«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Филолог мамандығын алғандар неге мұғалім бола алмайды?

Филолог мамандығын алғандар неге мұғалім бола алмайды?
Автор
Бүгінде елімізде қолында дипломы бар, бірақ жұмыссыз жүрген жастардың қатары көп екені жасырын емес. Әсіресе филология, туризм, дизайн, маркетинг сынды мамандық иелері «екі қолға бір күрек» таба алмай жүр. Сонда сұрақ туады: нарыққа қажеті жоқ мамандықтарды жоғары оқу орындары неге әлі күнге дейін оқыта береді?

Мамандық таңдауда қателеспеу керек деп жатады. Алайда жоғары оқу орындарында сұранысқа сай емес, оқу бітірген соң жұмыс таппай сандалып жүретін мамандықтар бар және оларға грант көп бөлінеді. Сондай «жарамсыз» мамандықтардың қатарында филология, биология бакалавры, туризм, дизайн, маркетинг, мемлекеттік және жергілікті басқару, ғылыми тарих мамандықтары бар. Әр нәрсені қазбаламай-ақ, өзім дипломын алған «5В020500 Филология» мамандығы туралы айтайын. Мен оқуға 2002 жылы түсіп, 2006 жылы аяқтадым. Бұл мамандықты таңдағандарға тілші, аудармашы болуға болады. Бірақ 2011 жылдан бастап стандарт өзгерді. Енді бұл мамандыққа оқығандар тек ғылыми зерттеу институттарында ғана қызмет ете алады. Ал елімізде ғылыми зерттеу институттары өте аз. Жоқ деуге де болады. Бізбен қатар бітіргендер мектепке де орналасты. Бірақ олардың дипломы жарамай, екінші рет қайта оқыды. Солай күйген жанның бірі – Гүлбайра Датқабек.

– 2007 жылдан бері №8 мектепгимназиясында қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келемін. Ол уақытта біздің алған дипломымыз стандартқа сай келетін. Алайда 2011 жылдан бәрі өзгерді. Филолог деген дипломың жарамайды деген соң екінші жоғары білім алып, арнайы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі деген мамандықты оқып бітіріп алдым. 4 жыл оқыған білімім кәдеге жарамай қалды. Егер жарамаса бұл мамандықтарды неге оқытады? Мейлі, оқу бітірген 20 шақты студент жұмысқа тұрып кеттік. Кейін бітіргендерді не оқу орнына, не аудармашылыққа, не балабақшаға жұмысқа алмай жатыр екен, – дейді ол.

Бұл – тек білім саласының емес, тұтас қоғамның дерті. Бір қарағанда, бұл мамандықтарды «қажетсіз» деп кесіп айту қателік. Филолог – тіл мен руханияттың тірегі. Биолог – ғылым мен табиғаттың қорғаушысы. Туризм мен маркетинг – экономиканың қозғаушы күштерінің бірі. Демек, мәселе мамандықта емес. Мәселе – тепе-теңдіктің бұзылуында. Неліктен филология мамандығын иеленген мамандардың мектепке жұмысқа тұра алмайтындығын ұстаздан сұрап көрдік.

– Қазақ филологиясы мамандығын тәмамдаған түлектердің мұғалім болу мүмкіндігінің шектелуі қазіргі білім беру жүйесіндегі институционалдық және нормативтік талаптармен байланысты. Ең алдымен, педагогикалық қызметке орналасу үшін тек пәндік білім жеткіліксіз, сонымен қатар арнайы педагогикалық даярлық қажет. Бұл талап білім беру сапасын арттыру және оқыту үдерісінің әдістемелік тұрғыдан дұрыс ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мақсатында енгізілген. Қазақ филологиясы бағдарламалары негізінен тіл білімі, әдебиеттану және ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Ал мектепте сабақ беру үшін оқыту әдістемесі, психология, бағалау жүйелері және сыныпты басқару сияқты педагогикалық құзыреттер маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты педагогикалық емес бағытта білім алған түлектерге қосымша қайта даярлау немесе арнайы сертификаттау талап етіледі. Сонымен қатар еңбек нарығындағы бәсекелестік те бұл мәселеге әсер етеді. Педагогикалық жоғары оқу орындарын бітірген мамандар басымдыққа ие болып, олардың кәсіби даярлығы жұмыс берушілер тарапынан жоғары бағаланады, – дейді Дулати университетінің аға оқытушысы Балмира Жүнісбекқызы.

Бүгінде жоғары оқу орындары еңбек нарығына қажетті маман дайындаудан гөрі, студент санына көбірек мән беретіндей көрінеді. Себебі студент – табыс көзі. Сол үшін сұранысы төмен болса да, кей мамандықтар жабылмайды. Ақылы бөлімдер толыға береді, дипломдар таратыла береді. Ал нарық ондай мамандарды қабылдауға дайын емес. Нәтижесінде, бір мамандықты жыл сайын жүздеген студент бітіріп шығады. Бірақ солардың санаулысы ғана өз саласында жұмыс табады. Қалғаны мүлде басқа бағытқа кетеді немесе жұмыссыз қалады. Тағы бір мәселе – білім сапасы. Теория көп, практика аз.

Студент төрт жыл бойы оқиды, бірақ нақты еңбек нарығына бейімделмейді. Нәтижесінде жұмыс берушіге дайын маман емес, қайта үйретуді қажет ететін түлек келеді. Ең өкініштісі – жастардың өзі де таңдау жасауда қателеседі. Көпшілігі мамандықты жүрек қалауымен емес, грантқа түсу үшін таңдайды. Ал кейін содан опық жейді. Сонда не істеу керек? Ең алдымен, университеттер еңбек нарығымен тығыз байланыс орнатуы тиіс. Қандай маман қажет, қанша қажет – соған сай қабылдау жүргізілуі керек. Артық кадр дайындау тоқтатылуы тиіс. Екіншіден, білім беру бағдарламалары жаңарып, практикаға басымдық берілуі керек. Үшіншіден, мектептен бастап кәсіби бағдар беру күшейтілуі қажет. Әр жас өз қабілеті мен нарық сұранысын ескере отырып, таңдау жасауы тиіс. Диплом – табыстың кепілі емес. Қазіргі заманда сұранысқа ие дағды мен икем ғана адамды алға шығарады. Ал «қажетсіз мамандық» деген ұғым – шын мәнінде жүйенің әлсіздігін көрсететін белгі ғана.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар