Бұл екі сала бір-бірімен тығыз байланысты және еліміздің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды секторлардың бірі. Қазір еліміз жаппай цифрландыру кезеңіне қадам басқаны белгілі. Соның аясында агроөнеркәсіп кешені мен су шаруашылығы саласында да жаңа мақсаттар айқындалып отыр. Осылайша мемлекеттік қызметтерді цифрландырудан ресурстарды «smart» басқару жүйесіне кезең-кезеңімен көшіру қолға алынды. Мұндай тәсіл нақты әрі уақтылы шешімдер қабылдауға жол ашады. Биылғы жылдың қаңтар айында Цифрлық кодекс қабылданып, Президент қол қойды. Оның алдында жаңа Су кодексі күшіне енді.
– «Smart» басқару жүйесін дамытудағы ендігі негізгі міндеттердің бірі – аграрлық және су жүйесінің бірыңғай цифрлық контурын қалыптастыру. Бұл – үлкен деректерге, жасанды интеллектіге, жедел аналитикаға және ресурстарды дәл есепке алуға табан тіреген басқарудың жаңа моделіне көшу деген сөз. Мұндай қадам тек ағымдағы жағдайды тіркеп қана қоймайды. Сонымен бірге құрғақшылық, су тапшылығы, ресурстарды тиімсіз пайдалану сияқты сын-қатерлерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді, – дейді бұл жөнінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жалпы алғанда су ресурстарының азаюы әлемдік деңгейде де, біздің Орта Азия өңірінде де ең маңызды, өзекті, стратегиялық мәселеге айналып отырғаны белгілі. Сол себепті, су ресурстарын цифрландыру, ең алдымен, суды тиімді пайдалануды арттырады. Бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес, нәтижелер де бар. Былтыр су үнемдеу технологияларын енгізу нәтижесінде 874 миллион текше метр су үнемделді. Бұл – жақсы көрсеткіш. Дегенмен мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр десек, артық болмайды. Ал ауыл шаруашылығы жалпы су көлемінің шамамен 60 пайызын тұтынады. Сондай-ақ тасымалдау кезіндегі шығындар 40 пайызға дейін жетіп отыр. Мұндай жағдай су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажет екенін көрсетеді. Иә, бүгінгі таңда аграрлық салада белгілі бір деңгейде цифрлық база қалыптасты. Мал шаруашылығында 38 миллионнан астам мал басы цифрлық есепке алынды, субсидиялау жүйесі электронды форматқа көшірілді, өнімді қадағалау және жер ресурстарын басқару жүйелері енгізілуде.
– Алайда агроөнеркәсіптік кешенге 1 триллион теңгеден астам субсидия бағытталғанына қарамастан, саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 4,3 пайыздан 3,7 пайызға дейін төмендеген. Бұл жалпы экономика құрылымының жаңғыруы және басқа салалардың озыңқы өсуі жағдайында аграрлық сектор үлесінің қайта теңгерілуін көрсетеді, – дейді Сенат депутаты Жанболат Жөргенбаев.
Су шаруашылығында да ұлттық ақпараттық жүйе құрылып, 20 мыңнан астам су объектісі цифрландырылды. Бірақ соған қарамастан, саладағы негізгі мәселелер толық шешілді деп айту қиын. Сондықтан біз негізгі мәселені ашық айтуымыз керек. Цифрландыру бар, бірақ нәтиже жеткіліксіз. Сенатор Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, біріншіден, елімізде нақты, түсінікті, нәтижеге бағытталған бірыңғай цифрлық стратегия толық қалыптаспаған. Әрбір министрлік цифрландыруды өз бағыты бойынша жүргізіп жатыр, бірақ бұл жұмыстар өзара үйлестірілмеген. Бірыңғай архитектура, бірыңғай деректер саясаты жоқ. Сонымен қатар мемлекеттік органдар IT қызметтерді сатып алуда ұзақ әрі күрделі конкурстық рәсімдерге тәуелді. Ақпараттық жүйе жасалғаннан кейін оның тұрақты жұмыс істеуі үшін сапалы сүйемелдеу қажет. Бірақ бұл қызметтер де жыл сайын конкурс арқылы кешіктіріліп сатып алынады. Нәтижесінде, жүйелер уақытша тоқтап қалады немесе дұрыс жұмыс істемейді.
Екіншіден, ақпараттық жүйелер арасындағы интеграция мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмеген. Жүйелер арасындағы деректер алмасу әлсіз, кейбір жүйелер мүлде интеграцияланбаған. Соның салдарынан бір дерек бірнеше рет енгізіледі. Бұл уақыт жоғалтуға, адами фактордың артуына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің өсуіне және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеледі.
Үшіншіден, соңғы жылдары жасанды интеллект туралы көп айтылып келеді, бірақ нақты секторда, әсіресе аграрлық өндіріс пен су ресурстарын басқаруда жасанды интеллект жүйелі түрде енгізілген жоқ. Мысалы, су тапшылығын болжау, егіс өнімділігін модельдеу, мал ауруларының таралуын алдын ала анықтау – мұның барлығы жасанды интеллект арқылы жүзеге асырылатын маңызды бағыттар. Бірақ бұл бағытта жүйелі мемлекеттік саясат пен нақты нәтижелер әлі байқалмайды.
Төртіншіден, бизнес пен халық тарапынан мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмысына қатысты шағымдар өте көп. Жүйелер жиі істен шығады, баяу жұмыс істейді немесе уақытша қолжетімсіз болады. Бұл тек техникалық мәселе емес, бұл – экономикалық шығын. Мысалы, фермерлер Госагро жүйесі арқылы субсидияны уақытында ала алмайды, кәсіпкерлер ЕАСУ немесе Е-лицензия секілді ақпараттық жүйелері арқылы экспорттық құжаттарды дер кезінде рәсімдей алмай, қосымша шығынға ұшырайды.
Бесіншіден, деректердің сапасы мен оларды қорғау мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Көп жағдайда деректер толық емес, қате енгізілген немесе ескірген. Ал деректер сапасы төмен болса, кез келген цифрлық жүйе тиімді жұмыс істей алмайды. Осыған байланысты статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету және оларды жүйелі түрде жаңартып отыру маңызды. Сонымен қатар мемлекеттік ақпараттық (Госагро) жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігі мен аттестациядан өту мәселесі де маңызды. Сондықтан барлық ақпараттық жүйелерге түгендеу жүргізіп, олардың заңдылығы мен тиімділігін қайта қарау қажет.
Алтыншыдан, кадр мәселесі. Агроөнеркәсіптік кешенде шамамен 1 миллион адам жұмыс істейді, бірақ саладағы кадр тапшылығы 6,5 мың маманды құрайды. Қызметкерлердің тек 28 пайызы ғана жоғары білімге ие. Ал цифрлық құзыреттері бар мамандарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан агроөнеркәсіптік кешен мен су шаруашылығы үшін кадрлар даярлаудың кешенді жол картасын әзірлеу қажет.
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




