«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таластың тағылымды Битамасы еді

Таластың тағылымды Битамасы еді
Автор
Тектілік пен асыл қасиеттер құнарлы топырақтан да жұқса керек. Жері дархан, елі көркем Талас ауданынан да талай таланттар шығып, есімдері елге кеңінен тараған. Бұл өңір әсіресе ақын-жазушыларға бай. «Шудан шыққан әкім көп, Таластан шыққан ақын көп» деген қанатты сөздің айтылуы да бекер емес. Әрине, шығармашылық адамдардың әрбірінің өз орны бар. Оларды көбейіп кетті, мықтылары мыналар ғана деп бөліп қарауға болмайды. Сондай ауданға құрметті болған есімі елеулі азаматтың бірі – Битама Мырзамбетұлы еді.

Біз қолымызға қалам ұстап, жазу-сызуға араласқан кезіміз Битама ақсақалдың жетпістің ауылына жеткен мезгілі еді. Сондықтан, ол кісімен жиі араласып, сырластым деп айта алмаймын. Бірақ, жасаған еңбегін, жазған шығармашылығын баспасөздерден оқып, ағалап жүрдік, бағалап жүрдік. Ол кісі облыстық жастар газетінде қызмет етіп жүргенімде редакцияға көп келетін. Өлеңдерін ұсынатын. Ол өлеңдері облыс көлеміне тарайтын газетке топтама болып шығып жататын. Талас ауданы десе, Рафаэль, Нарша, Серік, Шорабек, Болат, Көсемәлі ағалармен қатар осы Битама ағайдың да есімі аталатын. Сондықтан, ол кісіні Талас топырағында құрметтейтіндер өте көп. Енді елге құрметті болған қарияның қысқаша өмір жолына тоқталсақ.

Битама Мырзамбетұлы 1936 жылы Талас ауданы жеріндегі Елібай жотасының баурайында, Бөлтірік ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді. Мамандығы – қаржыгер-экономист. Битама аға бүкіл еңбек жолында Талас ауданы мен Қаратау қаласында өз мамандығы бойынша әр түрлі жауапты қызметтер атқарып, 1996 жылы зейнеттік демалысқа шыққан. Талас ауданының Құрметті азаматы. Жалындаған жас кезінен жыр жазуға әуестенген. Содан бергі уақытта ағаның өлеңдері мерзімді баспасөз беттерінде үзбей жарияланып келген. Ақынның бір топ өлеңдері 1999 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан облыс ақын-жазушыларының шығармалар жинағына еніпті.

2001 жылы «Сенім» баспасынан «Жыр-Ғұмыр» атты өлеңдер жинағы жарық көрді. 2002 жылы «Арман-ай» повесі оқырмандар қолына тиіп, прозаға да икемділігін көрсетті. «Ақыл қазы – ар таразы», «Ой – тоғыс», «Өмір өрнектері», «Ғұмыр дария», «Бір атаның балалары» кітаптарының авторы. «Таулар алыстаған сайын биіктейді» дегендей, Битама атамыздың жазған жырлары уақыт өткен сайын жаңаша мазмұнға ие болып, бағаланып жатыр.

«Өлеңге әркімніңақ бар таласы» деп Абай хакім айтқандай, Битама атамыз жазған жырлар өзінше қадірлі, өз оқырмандарын тапқан асыл дүниелер. Мәселен, «Адамдықтың өлшемі» атты өлеңінде: «Пайдасы үшін жарға жығар жақынын, Обал-ау, деп аямайды ол сені» деп толғанады. Бұл өлең осыдан кемі 30 жыл бұрын жазылса да өміршеңдігі сақталған. Бір туған бауырлар араздасып, таласып жатқан қазіргі уақыттың шындығы да осы. Қоғамның бүгінгі ақиқатына ақын атамыз ертерек алаңдап, өзінің жан толғанысын ақ қағазға түсірген екен.

Неге бұлай, біз неге осындаймыз?

Бұл сұраққа тағы да тосылмаймыз.

«Бізде оған жететін жан жоқ дейміз»

Басыбайлы мінезді жасырмаймыз, – деп «Біз қашан түзелеміз?» атты өлеңінде айналаға қанатын жайып тұрған жағымпаздық, әсіремақтан, жалған мақтау секілді жаман қасиеттердің алдын алғысы келеді. Осы жырларынан оң нәтиже шыққан да болар. Талай азамат Битама атаның осынау өлеңдерін оқып, жамандықтан жиренген де шығар. Бұл – ақын ақсақалдың руханият әлеміндегі жеңісі. Ақын жайлы жақсы лебіз айтатындар аз емес. Елімізге белгілі дәстүрлі және эстрада әншісі, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашева: «Мен Битама Мырзамбетұлы атаммен мақтанамын. Ол кісі – менің атам. Жас күнімізден атамыздың ауылында жүріп, тәрбиесі мен тағылымын алдық. Халыққа сіңірген қызметімен қоса, шығармашылық жағынан да елге қосқан үлесі үлкен деп білемін. Битама ақын атамыздың есімі құрметтеліп, шығармашылығы назарға алынып жатқанына қуанамын», – дейді ол.

Қаламгердің «Арман-ай» повесі де жоғары талғаммен, үлкен жауапкершілікпен жазылған. Бұл шығарманы да қаламгер атамыздың ұзақ уақыт ішіндегі мол ізденісінің жемісі, қалың оқырманға беріп кеткен мазмұнды еңбегі деп бағалаймыз. Битама Мырзамбетұлының жазған өлеңдеріне бірнеше ән шықты. Ол әндер үлкен сахналарда орындалып жүр. Ол кісінің аудан көлемінде атқарған жауапты жұмыстары өз алдына бір бөлек тақырып. Битама ақынның өлеңдері, әңгімелері алдағы уақытта да оқырманнан өз бағасын ала береді деп ойлаймын. Қаламгердің шығармалары өміршең дүниелер қатарында екенін де дауымыз жоқ. Ол кісінің есімі Талас ауданында үлкен құрметпен аталады.

 Битама Мырзамбетұлының 90 жылдығын атап өту – руханият пен өнерге деген жоғары құрмет деп білемін. Адалдықтың ақ туын ұстап өткен азаматтың өмірі – жас ұрпаққа үлгі.

 

Есет ДОСАЛЫ

ақын

Мәдениет саласының үздігі

 

 

Ұқсас жаңалықтар