан қосағы. Осы жерде бір қызықты әңгімені айта кетудің орайы келіп тұр. Үшаралдағы бауырлары Бақыт пен Лораның үйіне қыдырып келіп жатқан ерлі-зайыпты көрнекті ақындар Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметоваға айтыскер жұбайым Ербол Қамбатыров екеуміз амандаса бардық. Туған жердің төсінде кезігіп, төртеуміздің басымыз бірге қосылған, арқа-жарқа бір демалыс болды. Ауыл кеші. Жаз. Ыстық. Көлікпен көшеге шығып, қыдырыстап келген Ербол мен Қайырбек аға қалың жапырақты тал түбіндегі сәкіде салқын самалды көлеңкеде шай ішіп отырған Күләш әпкем екеуміздің қызу әңгіме-дүкеніміздің үстінен түскен. – Мазам болмай тұр ма, қалай? – деп шаршаңқы кейіп танытқан Қайрекеңе «суға бір түсіп алса, сергіп қалады ғой» деген оймен мына менің:
– Онда түсіп алмайсыз ба душқа? – деп тіл қатқаным сол-ақ екен,
Ербол – Ерекең іліп ала жөнелді: – Бір штук темекі берейін туысқа! Екеуміздің ұйқаса өріле кеткен сөзімізді лезде серпілген Қайырбек аға жалғастырып әкетті: – Соларыңды санап тұрмын дұрысқа! Салмақты күйде сабырмен сөздің соңын күтіп қалған Күләш әпке: – Темекі де, душ та сылтау бола алмас, Түсесіңдер ғой бәрібір сендер уысқа! – деп қайым айтысымызға леп белгімен нүкте қойды. Төрт қонақтың жарасымды қалжыңына куә болған ауылдастар ертеңіне осы төрт жол өлеңді күліп отырып тағы еске түсірді. Сөзбесөз айтылған бір ауыз шумақ ешқайсымыздың ойымызда жоқ болып шықты.
Үміт БИТЕНОВА
Ақын
Білім беру ісінің және Мәдениет саласының үздігі,
Талас ауданының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Тараз – қолөнердің жүрегі, мәдениеттің мәйегі
- Бүгін, 18:40
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




