«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биыл көктемгі егіс жұмыстары кеш басталды

Биыл көктемгі егіс жұмыстары кеш басталды
Автор
Биылғы егін шаруашылығында қандай жаңалықтар болмақ, диқандар жұмысын бастады ма, оларға қандай қолдау көрсетіледі? Бұл сұрақтарды облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына жолдадық.

Басқарма басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың берген мәліметінше, биылғы егіс алқаптарының жалпы көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, 665,4 мың гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 378,3 мың гектар, майлы дақылдар – 44,3 мың гектар, қант қызылшасы – 8,5 мың гектар, картоп – 8,8 мың гектар, көкөністер – 28,9 мың гектар, бақша дақылдары – 9,7 мың гектар, мал азығы дақылдары 186,7 мың гектарға егіледі.

– 2026 жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыст ағы 71 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты суды қажет ететін көкөніс дақылдары 2,1 мың гектарға қысқарып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдарының алаңы 3 мың гектарға қысқартылып, жалпы алаңы 9,7 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Облыстағы каналдардың суару алаңы 24,9 мың гектарды құрайды, жалпы ұзындығы 421,4 шақырым. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданында 17 канал, жалпы ұзындығы 69,8 километр, Меркі ауданында 1 канал, ұзындығы 9,3 километр, Сарысу ауданында 10 канал, ұзындығы 62,1 километр, Талас ауданында 1 канал, ұзындығы 4,8 километр, Шу ауданында 42 канал, жалпы ұзындығы 275,5 километр. Дегенмен биылғы жылы басымдық өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге берілетін болады. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде жиналатын өнім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артуы күтілуде. Биыл қант қызылшасы 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарға орналасатын болады. Нәтижесінде 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда. 2026 жылдың көктемгі дала жұмыстарына қажетті 59,6 мың тонна тұқым көлемі 100 пайыз құйылды. Қосымша 25,7 мың тонна 145,1 мың гектар алқапқа егілген күздік бидайға себілді. Себілетін тұқымдардың 280 тоннасы элита, 4,2 мың тоннасы – 1-репродукция, 27,2 мың тоннасы – 2-репродукция, 26,5 мың тоннасы – 3-репродукция және 940 тоннасы бірінші ұрпақты будандарды құрайды, – дейді Әбдірәсіл Серікұлы.

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны қалыптастырылған. Көктемгі дала жұмыстары үшін 18,2 мың тонна болса, күзгі дала жұмыстарына 9,2 мың тоннасы арналған.

– Көктемгі дала жұмыстарына Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлінген көлемді өңірге жеткізіп шаруаларға тарататын 8 өңірлік таратушы оператор айқындалды. Олар – Байзақ ауданы бойынша «Тараз VIP сервис» ЖШС, Жамбыл ауданы және Тараз қаласына «SAMOIL» ЖШС, Жуалы ауданына «Ақ қайың» ЖШС, Қордай және Мойынқұм аудандарына «КазснабГрупп» ЖШС, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарына «WeDo Energy» ЖШС, Сарысу ауданына «Сарыпбекова Мария Кумисбековна» жеке кәсіпкерлігі, Талас ауданына «ТАҢ» ЖШС, Шу ауданына «Шу мұнай өнімдері» ЖШС таратады. Ағымдағы жылы шаруалар үшін босату бағасы 1 литрі 281 теңге болып бекітілді. Өткен жылы тарату бағасы дизель отынының 1 литрі 254 теңгені құраған еді. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шекті баға нарықтағыдан 15 пайызға төмен, нарықтық баға 330-335 теңге екенін де айта кетейін. Мұнай өңдеуші зауыттар мен өңірлік операторлар арасындағы келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізіліп, 5,5 мың тонна дизель отынына қаражат төленді. Бүгінгі таңда бөлінген көлемнің 3,2 мың тоннасы облысымызға жеткізіліп, 1,9 мың тоннасы облыс агроқұрылымдарына таратылды, – дейді басқарма басшысы Ә. Желеубаев.

Минералды тыңайтқыштарды ендіру де назарда

Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру жұмыстары да қатаң бақылауда. Ағымдағы жылы 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Биыл минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына 2,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл органикалық тыңайтқыштарды қоспағандағы бөлінген қаражат. Аталған қаражаттың 664,7 миллион теңгесі 2025 жылдан күту парағына түскен өтінімдерге төленіпті. Қалған 1,8 миллиард теңге көктемгі дала жұмыстары барысында, шаруалар үшін тыңайтқыштар алу механизмі ретінде қолайлы аванстық төлемдер түрінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылатын болады.

– Бүгінгі күнге 1,5 миллиард теңге «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылды. «ҚазАзот» кәсіпорнына 9,2 мың тоннаға 897,5 миллион теңге, ал «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 4 мың тонна үшін 609,3 миллион теңге аударылған. Сәуір айына тағы 327,2 миллион теңге қаражат аванстық төлемдерге «ҚазАзот» кәсіпорнына аударылады. Есептік кезең бойынша 21,9 мың тонна минералды тыңайтқыштарға шаруалар тарапынан келісімшартқа отырды. Оның 14,1 мың тоннасы жөнелтіліп, 64,4 мың гектар алқапқа ендірілді. Осы жұмыстардың арқасында көктемгі дала жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды уақытында алу қамтамасыз етіліп, егіс науқанының тиімді және дұрыс өтуіне мүмкіндік беріледі. Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылады. Атап айтсақ, 5447 трактор, 1032 соқа, 562 қопсытқыш, 645 дәнсепкіш, 79 тұқым дәрілегіш және 2920 басқа да техника бар. Техника паркін жаңарту мақсатында биылғы жылы өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының жаңару жоспарын 8 пайызға жеткізу көзделуде, бұл 476 бірлік. Бүгінгі күні жаңа 62 өздігінен жүретін техника сатып алынып, ауыл шаруашылығы техникасының жаңару көрсеткіші 1 пайызға орындалды. Оның ішінде екеуі комбайн, 60-ы трактор, – деді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков шаруаның ілгерілеуіне жасалып жатқан жұмыстар туралы.

Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала2» бағдарлама лары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылмақшы. 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер 2025 жылдың қараша айынан бастап қабылданған. Бүгінде 200 шаруадан 6,3 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 177 шаруаға 5,1 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен берілген. 2025 жылы барлығы 209 шаруаға «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 4,9 миллиард теңге несие берілген екен.

Сумен қамтуда қиындықтар болуы мүмкін

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлімдеуінше, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталған. Бүгінгі күнге көктемгі жер жырту жұмыстары 106,1 мың алқапқа жүргізіліпті. Жоспар 165,5 мың гектар болған, яғни 64,1 пайызы орындалған. Сонымен қатар дақыл себуге 154 мың гектар жер дайындалған. Негізі 365,7 мың гектарға дақыл себу жоспарланған, қазіргі уақытта 42,1 пайызы орындалып отыр. 110,6 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастырылыпты. Жоспар 365,7 мың гектар деп көзделген екен, 30,3 пайызы қазіргі уақытта жүзеге асырылған. Нақтырақ айтқанда, 94,2 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақыл, яғни арпа, 8,5 мың гектарға көпжылдық шөп, 6,2 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары, 96 гекар алқапқа бақша дақылдары, 951 гектар алқапқа картоп және 395 гектарға қант қызылшасы себілген.

– Соңғы жылдары су тапшылығы күшейгендіктен, қолда бар суды тиімді пайдалану аса маңызды болып отыр. 2026 жылға арналған жоспар су қоймаларында жиналатын су көлеміне қарай қосымша қайта қаралатын болады. Анығырақ айтсақ, Байзақ, Жамбыл және Талас аудандары Талас өзені, ал Қордай ауданы Шу өзені арқылы суландырылады. Аталған екі өзен де Қырғызстандағы су қоймаларынан жіберілетін су көлеміне байланысты. Сондықтан Қырғыз еліндегі су қоймасындағы судың жинақталуы және келісімге сәйкес берілуі барлық аталған аудандардың сумен қамтамасыз етілуіне тікелей әсер етеді. Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары ендірілген алқап көлемін жылдан жылға ұлғайту бойынша жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда. 2025 жылы шаруалар тарапынан 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жалпы көрсеткіш 66,5 мың гектар алқапқа жеткізілді. Оның ішінде 44,6 мың гектар тамшылатып суғарумен, 19,3 мың гектар жаңбырлатып суғарумен, 2,6 мың гектар лазерлік жоспарлаушымен қамтамасыз етілді. Су үнемдейтін суару технологияларын енгізу мақсатында 50 пайыз көлемінде субсидия қарастырылған. Биыл ат а лған бағытқа 11,7 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 2024- 2025 жылдардан қалған берешектер өтеліп, қалған қаражатпен жаңадан 10 мың гектардан астам алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы көрсеткішті 76,6 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ағын су тапшылығын азайту мақсатында 11 мың гектар алқап ұңғыма арқылы суландырылуда және одан әрі аталған бағытта жұмыстар жалғасатын болады. Сонымен қатар 2027 жылы бөлінетін 11,6 миллиард теңге қаражат есебінен 27 мың гектарға, ал 2028 жылы бөлінетін 14,3 миллиард теңге қаражат есебінен 33 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, үш жыл ішінде су үнемдеу технологияларын 137 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде жыл сайын 234 миллион текшеметр су үнемделетін болады. Әрине, жерүсті сумен қамтуда біршама қиындықтар болуы мүмкін. Осыған байланысты, Талас, Шу және Байзақ аудандарында жерасты суын пайдалану арқылы 43,2 мың гектар алқапта пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев.

Өңірдің суармалы егіс алқаптарына орналастырылатын ауыл шаруашылығы дақылдары трансшекаралық су көздеріне тәуелді екенін де ұмытпайық. Осыған байланысты жерасты су қорының әлеуетін пайдалану ерекше назарға алынған. Тәулігіне 4,4 миллион текшеметр, яғни вегетациялық кезеңде 528 миллион текшеметр су жаңа су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы пайдаланылмақшы. Нәтижесінде трансшекаралық су көздеріне тәуелділік 43 пайызға азаяды, жалпы тұтыну көлемі – 1,2 миллион текшеметр. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету қатаң бақылауға алынған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар