«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт болашағы – тәрбиелі ұрпақ

Ұлт болашағы – тәрбиелі ұрпақ
Автор
Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесіне қарасты №4 кітапхананың ұйымдастыруымен «Ұлт болам десең – ұрпағыңды түзе» атты мазмұнды әрі тағылымы мол танымдық кездесу өтті.

Жиынның мақсаты – өскелең ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отбасының қоғамдағы рөлін арттыру мәселелерін кеңінен талқылау болды. Кездесуге қоғамда өзіндік орны бар білікті мамандар мен тәжірибелі аналар қатысты. Атап айтқанда, ғалым, ұстаз, еңбек ардагері, Тараз қалалық «Аналар алқасының» төрайымы Жанат Сарыбекова, дәстүрлі әнші, композитор Айгүл Мақашева, еңбек ардагерлері Нұржамал Пралиева мен Ханымкүл Бесінбай, сондай-ақ кітапхана жанындағы «Аналар кеңесі – ұлағат мектебі» клубының мүшелері бас қосып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Жиын барысында ұлт болашағы – саналы да тәрбиелі ұрпақ екені ерекше атап өтілді. Қонақтар өз сөздерінде бүгінгі жас буынға сапалы білім мен саналы тәрбие беру – барша қоғамның ортақ міндеті екенін жеткізді. Әсіресе ата-ана мен қоғамның бірлескен еңбегі ғана нәтижелі тәрбиеге жол ашатынына баса мән берілді. Сонымен қатар ұлттық рухты асқақтату, салт-дәстүрді жаңғырту және адамгершілік құндылықтарды сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.

Іс-шара аясында №3 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі Айгерім Баймұханова «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыбында тәрбиелік мәні зор көрініс ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ал облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы үйірмесінің шәкірттері Әсел Мұратқызы, Мирас Жамалбек және Қанат Джасаров ана тақырыбындағы жүрекке жылы өлеңдерін оқып, кештің әсерін арттыра түсті. Сондай-ақ «Сіздің бала тәрбиелеу стиліңіз?» тақырыбында ашық форматтағы сұрақ-жауап ұйымдастырылып, клуб мүшелері өз тәжірибелерімен бөлісті. Аналар бала тәрбиесіндегі ұстанымдары мен әдіс-тәсілдері жөнінде пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісуге мүмкіндік алды.

Белсенді диалог алаңына айналған бұл бөлім қатысушылардың қызығушылығын арттыра түскені жасырын емес. Іс-шара соңында кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған «Тәрбие түбі – ұлттық болмыс» атты кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылып, әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды. Бұл көрме қатысушыларға ұлттық тәрбиенің терең тамырына үңілуге, рухани құндылықтарды қайта зерделеуге жол ашты. Осындай мазмұнды кездесулер – ұлттың болашағын қалыптастыратын жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қоғамдағы тәрбиенің маңызын арттыра түсетін маңызды бастамалардың бірі екені анық.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар