Соңғы жылдары блогер мен журналисті қатар қоятын үрдіс пайда болды. Рас, сырт көзге екеуінің қызметі ұқсас сияқты. Екеуі де ақпарат таратады. Екеуі де қоғамдағы мәселеге үн қосады. Екеуінің де өз аудиториясы бар. Бірақ ұқсастық сыртында ғана. Ал ішкі мәніне үңілсек, айырмашылық жер мен көктей.
Меніңше, бүгінгі басты қателік – журналистиканы құралмен өлшеу. Қолына телефонын алып, тікелей эфирге шыға алатын кез келген адамды журналист деуге болмайды. Өйткені журналистиканы техника емес, жауапкершілік айқындайды. Журналист ақпаратты тек жариялап қана қоймайды, оны тексереді, салыстырады, бірнеше дереккөзге сүйенеді, өз сөзінің салмағын сезінеді. Ал блогердің негізгі мақсаты көп жағдайда басқаша: ол аудитория жинайды, назар аударады, пікір қалыптастырады. Бұл да ықпал. Бірақ бұл журналистика емес.
Қазір ақпарат заманында өмір сүріп отырмыз дейміз. Бірақ шынына келгенде, бұл – назар заманы. Кімнің сөзі өтімді, кімнің дауысы қатты, кімнің видеосы жылдам тарады – көбіне сол жеңіп шығады. Мұндай кеңістікте шындықтан бұрын әсер алға шығып кетуі мүмкін. Өйткені желілік ортада басты күрес аудитория назарын ұстап қалу үшін жүреді. Демек, көп қаралым әрдайым көп шындықтың белгісі емес. Кейде ол тек жұрттың қызығушылығын оята алған контенттің көрсеткіші ғана.
Осы тұста «блогер журналист бола алады ма?» деген сұраққа эмоциямен емес, өлшеммен қарау керек сияқты. Журналистің қоғамдағы орны бөлек. Бұл тек мамандық емес, бұл – қоғамдық қызмет. Қазақстанда 2024 жылы жаңартылған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда журналистің ерекше мәртебесі бекітіліп, оның ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату құқықтары нақтыланды. Яғни журналистика – жай еркін пікір алаңы емес, құқықтары мен міндеті бар кәсіби институт. Ал әлеуметтік желідегі парақша иесі автоматты түрде сол мәртебеге ие болмайды.
«Журналистің әр материалы әбден тексеруден өтеді. Тілші жазған мәтінді бас редактор, корректор және басқа да жауапты мамандар қарап шығады. Материалда нақты дерек болмаса, ол жарияланбайды. Ал блогер көбіне ақпаратты біржақты береді. Оқырман оның қаншалықты рас, қаншалықты сенімді екеніне әрдайым көз жеткізе алмайды. Журналист ұсынған ақпаратта нақтылық бар, оған сенім артуға болады. Қазір біржақты, тіпті үгіт-насихат сипатындағы ақпарат көп. Ал журналист, ең алдымен, бейтараптықты ұстануға тиіс. Сонымен қатар ол этикаға да, заң талаптарына да бағынады. Ал блогерлердің көбі тәжірибеге сүйенбейді, кейде тек видео түсіріп, көбірек лайк пен қаралым жинауды ғана ойлайды. Ең бастысы – олардың материалы кәсіби тексерістен өтпейді. Сондықтан блогер ешқашан журналистің орнын баса алмайды», – дейді журналистика пәнінің оқытушысы Ләззат Талғатқызы.
Мәселенің тағы бір қыры бар. Блогер көбіне өз пікірімен сөйлейді. Ал журналист ең алдымен фактімен сөйлеуі керек. Блогерге субъективтілік кешірілуі мүмкін. Өйткені оның алаңы – жеке көзқарас алаңы. Ал журналист үшін субъективтілік қауіпті. Себебі оның жазғаны, айтқаны, көрсеткені қоғамдық пікірге әсер етеді. Бір адамның асығыс айтқан ақпараты мыңдаған адамды жаңылыстыруы мүмкін. Сондықтан журналист үшін «айтсам болды» деген өлшем жүрмейді. Мұнда «дәл ме?», «тексерілді ме?», «біржақты емес пе?» деген сұрақ алдыңғы орынға шығады.
Жалпы халыққа әлеуметтік желі бір жағынан жақсы мүмкіндік берді. Бұрын тек үлкен редакциялар ғана мінбер болса, қазір қарапайым адам да қоғамдағы мәселені көтере алады. Бұл – жаман емес. Керісінше, кей жағдайда блогерлер өткір мәселені бірінші болып қозғап, ел назарын аударады. Кейде ресми ақпарат үнсіз қалған тұста, желідегі белсенділер мәселені қозғап жатады. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ дәл осы пайдалы тұсын алға тартып, блогерді журналистпен толық теңестіру қате. Өйткені ықпал ету мен кәсіби стандартқа бағыну – екі бөлек нәрсе.
The Guardian авторы Агнес Пуарье блогингті журналистикамен шатастырудың өзі қате екенін айтып кеткен еді. Оның ойынша, журналистика – жай әуестік емес, ол зерттеуді, ұқыптылықты, кәсіби тәртіпті талап ететін мамандық. Бұл пікір қазір тіпті өзекті болып тұр. Себебі біз бүгін ақпараттан емес, ақпаратқа ұқсап кеткен дүниеден көп шатасамыз. Сырттай қарағанда бәрі жаңалық сияқты. Бірақ ішіне үңілсең, бірі – факт, бірі – жорамал, бірі – әсер үшін жасалған дүние.
Блог жүргізу медианы өзгертті, журналистиканы ашықтыққа, жеделдікке итермеледі, бірақ оның орнын басқан жоқ. Өйткені блогтың табиғаты мен журналистиканың табиғаты екі түрлі. Бірі – жедел реакцияның тілі. Екіншісі – тексерілген қоғамдық ақпараттың тілі. Бірі – аудиториямен жақын сөйлеседі. Екіншісі – қоғамға есеп беретін жүйенің бөлігі. Сондықтан екеуін мүлде бөлек әлем деп те, бір ұғым деп те қарауға болмайды. Бірақ кәсіби салмақ жағынан журналистика әлі де бөлек орында тұр.
Қазір ең қауіптісі – шекараның бұлдырлануы. Егер қоғам блогер мен журналистің айырмасын ұмытса, ертең факт пен пікірдің де арасы көмескіленеді. Сонда шындықты іздеудің орнына, кімнің сөзі өтімді болса, соған еріп кетуіміз мүмкін. Бұл – медиа кеңістігі үшін де, қоғам үшін де қауіпті. Себебі шу көбейген жерде шындықтың үні әлсірейді. Қазақта «Сөз сүйектен өтеді» дейді. Демек, сөздің салмағы бар. Ал салмағы бар сөзді айту үшін жауапкершілік те сондай ауыр болуы керек.
Сондықтан блогердің бәрін бірдей жоққа шығару дұрыс емес, бірақ бәрін журналист деңгейіне көтеру де қате. Блогер – жаңа медианың белсенді өкілі. Ол қоғамға әсер ете алады, өз аудиториясын тәрбиелей алады, мәселе көтере алады. Бірақ журналист болу үшін мұның бәрі аз. Оған кәсіби ұстаным, этика, дәлдік, тексеру, заң алдындағы және қоғам алдындағы жауапкершілік қажет. Қысқасы, көріну басқа, қызмет ету басқа.
Снежана АЛЬЖЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің конвергентті журналистика
мамандығының 4-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




