«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көшпелі көрме аясында сүбелі сұхбат өрбіді

Көшпелі көрме аясында сүбелі сұхбат өрбіді
Автор
Ғылым қызметкерлерінің күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде әлеуметтік жұмыс басқармасы және «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы көшпелі көрме аясында сұхбат ұйымдастырды. Батырдың өмірі мен шығармашылығына арналған үш бөлімнен тұратын көшпелі көрмеде «Абайдың «Толық адам» ілімі және Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбиесі» тақырыбында сұхбат құрылды.

Көрмемен таныстырған «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев бірінші бөлімде сөрелерге рет-ретімен орналастырылған Бауыржан Момышұлының 32 томдық кітабын жеке-жеке әңгімеледі. Қалай дайындалғаны жөнінде толық мағлұмат беріп шықты. Көрменің екінші бөлімінде батырдың қолданған жеке заттары мен сыйға берілген қолтаңбасы қойылған кітаптарын және ақын Сырбай Мәуленовке жазған бір хатының түпнұсқасын көрсетіп, мазмұнын оқып берді. Үшінші бөлімде архив сөрелерінде сақталған қолжазбалардың көшірмелерімен, соның ішінде автобиографиялық «Наша семья» кітабының алғашқы қолжазба нұсқасына тоқталды.

– «Наша семья» кітабы 1956 жылы орысша жазылды. Оны кейін «Ұшқан ұя» деп атап, жазушы Тұтқабай Иманбековтің аударуымен Бауыржан Момышұлы өзі тікелей қатысып толықтырып, қазақшалап кітап шығарады. Сол кітабына бәйге алып, лауреат атанды. Оны жазуына «Қай ұяда болды екен, қай ұядан ұшқан екен?» деген сауалдың тууы себеп болған. Өзінің аспаннан түспегенін, ата-әжесі, әке-шешесі, балалық шағы да болғанын, ата-анасы, ауылы бойына патриоттық сезім ұялатып тәрбиелегенін, соның арқасында ел қорғаған батыр болып танылғанын білсін деген мақсаттан туған. Сонда қандай мектептен өткенін, кімнен қандай ұстаздық тәрбие алғанын сол «Наша семьядан» бастаған, – деген Әлімбай Аманбайұлы қызықты әңгімеледі.

Көрмедегі сұхбатқа қатысушылар тарапынан «Бауыржан Момышұлы кітаптарын орысша жазып, соңынан оны басқа жазушылар қазақшалаған ба? Тек орысша ғана жазатын болған ба?» деген сұрақ қойылды.

– Бауыржан аталарың қазақша және орысша еркін меңгеріп, кітапты екі тілде өте сауатты жазған документалист жазушы. Баукеңнің көп кітабы орысша жазылды. Оның да белгілі бір жұмбақ себептері бар. Ал «Куба әсерлері» деген кітабын қазақша жазған. Тіпті оны орыс тіліне өзі де, өзгелер де аудармаған. Осының да сырын көп жағдайда аңғара бермейміз, – деді Әлімбай Аманбайұлы.

– Бауыржан атамыз мына кітаптың ішіне арабша жазып, қолтаңбасын қойған екен. Не деп жазған? – деген сұраққа көрмені таныстырушы ғалым былайша түсіндірді.

– Баукең төте жазумен арабшалап: «Қарап жүрмейтін ойшыл інім Мекемтасқа» деп жазған. Мекемтас Мырзахметұлы Бауыржан аталарыңның қолында тұрып, аспирантураға түскен. Абай туралы зерттеп, тақырыбын қорғап, кейін елге танымал үлкен ғалым болған адам. Абайдың «Толық адам» ілімін алғаш ашып, оны жүйелеп, ғылыми айналымға түсірген ойшыл ғалым, – деді сұраққа жауап берген ғалым.

Іс-шара конференцзалда пікір алмасусұхбатпен жалғасты. Басқосуда ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының руханиадамгершілік ілімін және қазақтың даңқты қолбасшысы Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбиеге қатысты көзқарастарын кеңінен насихаттау, жастардың руханитанымдық дүниесін дамыту мақсат етілді. Модератор әрі әлеуметтік жұмыс басқармасының маманы Ербол Мамедалиев сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тарихи тұлғалардың мұрасын қазіргі ұрпаққа түсінікті түрде жеткізу – қоғам дамуының маңызды бағыты екенін жеткізді.

Басқосу барысында бірқатар ғалымдар мен сала мамандары сөз алып, тақырыптың өзектілігіне тоқталды. Атап айтқанда, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Темірбай Мұқашев Абайдың «Толық адам» концепциясының философиялық және тәрбиелік мәнін жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, бұл ілім – адам бойындағы ақыл, қайрат және жүрек үйлесімділігін қалыптастыруға бағытталған терең гуманистік жүйе. Ал «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаев та Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту туралы мәселе көтеріп, оны іске асырғандығы жайлы құнды мағлұматтарымен бөлісті. Ол өз сөзінде: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «...Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының, негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін» деп жазған болатын. Демек, Абайдың «Толық адам» ілімінен тәжірибесі мол ғалымдар мен оқыту медотикасы бай, абайтанудан тәжірибесі бар ұстаздардың бәрі де бас қосып, осы іске жұмыла кірісуі керек екенін түсіндік.

– Біз абайтанушы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен 2017 жылдан бастап Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту туралы үйірме жұмысын ашып, оқытуды сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде бастап жібердік. Өзге оқу орындарында қолға алынбаған үйірме сабағын ашып, оны оқытудың бағдарламасын жасап, тек толық адам болу туралы, Абайдың ойтұжырымдарын үйрете бастадық. Соның нәтижесінде біздің төрт студентіміз Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырған «XXI ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» атты педагогикалық мамандықтар студенттеріне арналған республикалық педагогикалық олимпиадасында бас жүлдені иеленіп, кубокты Таразға алып келген еді. Сөйтіп, 2017-2020 жылдары сегіз студент арнайы курстан толық өтіп, дипломдарына қосымша «Абайтанушы. Толық адам ілімін насихаттаушы» деген арнайы білімі бар сертификаттар алды. Олар Абайдың «Толық адам» ілімінен сабақ беретін әзірлігі бар дайын мамандар болып шықты. Біздің «Толық адам» ілімін оқыту жағынан аз да болса тәжірибеміз бар болғандықтан 2020-2021 оқу жылынан бастап, оқу бағдарламасына «Толық адам» ілімін қосымша мамандық ретінде оқытуды қолға алмақшы болғанбыз. Бірақ педогогикалық университеттің жабылып қалуына байланысты ол ісіміз аяқсыз қалды, – деді ол.

Әлімбай Аманбайұлы Бауыржан Момышұлының ұлттық тәрбие жөніндегі ой-пікірлеріне де тоқталып, оны Абайдың «Толық адам» ілімімен байланыстырып, батырдың елдік рух пен отансүйгіштік тәрбиені қалыптастырудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол Бауыржан Момышұлының мұрасы бүгінгі жас ұрпақ үшін патриоттық тәрбиенің берік негізі екенін жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтардың қоғамдағы орны туралы пікір білдіріп, рухани сабақтастықтың маңыздылығына назар аударды. Басқосу соңында қатысушылар арасында Абайдың философиялық көзқарастары, «Толық адам» ілімінің қазіргі қоғамдағы қолданылу аясы, Бауыржан Момышұлының тәрбиелік ұстанымдары жөнінде мазмұнды пікір алмасу өтті. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тақырып бойынша жанжақты талқылау жүргізді. Студенттер тарапынан қойылған «1990 жылдарда ата-аналарыңыз тәрбие берумен қатар діни тәрбие, діни білім берді ме?» деген сұраққа мазмұнды жауап қайтарылды.

– Ол уақытта дінге қатысты ақпаратты көп адам айта бермейтін. Өйткені қоғамда дін туралы құндылықтарға адамдардың сауаты жете бермейтін. Қоғамдағы атеистік көзқарас адамның діннен алыс болуына да қатты ықпал етті. Алайда, ата-ана, атаәже өз баласына бірінші кезекте адамның тұлғалық қасиетті қалыптастыру үшін әуелі ұлттық тәрбиеге көп мән беріп отырған. Ұлттық тәрбиені берумен қатар, «ұят болады, обал болады, жаман болады» деген үш таған ұғымдармен астарлы түрде ұлттық тәрбиені діни тәрбиемен сабақтастыра жеткізген. Міне, осы жерде дін мен дәстүрдің сабақтастығын көре аламыз, – деді әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев.

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар