«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасқа қарамай жасалатын игі іс

Жасқа қарамай жасалатын игі іс
dknews.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің облысымызға жұмыс сапары басталды. Осыған орай, аталмыш бірлестіктің Ұлттық волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Айбек Досымбетов пен облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ нің бөлім басшысы Әлихан Нарегеев БАҚ өкілдеріне баспасөз брифингін өткізді. Жұмыс сапары аясында «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ өкілдері өңірлік волонтерлік фронт офистерінің басшыларымен кездесіп, волонтерлік қызметті дамыту, тәжірибе алмасу және алдағы жоспарларды талқылау жұмыстарын жүргізбек.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды «Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялады. Бұл маңызды бастама волонтерлік қызметтің қоғамдағы рөлін арттыруға, еріктілер қозғалысын қолдауға және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Бүгінгі таңда өңірде волонтерлік қызмет қарқынды дамып, қоғам өмірінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Волонтерлік қозғалысты жандандыру және халықтың белсенділігін арттыру мақсатында Тараз, Шу қалалары мен аудандарда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, жалпы 22 бағыт бойынша (әлеуметтік көмек, экология, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени іс-шаралар және т.б.) ауқымды жұмыстар ұйымдастырылды. Осы бағыттардың аясында 889 іс-шара өткізіліп, оған 12476 адам қамтылды. Бұл көрсеткіштер өңір тұрғындарының волонтерлік қызметке деген қызығушылығының жоғары екенін және азаматтық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді – деді Әлихан Бауыржанұлы.

Іс-шаралар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге, қоршаған ортаны қорғауға және жастардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталды. Волонтерлік қозғалыстың осындай қарқынмен дамуы – өңірдегі бірлік пен жанашырлықтың айқын көрінісі. Сондай-ақ Жамбыл ауданында жүзеге асырылып жатқан «Pythagorean_math» математикалық курсы – оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыруға, логикалық ойлау қабілетін дамытуға және пәнге деген қызығушылығын күшейтуге бағытталған тегін білім беру жобасы. Аталған үйірме дарынды балаларды қолдап, оларды олимпиадалық деңгейге дейін дайындауды көздейді. Сонымен қатар жоба аясында жастарға әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану жолдары үйретіліп, қысқа әрі мазмұнды бейнероликтер арқылы білім тарату қолға алынған.

Меркі ауданында «Ізгі іс» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба мұқтаж жандарға көмек көрсетуді, қоғамда мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын нығайтуды мақсат етеді.

Ал Мойынқұм ауданында «Эко волонтер» жобасы табысты іске асырылып келеді. Жоба жастарды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Халықаралық жыл аясындағы іс-шаралар волонтерлік қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жаһандық деңгейде қуатты серпін береді, еріктілер қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және оны одан әрі дамытудың негізгі векторларын айқындауға үлес қосатын болады.

Сондай-ақ қазіргі таңда еріктілер экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде «Жас ағаш», «Эко бақылау», «Білім волонтерлері» жобаларын ерекше атап өтуге болады. 2026 жыл – Халықаралық волонтерлер жылы аясында ауқымды шаралардың бірі «Volunteer FEST – 2026» республикалық волонтерлер фестивалі өтеді. Бұл фестивальге әрбір өңірден белсенді волонтерлер қатысады деп күтілуде.

Сонымен қатар өңірде волонтерлік қызметтің негізгі бағыттары ретінде әлеуметтік көмек, білім беру, экология, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу салалары қамтылып отыр. Волонтерлер қарттар мен жалғызбасты азаматтарға көмек көрсетіп, балалар үйлерімен, әлеуметтік мекемелермен тұрақты жұмыс жүргізуде.

Айбек Аяпбергенұлының айтуынша, бұл игі іске ата-анасының рұқсатымен 14 жастан бастап қатысуға болады. Ал жалпы ел бойынша волонтерлікпен айналысу 18 жастан бастау алады және бұл жолда жасқа шектеу қойылмайды. Соның айғағы – бүгінгі таңда еліміздегі волонтерлардың ең егдесі 72 жастағы әжей болса, олардың орташа жасы 42-ні құрайды. Сондай-ақ оның сөзінше, волонтерлік – міндет не мәжбүрлік емес, ол – жүрек қалауымен жасалатын мейірім мен жанашырлықтың көрінісі. Бұл жолды таңдаған әрбір жан қоғамға пайдасын тигізіп қана қоймай, өз жүрегіне жылулық сыйлайды.

Мемлекет басшысының пікірінше, еріктілер – өз елінің шынайы патриоттары – адамгершілік құндылықтарды бәрінен жоғары қойып, мемлекет пен қоғам арасында сенімді серіктестікті нығайтуда ерекше рөл атқарады. Жанқиярлық пен мейірімділік қазақ халқына тән қасиет екенін атап өткен Президентіміз бұл қасиеттерді жас ұрпақ бойына сіңірудің маңыздылығын бірнеше рет баса айтқан болатын.

– Бүгінде барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында волонтерлер еңбек етуде. 2020 жылы еліміз бойынша 224 волонтерлық ұйым болса, қазіргі уақытта 810 волонтерлық ұйымдарда 300 мыңнан астам еріктілер қызметін жалғастырып келеді. Ұлттық волонтерлар желісі 12 бағытта, мысалы экология, білім, медицина, әлеуметтік салалар бойынша еліміздің дамуына елеулі үлес қосуда. Халқымыз «Ақыл – жастан» деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы – осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Алдағы уақытта да волонтерлікті дамыту мақсатында белсенді жұмыстар атқаратын боламыз – деді «Ұлттық волонтерлық желі» заңды тұлғалар бірлестігінің Ұлттық волонтерлік фронт-офисының жетекшісі Айбек Досымбетов.

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар