«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Билердің араласуымен 140 даулы іс шешімін тапты

Билердің араласуымен 140 даулы іс шешімін тапты
Автор
Жуырда Талас аудандық билер кеңесінің ұйымдастыруымен алқа мәжілісі өтті. Оған ауылдардағы бас билер мен қоғамдық ұйымдардың, өкілдері, ауданның бас имамы қатысты. Жиында аудандық билер кеңесінің төрағасы С.Әбсадықұлы 2025 жылғы атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндама жасады.

– Өздеріңіз білесіздер, – деді ол,

– Билер кеңесі 2018 жылы қазан айында құрылды. Содан бері өсті. Қалыптасты. Қазір 23 елді мекенде алқа билер жұмыс жасайды. Онда 67 мүшесі бар. Өткен жылы билер кеңесінің араласуымен 140 даулы іс қаралды. Биылғы жылдың үш айында 35 іс қаралып, оның 90 пайызы оң шешімін тапты. Жыл басынан бері арнайы жасалған іс жоспарға сайкес заң және тәртіп, әділетті Қазақстан мен таза Қазақстан қағидаттары мен акциялары аясында төрт мәрте дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Алты мәрте онлайн арқылы билермен сұхбат жүргізілді. Ақпан айында С.Шәкіров ауылында ақсақалдардың, билердің, ауыл халқының жиыны өткізіліп, онда салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы ауылды Үлгілі ауылға айналдыру жөнінде үндеу қабылданды. Мұндай жиындар Қараой, Бостандық, Қызыләуіт, ауылдарында да өткізіліп, қолдау тапты. Тамды ауылдық билер кеңесінің төрағасы Қанатбек Құралбаевтың бастамасымен ауылда заң мен тәртіпті сақтау жөнінде жиын өткізіліп, ішімдікке салынғандарға ескерту берілді. Өткен жылы аудан бойынша 167 отбасы құрылып, 77 отбасы неке бұзу жөнінде шешім қабылдады. Бұл, әрине өте өкінішті жағдай. Ажырасу, әсіресе Қаратау қаласында көбірек орын алып отыр. Жүргізілген талдауларға қарағанда ажырасудың дені ішімдіктен жұмысыздықтан және ерлізайыптылардың мінез жараспауынан болып жатады. Бір-бірін түсіністікпен қарап кешірім беруге келгенде әйел адамдардың өзім білермендікке салынуы өте өкінішті. Осы мәселеге ағайын-туыстарының бейжай қарауы да құптарлық жағдай емес. Баяғыда ажырасқанды, күйеуден қайтып келгендерді «сүйекке таңба салды» деп күйінетін қазақтың қазір мұндай жағдайларға еті үйреніп кетті. Егер мұны тоқтатпасақ, 50 жылда отбасының сақталуын көзге елестету қорқынышты. Онымен қоса елді мекендердегі халықтың саны да азайып, жастар қалаға көшуде. Үйленбеген бойдақтар саны өсуде. Мысалы Ойық ауылында 20 мен 50 жас аралығында 60 ұл-қыз отбасы құраған жоқ. Ал халқы аз Қарой ауылында бойдақтар саны 20 адам. Ауылдағы мектепте 29-ақ оқушы қалды. Мұндай мысалдарды әр ауылдан келтіруге болады. Туудың, оқушылар санының азаюынан орта мектептер жабылып, оқытушылар өзге өңірлерге ауысуда. Ауылда жаңадан кәсіп ашам деушілер саны да жылдан-жылға азайып келеді. Өсіремін десе мал бар, игеремін десе жер жетеді. Бірақ жұмыссыздықты желеу еткен жастарымыз екі қолға бір күрек алып еңбектенгенді ар санайды, – деді баяндамашы өз сөзінде.

Одан әрі баяндамашы жастардың тәрбиесі турасында ой өрбітті. Қазіргі таңда жастарымыз үлкендерді сыйламайды. Қыздарымыздың арасында да әр нәрсеге еліктеп, жат қылықтар жасайтындар көбейді. Оларды ертең бір-бір үйдің түтінін тұтатын ана боласыңдар деп тәрбиелеп отырған аналар азайды. Ал әкелері болса, ұл балаларын кәсіпке үйретудің орнына жұмысбастылығын сылтау етіп тәрбиемен айналыспайды. Содан кітап оқығаннан гөрі ұялы телефонға жармасқан ұл-қыздарымыз тәрбиені әлеуметтік желіден алып, қазақы тәрбиеден мақұрым қалуда. Аналар бесік әнін, ажелер ертегі айтуды ұмытты. Бір сөзбен айтқанда ұрпағымыз сенімсіз, теріс тәрбиені көбірек алады. Соның салдарынан ұлдарымыз бен қыздарымыз адами құндылықтардан ажырап, былапыт сөздерге үйір, оны айтасыз, ішімдікке, басқа да қатыгездікке бой алдыруда. Анасы мен әкесін сабап, суицидке бейімдер көбейді. Яғни өмірдің сынағына шыдай алмайды. Сонымен қатар жиында ауылдық округі билер кеңесінің жұмысы сынға алынды.

– Бүгінгі жиналыста ашығын айтумыз керек. Көктал, Майтөбе, Бөлтірік, Қаратау ауылдарындағы билер алқасының жұмысы жоққа тән. Соның салдарынан Көктал ауылында келеңсіз оқиға орын алды. Қаншама мәрте ұсыныс жасағанымызбен ауыл әкімі қозғалатын емес. Түсінсе ақсақалдар, билер заң мен тәртіпті қадағалуда үлкен күш емес пе? Сол ауылмен қарайлас Тамды ауылының тәжірибесі мақтауға тұрарлық. Ауылдың бас биі Қанатбек Құралбаев күнделікті жұмысын ауыл әкімімен кездесуден бастайды. Ауылдағы барлық жағдайды біліп отыр. Мұндай бірлікті Бостандық, С.Шәкіров, Ойық ауылдарынан да көріп отырмыз. Ауылдардағы учаскілік полиция өкілдері, қауымдастық мүшелері ауыл әкімімен тығыз жұмыс істегенде ғана оң нәтиже болады, – деді Сәулембай Әбсадықұлы.

Жиында Ойық ауылының бас биі Пана Рахманбердіұлы, Тамды ауылының бас биі Қанатбек Құралбаев, аудандық алқа би мүшесі Медет Құдайбергенов, Қарой ауылының бас биі Қуатбек Жолмаханбетұлы, Ақкөл ауылының биі Сәбен Қойшыбай, Бостандық ауылының бас биі Жаңабай Есімов, С.Шәкіров ауылының бас биі Әбілсейіт Бейсенов, Үшарал ауылының бас биі Садық Ырысовтар сөз сөйлеп, өз ұсыныстарын айтты.

Басқосуды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов қорытындылады. Содан кейін ауданның экономикалық – әлеуметтік дамуына, және ұлттық құндылықтарды насихаттауға белсене қатысып жүрген бір топ белсенді билерге аудан әкімінің Алғыс хаты және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары тапсырылды. Қорыта айтқанда, осы жұмыстардың алға жылжуы ауыл әкіміне тікелей қатысты. Атқарушы билік қоғамдық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста болса, алынбайтын қамал жоқ дегіміз келеді.

 

Қонақбай ҚАЛЖАНОВ

аудандық билер кеңесі төрағасының орынбасары

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар