Қазіргі таңда тотықұстарға деген сұраныс тек Тараз қаласында ғана емес, Шымкент пен Алматы қалаларында да жоғары екен. Әлеуметтік желілер арқылы да тапсырыс берушілер саны артып келеді. Бағасы құстың түріне байланысты әртүрлі. Қарапайым түрлері 4 мың теңгеден басталса, сирек кездесетіндері 60 мың теңгеге дейін жетеді. Көбіне сұраныс қалада, көпқабатты үйлерде тұратын адамдардан түседі екен. Нұржан бұл кәсіпті бастау үшін мемлекеттен 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз жобасын сәтті қорғап шыққан. Айтуынша, бұл қаражат бастапқы кезеңде үлкен көмек болған. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынып, құстардың алғашқы партиясы әкелінген.
– Бұл іске бала кезден қызығушылығым ерекше болды. Себебі әкем де құс өсірумен айналысқан еді. Кішкентай кезімнен бастап олардың қалай өмір сүретінін, қалай қоректенетінін, мінездерінің қаншалықты әртүрлі болатынын бақылап өстім. Сол кезде-ақ болашақта осы бағытта өз кәсібімді бастасам деген ой қалыптасты. Уақыт өте келе қызығушылығым нақты іске ұласып, алғашында небәрі 15 құспен бастасам, бүгінгі күні олардың саны 200-ден асты. Тіпті нақты санын айта алмаймын. Өйткені санап шығу мүмкін емес, – дейді ол.
Бүгінгі күні оның құсханасында корелла, амадина, розелла, пенант секілді тропикалық құстардың 10-ға жуық түрі бар. Әр құстың күтімі мен өсіп жетілу ерекшелігі әртүрлі. Мәселен, ұсақ құстар жұмыртқадан 12 күнде шығып, 45 күн ішінде жетілсе, ірі түрлері баяу өседі екен. Бірақ өмір сүру ұзақтығында белгілі бір айырмашылық бар. Негізі тотықұстар 15-25 жыл өмір сүрсе, кейбір ірі түрлері 100 жылға дейін тіршілік ете алады.
– Құстың бабын білмеген адамға жеңіл кәсіп түрі болып көрінуі әбден мүмкін. Шын мәнінде, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Олардың тамақтануы, суының тазалығы, отырған орнының жайлылығы – бәрі-бәрі маңызды. Егер осы талаптардың бірі сақталмаса, құстардың денсаулығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан күнделікті таңертең және кешке құсхананы толық қарап шығып, әрқайсысының жағдайын бақылап отырамын. Жемдерін уақытында беріп, суын ауыстырып, тазалықты қатаң қадағалаймын. Кейде бір құстың мінезі өзгерсе де бірден байқап, себебін анықтауға тырысамын. Өйткені олар тілсіз болғанымен, өз жағдайын мінезі арқылы білдіреді, – дейді Нұржан.
Құстардың негізгі азығы – сұлы, бидай, жүгері және арнайы дәруменге бай жемдер. Сонымен қатар қызыл және сары тары, қара шемішке де рационға қосылады. Бір құсқа тәулігіне шамамен бір ас қасық жем жеткілікті.
– Құстарды көбейту кезінде, ең бастысы, олардың денсаулығын сақтауды назарда ұстаған жөн. Кейбір адамдар мүмкіндігінше көп балапан алу үшін үш рет жұмыртқа басқызып жатады. Бірақ ондай тәсілді құптамаймын. Себебі құстарға ауыр тиеді. Сондықтан жылына екі рет қана жұмыртқа басқызамын. Әр балапан біз үшін маңызды, оларды асығыс емес, сапалы түрде өсірген дұрыс деп есептеймін. Кейде аз болса да сапалы, дені сау құстар өсірген әлдеқайда тиімді. Өз тәжірибемде байқағаным, егер тотықұсты кішкентай кезінен бастап қолға үйретсең, ол адамнан қорықпайды, керісінше, иесіне бауыр басып кетеді. Тіпті кейбіреулері еркін ұшып барып, қайтадан иесінің иығына қонып жатады. Ол үшін құспен тұрақты түрде жұмыс істеу керек. Мысалы, мен көбіне жем бергенде бір киіммен кіруге тырысамын. Сонда құстар танып үйренеді. Ал әртүрлі киіммен кірсең, шошып, мазасызданып, арыбері пырылдап ұшып жатады, – дейді Нұржан.
Тотықұстардың мінезі де әртүрлі. Мәселен, бұйра тотықұс шулы әрі белсенді болса, корелла сабырлы келеді. Құстарды жеке де, жұбымен де, шағын топпен де асырауға болады. Дегенмен ірі құстардың ұсақтарына зиян келтіруі мүмкін екенін ескерген жөн. Кәсіпкердің айтуынша, құстардың ішінде амадиналар ерекше сұранысқа ие екен. Олар – тропикалық аймақтарда мекендейтін, шағын әрі әдемі декоративті құстар. Амадиналар – кішкентай, бірақ өте әдемі әрі күтімге ыңғайлы құстардың бірі. Олардың түрлі-түсті қауырсындары мен нәзік дауысы көп адамның көңілінен шығады әрі олар тез үйренеді. Сондықтан үй жағдайында ұстауға өте қолайлы көрінеді. Сондай-ақ Нұржанның сөзінше, ірі тотықұстардың ішінде ара мен какаду секілді түрлері өте ақылды әрі сезімтал келеді, алайда олардың бағасы жоғары болғандықтан әзірге мұндай құстарды өсіру жоспарында жоқ. Дегенмен кәсіпкер биыл 50-60 тотықұсты саудалаған.
– Болашақта кәсібімді кеңейтіп, сирек кездесетін, ірі тотықұс түрлерін де әкелгім келеді. Бірақ оған белгілі бір тәжірибе мен қаржылық мүмкіндік қажет. Олардың күтімі де күрделі. Сондықтан қазіргі таңда бар құстарымды сапалы көбейтіп, осы бағытты толық меңгеріп алғанды жөн көріп отырмын. Тәжірибе жинақтап, кейін үлкен жобаларға көшемін деген жоспар бар, – дейді Нұржан.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




