Судың босқа ағып жатқанын көрсем, міндетті түрде ескерту жасаймын
- author «Ақ жол»
- Бүгін, 09:56
- 71
Бұл – өзгенің құқығын елемеу. Өркениетті қоғамда ішке кезекпен ену не кезекке тұру мәдениетін сақтау – теңдік пен құрметтің белгісі. Кім бірінші келді – сол бірінші қызмет алады. Бұл қарапайым қағида болғанымен, үлкен мәдениеттің негізі. Осы тұрғыда өзге елдердің тәжірибесіне назар аударсақ, үйренетін нәрсе көп секілді. Мәселен, ежелден мәдениет ордасы саналатын Ресейдің Санкт-Петербург қаласында театрға, операға немесе концертке келген көрермендердің тәртібі ерекше назар аударарлық екен. Олар кіреберісте ұзын-сонар кезекке тұрса да, адамдар екі-екіден рет-ретімен қозғалып, ешкімді итермей, сабырмен ішке енеді. Соның нәтижесінде көпшілік тез әрі ыңғайлы түрде залға кіріп, өз орындарына жайғасады. Ешқандай асығыс, айқай-шу, бірін-бірі басып-жаншу болмайды. Шара аяқталғаннан кейін де дәл осындай тәртіп сақталады. Гардеробқа келгенде адамдар тағы да екі-екіден кезекке тұрып, киімдерін асықпай алады. Нәтижесінде, көп адам жиналғанына қарамастан, небәрі 10-15 минут ішінде бәрі сыртқа шығып үлгереді. Бұл – жүйе мен тәртіптің, сондай-ақ адамдардың бір біріне деген құрметінің айқын көрінісі. Осындай қарапайым, тиімді әрі ыңғайлы тәртіпті неге біздің қоғамда енгізбеске? Бұл үшін аса күрделі өзгерістердің қажеті жоқ. Тек әр адам өзінен бастап, қоғамдық жерде өзін ұстау мәдениетін қалыптастыруы керек.
Тағы бір маңызды мәселе – қоқыс мәдениеті. Көшеде немесе қоғамдық орында қоқыс тастау тек тазалыққа зиян келтіріп қоймай, адамның ішкі мәдениетін де көрсетеді. Жапония, Германия, Швеция, Оңтүстік Корея, Норвегия сынды дамыған елдерде адамдар қоқысты сұрыптап, арнайы жәшіктерге тастайды екен. Бұл әдет бала кезден қалыптасады. Мектептерде экологиялық тәрбие беріледі, ал үйде ата-аналар үлгі көрсетеді. Ал біздің елде кейде қоқыс салынған дорбалар жәшіктерге жетпей, оның айналасында шашылып қалады. Жел тұрған күндері сол бейберекет қалдықтар жан-жаққа ұшып, төңіректегі үйлердің аулаларына дейін таралып, ауаны да, айналаны да ластайды. Өкінішке қарай, осыны көрген кейбір тұрғындар кінәні өздерінен емес, өзгеден, яғни көше тазалаушылардан көріп, олардың жұмысына шүйлігіп жатады. Алайда, негізгі кінә – қоқысты дұрыс тастау, оны ұқыпты сақтау мәдениетін сақтамаған адамдардың өзінде емес пе? Шын мәнінде тазалық – әркімнің жеке жауапкершілігінен басталады. Егер әр адам өз әрекетіне саналы түрде қарап, қарапайым тәртіпті сақтаса, мұндай көріністердің де алдын алуға болар еді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, 2025 жылдан бастап көпқабатты үйлердің кіреберісі мен ортақ аумаққа қоқыс тастағаны үшін ескерту немесе 15 АЕК-ке дейін (шамамен 39 мың теңге) айыппұл салынатыны туралы заң күшіне енді. Содан бері көпқабатты тұрғын үйлердің подъездері мен аулаларында тәртіп орнап қалғанын бірден байқауға болады. Бұрын тұрғындар «аз ғана уақытқа» деп есігінің алдына қоқыс шығарып, оны бірнеше күн тастамайтын, ал оның зардабын бүкіл үй тартатын. Азаматтық істер жөніндегі заңгер Шолпан Шуюмбаеваның айтуынша, енді тұрғындар қоқысты фотоға немесе видеоға түсіріп, ПИК-ке немесе басқарушы компанияға хабарлай алады. Олар қоқысын тиісті алаңға жеткізбеген тұрғынға ескерту жасауға міндетті. Егер нәтиже болмаса, фото мен шағымды қоса тіркеп, әкімдікке немесе полицияға жолдау арқылы, көршілерінің үстінен шағым түсіре алады екен.
Суды үнемдеу – бүгінгі заманның аса маңызды мәдениеттерінің бірі. Өйткені әлемдегі ауыз судың қоры шектеулі, ал оның ішуге жарамды үлесі өте аз. Мұны көпшілігіміз білсек те, күнделікті өмірде оған жеткілікті мән бере бермейміз. Ал дамыған елдерде, әсіресе Еуропа мемлекеттерінде суға деген көзқарас мүлде өзгеше. Қоғамдық орындарда, қонақ үйдің жуыну бөлмелерінде суды шамадан тыс пайдалану, сабынды артық қолдану және оның экологияға тигізер зияны туралы ескертпелерді жиі кездестіруге болады. Бұл – адамдардың санасына үнемшілдік пен жауапкершілікті сіңірудің бір жолы. Өкінішке қарай, біздің елде мұндай мәдениетті қалыптастыруға бағытталған шаралар әлі де жеткіліксіз. Осы орайда өзге елдерге жиі саяхаттайтын елімізге танымал әнші Сәкен Майғазиевті әңгімеге тартып, пікірін білген едік.
– Мен – елімдегі және әлемдегі экологиялық ахуалға бейжай қарай алмайтын жанмын. Қоғамдық орындарда судың босқа ағып тұрғанын көрсем, ол жерден үнсіз шығып кете алмаймын. Ол мейрамхана ма, фитнес залы ма міндетті түрде ішке кіріп, әкімшілікке ескерту жасаймын. «Сіздерде су бекерге ағып тұр екен, мұны жөндеуді қолға алмайсыздар ма?» деп, өз алаңдаушылығымды жеткіземін.Үйде де балаларыма тісті тазалап тұрғанда, бас пен денені сабындап жатқанда, суды өшіріп қою керектігін айтып отырамын. Өйткені әрбір тамшы судың қадірі бар екенін түсінемін. Табиғаттың бізге берген байлығын ысырап ету – тек бүгінгі күнге емес, келер ұрпаққа жасалған немқұрайлылық деп білемін. Сондықтан суды үнемдеу секілді қарапайым, бірақ маңызды әдеттерді кеңінен насихаттап, жаңа мәдени дағдыларды қоғамға енгізу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – деді Сәкен Қордабайұлы.
Қоғамдық орындардағы тағы бір келеңсіз көрініс – тұрған жеріне түкіріп тұру. Түкіру – әдепсіздіктің белгісі. Ол қоғамдағы мәдениет деңгейін төмендетеді және басқа адамдарға құрметсіздік ретінде қабылданады. Түкіру арқылы түрлі жұқпалы аурулар таралуы мүмкін. Мысалы, туберкулез, тұмау, COVID-19 сияқты инфекциялар ауаға тарап, жұқпалы аурулардың көбеюіне әкеп соғады. Әсіресе адам көп жиналатын жерде бұл өте қауіпті. Таза орта – денсаулық кепілі. Сондықтан мұндай әрекеттерге қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал дамыған елдерде бұл мәдениет қалай қалыптасады? Ең алдымен, тәрбие отбасынан басталады. Бала ата анасының әрекетін қайталайды.
Аты аталған мәдениет түрлері, яғни кезекте тұру, қоқысты дұрыс тастау, суды үнемдеу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау – сырт көзге қарапайым болып көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде, олар тұтас бір ұлттың мәдени деңгейін, санасын, тәрбиесін айқындайтын маңызды көрсеткіштер болып табылады. Бір адамның іс-әрекеті арқылы бүкіл халыққа баға берілетін жағдайлар аз емес. Сондықтан әрбір азамат өз мінез-құлқы арқылы елінің абыройын көтеретінін ұмытпауы керек. Осындай әдептілік пен мәдениеттілікті бала кезден, яғни балабақша мен мектептен бастап қалыптастыру аса маңызды. Себебі жас ұрпақ қандай тәрбие алса, болашақта сол әдеттерді өмір бойы сақтайды. Егер балаларға ерте жастан қоғамдық тәртіпті сақтау, табиғатты қорғау, өзгені сыйлау сияқты құндылықтар үйретілсе, онда қоғамда жауапкершілігі жоғары, мәдениетті азаматтар көбейеді. Нәтижесінде, елімізде тәртіп пен тазалық қалыптасып, адамдар бір-біріне құрметпен қарайтын орта пайда болады. Мұндай қоғамда өмір сүру әр адамға жайлы әрі қауіпсіз болады. Сондықтан қарапайым көрінетін осы мәдениеттерді дамыту – ел болашағы үшін аса маңызды міндет.
Көктем келсе адамдар демалыс күндері қаланың қарбаласынан алыстап, табиғат аясында тынығып қайтуды жақсы көреді. Таза ауа жұтып, еркін тыныстап, жақындарымен уақыт өткізу – жанға да, тәнге де қуат беретіні анық. Өкінішке қарай, осындай әсем сәттердің артында шашылып қалған қоқыс, жиналмай қалған қалдықтар қалып жататыны жасырын емес. Табиғат бізге уақытша аялдайтын орын емес, ол – біздің ортақ үйіміз. Демалыстан кейінгі қоқысты жинау – айыппұлдан қорыққандықтан емес, табиғатқа деген құрметтен туындауы тиіс. Ең бастысы, осы жауапкершілікті балаларымызға үлгі етіп көрсетсек, олар да табиғатты аялауды өмірлік қағидасына айналдырады.
Қоғамдық мәдениетті қалыптастыруда заң мен тәртіптің орны ерекше, салмағы зор. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін қолданылатын ақшалай санкциялар көлемі ұлғайды. Негізгі құқық бұзушылықтар үшін жаңа айыппұл мөлшерлері: қоғамдық орындарда балағат сөз айту 86 500 теңгені, саябақтар мен скверлерде қоқыс тастағаны үшін бірінші ретте 10 АЕК – 43 250 теңге, ал бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК – 43 250 теңге айыппұл салынады. Заң сыртқы шектеу, ал тәртіп ортақ өмірдің өлшемі. Көптеген елдерде қоғамдық тәртіпті бұзғандарға айыппұл қарастырылуы – сол тәртіптің сақталуын қамтамасыз етудің бір жолы ғана. Алайда шынайы мәдениетті тек жазамен орнату мүмкін емес. Оның түп негізі – адамның ішкі жауапкершілігінде. Ең маңыздысы – әр адамның өз ар-ұятына сүйеніп әрекет етуі. Біреу көріп тұр ма, жоқ па оған қарамастан дұрыс жолды таңдауға деген ішкі ұстаным қалыптасқанда ғана қоғам алға басады. Адам «мені ешкім бақылап тұрған жоқ» деп емес, «мен өзіме жауаптымын» деп өмір сүрсе, нағыз мәдениетті орта пайда болады. Сондықтан қоғамдық мәдениетті қалыптастыру – тек заңмен емес, әр адамның санасында оянған жауапкершілікпен тығыз байланысты. Ішкі тәртіп сыртқы тәртіпті нығайтады. Ал ішкі мәдениеті жоғары қоғамда заң да, тәртіп те табиғи түрде сақталады. Үлкен өзгеріс кішкентай әдеттерден қалыптасады. Егер біз әрқайсымыз өзімізден бастап, қарапайым ережелерді сақтасақ, қоғам да біртіндеп өзгереді. Өркениетті ел болу – тек арман емес, ол күнделікті әрекетімізге байланысты.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жасқа қарамай жасалатын игі іс
- Бүгін, 11:34
Дін жолында жүрген жастарымыз адаспаса екен
- Бүгін, 11:04
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




