Шорабек Айдаровтың тұңғыш кітабы жарық көрді
Салтанатты құттықтауды жалғастырған «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев ұлт өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан ақынға жүрекжарды лебізін білдіріп, кәсіподақ төрағасы Светлана Иманқұлованың атынан «Еңбек даңқы» медалін және құттықтау хатын табыс етті. Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұрдос Сембек қала әкімі Бақытжан Орынбековтың құттықтау хатын оқып, табыстады. Құттықтау хатта ақын шығармашылығына жоғары баға беріліп, «Жарық сәуе» жинағы оқырманның рухани әлемін байытатын құнды еңбек екені атап жазылған. Жаңа кітаптың авторы Шорабек Бәтейұлы еліне ризашылығын жеткізіп, жинақтың «Жарық сәуе» деп аталу себебіне тоқталып, сөз сөйледі.
– Халқымыздың өрнекті сөзіне деген құштарлығым бала кезден басталды, 13 жасымнан бастап өлең жазуға бет бұрдым. «Жарық сәуе» – менің тұңғыш жыр жинағым, бұған дейін кітабым шықпаған. Өйткені 70 жасқа дейін кітап шығаруға аса құлқым болмай келді. Шынымды айтсам, үзеңгілес, замандас, дос болған ақындар менен бір бас жоғары болған екен. Мысалы, Серік Томанов екеуміз дос болдық. Екеуміз бәсекелес болдық, бірақ бақталас болған жоқпыз. Қайта бір-бірімізге қайрат беріп, шығармашылық жолымызда бір-бірімізге септігімізді тигіздік. Сол сияқты кейін Мұхамеджан Тазабековпен бірге жүрдім, Серік Қалиевпен де емен-жарқын ой бөлісіп тұрдық. Осындай талантты ақындардың барлығы менен бір бас биік тұрған еді. Олардың жинақтары оқырманға жол тартқанда, осындай таланттардың қатарында кітап шығаруға ұялыппын. Осылайша кітап шығаруды аса құнттай қойған жоқпын. Тұңғыш кітабымды «Жарық сәуе» деп атауымның себебі – қолданыстан шығып бара жатқан, мағынасы терең «сәуе» сөзін қалың оқырманның жадында жаңғырту. Ақындық мұрат деген бар. Менің ақындық мұратым – халқыма, жұртыма пайдамды тигізсем деген ниет, мен содан бақыт табамын. Кітаптың атын көпшілік «Жарық сәуле» деп түсінеді. Бірақ «сәуе» мен «сәуленің» мағынасы екі түрлі. Сәуле – ол табиғи ұғым, ал сәуе – рухани ұғым. «Сәуе деген не?» дегенге тоқталсақ, маған Қазақ ұлттық университетінде сабақ берген Қоянбек Ахметов ағам бұрын «сәуе» деген сөздің мағынасы «мейір, шапағат» деп түсіндірген еді. Таластан шыққан белгілі ақын Нарша Қашағанов ең алғаш анасына арнаған өлеңі радиодан оқылғанда:
«Қуана бер сен тегі,
Ойла бүгін той деп бір.
Апатайым, тентегің,
Радиодан сөйлеп тұр.
Ұлың едім көп сенген,
Көрмеген оттан именіп,
Жігіттікке жетсем де,
Саған сәуем тимеді», – деген екен.
Одан бөлек қазақта «Ер болсаң, елге сәуең тисін» деген сөз бар. Яғни, «сәуе» – жақсылық ұғымындағы көркем сөз, – деді әдеби кештің кейіпкері Шорабек Айдаров.
Зиялы қауым өкілдері, жамбылдық қаламгерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысқан шығармашылық жиында ізгі тілегін білдірген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, прокуратура саласының ардагері Әбиірбек Қонысбаев жаңа жыр жинақтың тұсауын кесті. Кеш барысында Інжу Жаңабай ақынға деген арнауын айтып, жиналған қауымның назарына концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




