Аталған жоба партияның «Айша бибі» өңірлік бастамасы аясында жүзеге асырылып, әйелдердің басқарушылық қабілеттерін дамытуға, көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге және оларды шешім қабылдау деңгейіне тартуға бағытталды. Сонымен қатар бастама жергілікті және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті әйел кадрлар пулын қалыптастыруға, қоғамдағы гендерлік теңгерімді нығайтуға ықпал етті. Іс-шараға партия жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктелген 100-ге жуық қатысушы, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шара барысында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің оқыту бағдарламасы таныстырылып, жоба аясында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Бүгін осы сахнада тұрып, ерекше толқып тұрмын. Себебі бұл мен үшін жаңа бір бастаманың, жаңа бір мүмкіндіктің есігі. Мен – Байзақ ауданы, Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманымын. Осы салада 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп келемін. Ең бастысы, мен көпбалалы анамын. Күнделікті өмірде біз, әйелдер, бірнеше рөлді қатар алып жүреміз: қызметкерміз, анамыз, жармыз, келінбіз. Кейде бәріне үлгеру қиын сияқты көрінеді. Бірақ дәл осы жауапкершілік бізді шыңдайды, бізді мықты етеді. Халық «Қыз – қонақ, әйел – ұйытқы» дейді. Біздің аналарымыз тек отбасын ғана емес, тұтас елдің бірлігін сақтаған. Бүгінгі күні сол аманатты жалғастыру – біздің міндетіміз. Бірақ заман өзгерді. Қазіргі әйел тек мейірімді ғана емес, білімді, батыл, шешім қабылдай алатын тұлға болуы керек. Сондықтан бұл – мен үшін жаңа білім, жаңа орта, жаңа сенім. Бұл жерде мен өзімді жаңа қырымнан танысам деймін. Өз қабілетімді дамытып, тәжірибемді арттырғым келеді, – дейді қатарға жаңадан қосылған Қарлығаш Исақова.
Бағдарламада көшбасшылықтың теориялық негіздері, жеке даму, коммуникация, шешім қабылдау және қоғамдық белсенділік бағыттары қамтылды. Іс-шара аясында көшбасшылық мектебінің алғашқы оқу модулі бастау алып, қатысушылар көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған теориялық және практикалық тапсырмалар орындады.
«Айша бибі» көшбасшылық мектебі әйелдердің әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң атанады деп сенеміз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




