ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА МАМАНДАР ТҰРАҚТАМАЙДЫ
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша алдымен баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова облыста әлеуметтік салаға ерекше мән беріліп келе жатқандығын атап өтті. Оның ішінде осал топтарға жататын мүгедектігі бар азаматтар мемлекет қамқорлығына алынғанын, бұл санаттағы азаматтарға өткен жылы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты медициналық-әлеуметтік мекемелер тарапынан әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық көмектер көрсетілгенін, бұл бағыттағы қызмет көрсету ауқымы жылдан-жылға артып келе жатқанына тоқталды. Мәселен, аталған орталықтардың қызметіне биыл бөлінген қаржы соңғы үш жылмен салыстырғанда 12 пайызға өскен. Алдағы екі жылда орталықтардың материалдықтехникалық құралдарының жаңару деңгейі 85 пайызға дейін артады деп күтілуде. Сондай-ақ биыл қосымша 407,9 миллион теңгенің құрал-жабдықтарын алу үшін «Қазақстан халқына» қорына ұсыныс хат жолданған. 2029-2030 жылдар аралығына облыстың даму жоспарымен бекітілген тұрғындар қажеттілігіне негізделген өңірлік стандарттар жүйесіне күрделі жөндеуге 2 орталық, 7 жаңа орталықтың құрылысы енгізілген. Ал орталықтардың жобалық-сметалық құжаттамаларына қаражат қарастыру 2028 жылға жоспарланып, бұл шаралар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісілген.
– Бүгінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында 1829 қызметкер еңбек етеді. Ондағы медицина, педагогтер мен әлеуметтік қызметкерлер саны жалпы штаттың 33,3 пайызын құрайды. Салада 10 орталық тарапынан қызмет алушыларға педагогикалық қызмет көрсететін 194 маман бар. Осы мамандар жалақы нормативін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен белгіленген талаптарға сәйкес тәрбиеші ретінде алуда. Бұл өз кезегінде сала мамандарының тұрақсыздығына әсер ететіні анық. Мәселен, білім беру саласындағы педагогтердің орташа жалақысы 352 мың теңге (18 сағат) болса, әлеуметтік саладағы педагогтердің орташа жалақысы 205 мың теңгені (жұмыс уақыты аптасына 36 сағат және ерекше контингент) құрайды. Осы мәселеге байланысты Оқу-ағарту және Еңбек министрліктеріне ұсыныс хаттар жолданып, жауаптары күтілуде. Барлық орталықтардың мамандары біліктілік талаптарына сәйке с белгіленген жоспарлар бойынша уақтылы оқу курсынан өтуде. Соңғы үш жылда 290 маман біліктілігін арттырса, биыл тағы 94 маманды оқыту жоспарланып отыр, – деді Айжан Серікбайқызы.
ЗЕРДЕЛЕУ НӘТИЖЕСІ НЕНІ КӨРСЕТТІ?
Сессияда сондай-ақ облыстағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің сапасы туралы мәселені зерделеу нәтижесі бойынша мәслихаттың экономика, жергілікті өзін өзі басқару, әлеуметтік және құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Фарида Жүнісова хабарлама жасап, бұл салада шешімін күтіп тұрған бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің сапасы – бұл аса маңызды әрі қоғамның әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер ететін бағыттардың бірі. Еліміздің Әлеуметтік кодексіне сүйенсек, арнаулы әлеуметтік қызметтер – бұл адамның өмір сүруін қиындататын жағдайларды еңсеруге бағытталған, оның қоғамға толыққанды қатысуына мүмкіндік беретін кешенді қолдау шаралары. Бұл қызметтер халықтың ең осал топтарына – мүгедектігі бар азаматтарға, қарттарға, психоневрологиялық ауытқулары бар балалар мен ересектерге, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына және өзге де санаттағы азаматтарға ұсынылады.
– Облыста бұл бағытта белгілі бір жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда 21 медициналық-әлеуметтік мекемеде мыңдаған азаматт ар – қарттар, мүгедектігі бар адамдар мен ерекше білім беруді қажет ететін балалар мемлекет қамқорлығына алынған. Сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар да бұл іске белсенді тартылған. Алайда депутаттар тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижелері бұл салада бірқатар жүйелі және күрделі мәселелердің бар екенін көрсетіп отыр, – деді баяндамашы.
Ең алдымен, материалдық-техникалық базаның тозуы – негізгі проблемалардың бірі. Көптеген әлеуметтік мекемелерде медициналық және оңалту құралжабдықтары ескірген, асхана мен кір жуу бөлімдерінің жабдықтары жаңартуды қажет етеді. Кейбір ғимараттардың шатырлары, қасбеттері, инженерлік желілері әбден тозған. Бірқатар орталықтар бейімделмеген немесе типтік емес ғимараттарда орналасқан. Бұл қызмет сапасына ғана емес, қызмет алушылардың қауіпсіздігіне де кері әсер етуде. Балаларға арналған орталықтар үшін жер телімдері бөлінгенімен, құрылыс жұмыстарына қаржы қарастырылмаған. Келесі өзекті мәселе – тамақтандыру сапасы. Әлеуметтік желілерде жиі көтерілетін мәселелердің бірі – асханалардағы тазалық пен тағам с апасының төмендігі. Зерделеу барысында бірқатар мекемелерде санитарлық талаптардың өрескел бұзылғаны анықталды. Азық-түлік сақтау талаптарының сақталмауы, сапасыз өнімдерді пайдалану, маргарин мен сүт алмастырғыш өнімдердің қолданылуы сияқты фактілер орын алған. Зерделеу жұмыстары барысында №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы мен Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығында осындай жағдайлар анықталды. Бұл қызмет алушылардың денсаулығына тікелей қауіп төндірері анық. Ал мәселелердің негізгі себебі – мекеме басшылары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.
Келесі маңызды мәселе – кадр тапшылығы және еңбек ақының төмендігі. Әлеуметтік қызметкерлер, күтушілер мен санитарлардың жалақысы төмен болғандықтан, кадр тұрақтамауы орын алуда. Әсіресе арнайы педагогтер, логопедтер, дефектологтар жетіспейді. Қазіргі таңда облыста 11 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін бала болса, олармен бар болғаны 343 арнайы педагог жұмыс істейді. Бұл жағдай қызмет сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту, жалақысын кезең-кезеңімен арттыру, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту – бүгінгі күннің талабы. Тағы бір мәселе – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Көптеген аудандарда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері тар, жалдамалы немесе бейімделмеген ғимараттарда орналасқан. Кейбір психологиялық-медициналық педагогикалық консультация мекемелерінің жеке ғимараты жоқ. Бұл балалармен сапалы жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ ауылдық жерлерде балаларды орталықтарға тасымалдау мәселесі де өзекті. Арнайы көліктердің жетіспеуі қызметтердің қолжетімділігін төмендетуде. Автокөлік мәселесі жалпы әлеуметтік салада да күрделі күйінде қалып отыр. Қызмет алушыларды тасымалдауға арналған көліктердің көпшілігі тозған, арнайы көтергіш құрылғылар қарастырылмаған. Сонымен қатар ерекше назар аударатын мәселенің бірі – Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығының жағдайы. Ғимараттың тозығы жеткен, санитарлық талаптарға сай келмейді, бір бөлмеде бірнеше адам тұруға мәжбүр. Жаңа ғимараттың жобасы дайын болғанымен, қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Зерделеу жұмыстары барысында әлеуметтік қорғау саласында жұмыс істейтін педагог қызметкерлерге «Педагог мәртебесі туралы» заң нормалары қолданылмайтыны анықталды. Бұл құқықтық сәйкессіздік қызметкерлердің аталған санатына аттестаттаудан өтуге және біліктілік санатын арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұл жағдай өз кезегінде олардың алатын жалақыларының деңгейіне теріс әсер етуде. Мәселен, білім беру жүйесінде жұмыс істейтін педагогтердің орташа жалақысы әлеуметтік саладағы әріптестеріне қарағанда 40 пайызға дейін жоғары. Бұдан басқа, әлеуметтік қорғау мекемелері педагогтердің жалақысын есептеу кезінде бұрын берілген біліктілік санаттарын ескермейді. Бұл жағдай педагог мамандардың әлеуметтік салаға жұмысқа келуге деген қызығушылығын төмендетіп, кадр тапшылығын туындатып отыр. Сонымен қатар бұл саладағы оқу жүктемесінің жоғары екені байқалады. Егер білім беру жүйесінде норма аптасына 18 сағатты құраса, әлеуметтік саладағы мекемелерде жүктеме аптасына 40 сағатқа дейін, яғни педагогикалық қызметкерлер үшін белгіленген нормативтен едәуір асып кетеді. Ал ерекше оқытуды қажет ететін балалар мен жасөспірімдердің барлық санаттарына педагогикалық түзету көмегін көрсетумен айналысатын мекемелерде жалақының төмендігі себепті білікті кадрларды ұстап қалу мақсатында 1,5 мөлшерлемеде жалақы төлеу мәселесі де жиі кездесті.
Бүгінгі таңда аутизм диагнозы қойылған балалармен жұмыс істейтін мамандардың (АВА терапиясы бойынша) кәсіби біліктілігін арттыру курстарына жеткілікті түрде қаржы бөлінбеуде. Қазіргі уақытта ABA терапия – аутизм және мінез-құлық ерекшеліктері бар балалармен жұмыс істеуде ең тиімді заманауи ғылыми әдістердің бірі болып табылады. Бұл курс 4 модульден тұрады. Әр модулін оқу үшін бір маманға 800 мың теңге қажет екен. Бір модульдің оқытылуы үш ай кезеңді құрайды, барлық модулін оқып бітірген кезде ғана педагог білікті маман болып есептеледі.
ҚАНДАЙ НАҚТЫ ШАРАЛАР ҰСЫНЫЛДЫ?
Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, зерделеу тобының мүшелері келесі нақты шараларды қабылдау қажет деп санайды.
– Біріншіден, әлеуметтік мекемелердің материалдық-техникалық базасын кезеңкезеңімен жаңарту керек. Екіншіден, жаңа типтік ғимараттар салу және апатты жағдайдағы нысандарды ауыстыру мәселесін шешу қажет. Тамақтандыру сапасы да бақылауды күшейтіп, жеткізушілермен келісімшарттарды қайта қарауды талап етеді. Сонымен қатар әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысын арттырып, әлеуметтік қолдау шараларын енгізген жөн. Сондайақ арнайы педагогтер мен мамандардың санын көбейту, кадр даярлау жүйесін жетілдіру қажет. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда қызмет алушыларды тасымалдауға арналған арнайы көліктермен қамтамасыз ету де өзекті. Алдағы уақытта Socium платформасын жетілдіріп, әкімшілік жүктемені азайту керек. Бұларға қоса аудит және бақылау тетіктерін күшейтіп, бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз еткен жөн. Тағы бір маңызды мәселе, аудандардағы психологиялықпедагогикалық түзету кабинеттерін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тасымалдауға арналған автокөліктермен қамтамасыз ету қажет. Өйткені ауылдық елді мекендердің шалғай орналасуы балалардың қатынап келуін қиындатуда. Сонымен қатар аутизм диагнозы қойылған балалармен АВА терапиясы бойынша жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру курстарына жеткілікті түрде қаржы бөлу жолдарын қарастыру қажеттігі де туындап отыр. Жалпы алғанда, облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі қалыптасқанымен, оның сапасын арттыру үшін жүйелі жаңғырту қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға тікелей ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі сессияда көтеріліп отырған мәселелерге бейжай қарамай, нақты шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз, – деді тұрақты комиссияның төрайымы Фарида Жүнісова.
ДЕПУТАТТАР ЖОЛДАҒАН САУАЛДА НЕ АЙТЫЛДЫ?
Сессияда депутат Ерұлан Мағзымбеков күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетоваға сауал жолдап, ұсынысын айтты. «Облыстық мәслихаттың 6 ақпанда өткен кезектен тыс сессиясында бірқатар оңалту, түзету, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, интернаттық мекемелер мен ұйымдардағы педагог санатына жататын қызметкерлердің еңбек және демалыс режимдері, жұмыс уақыттары, жалақы төлеу, қосымша, үстеме, көтерме ақыларымен байланысты, біліктілік арттыру мен педагогикалық санаттарын жоғарылату және өзге де педагогтерге көзделген әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді пайдалану құқықтарының шектеліп отырғаны туралы аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевке депутаттық сауал жолдаған едім. Соған орай тиісті мемлекеттік органдардың жауаптарын алдым. Бірақ мәселе ашық күйінде қалып отыр. Себебі, заңнамалық тетіктері қаралмаған, ведомствоаралық байланыс көзделмеген» деген депутат осы ретте аталған проблеманы тағы да көтеріп, заңнамаға тиісті өзгертулерге бастама көтеру, ол аралықта жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың бірлескен пәрменімен аталған санаттағы қызметкерлердің жалақыларына үстеме ақы тағайындау арқылы табыс көлемін арттыру туралы ұсыныс енгізді.
Мәслихат депутаты Жұмахан Тәнкебаев әлеуметтік сала бойынша бірінші сұрағын «Тараз қаласындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қайта әлеуметтендіру орталығы ғимаратының тозығы жеткені және санитарлық талаптарға сай келмейтіні баршаға белгілі. Осы мәселенің шешімін табу үшін қандай жұмыстар атқару жоспарыңызда бар?» деп Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке жолдаса, келесі «Облыстың барлық аудандарында отбасын қолдау орталықтары ғимаратпен қамтамасыз етіліп, қазір жұмыс істеп тұр. Оны біз өткенде зерделеу барысында көрдік. Ал бұл мәселе Шу ауданында әлі күнге шешімін таппай отыр екен. Неге? Осы сұраққа нақты жауап күтеміз» деген сауалын Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке жолдады. Тиісті қала, аудан басшылары көтерілген маңызды мәселеге байланысты алдағы жоспарларымен бөлісіп, бұл туралы тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтты. Ал депутат Жанат Бастаубаева облыстық білім басқармасының басш ысы Нұрбек Оршыбеков ке жолдаған сауалында Шу аудандық ведомствоаралық психологиялық медициналық - педагогикалық консультациясы ғимаратының ескі екені зерделеу барысында анықталғанын, кабинеттер саны аз және саманнан салынғандықтан күрделі жөндеуге жатпайтынын, осыған байланысты мекемеге жаңа ғимарат қажеттігін айтып: «Нұрбек Әбубекұлы, осы ғимаратты барып көрдіңіз бе және мәселені шешу үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатыр?» деп сұрады.
– Облыста 11 мыңнан астам ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Ал олармен жұмыс істейтін арнайы педагогтер саны бар болғаны 343, яғни бір орынға жүктеме екі еседен артық. Байзақ ауданында норма бойынша бір маманға 12-14 бала қаралуы тиіс болса, нақтысында ол 25-30 балаға дейін жетеді. Бұл жағдайда сапалы жұмыс жүргізу мүмкін емес. Тағы да бір мысал. Меркі ауданында бір маманға аптасына 35-40 баламен айналысу жүктемесі түседі. Бұл физикалық тұрғыдан да, кәсіби тұрғыдан да тиімсіз. Кадр тапшылығын шешу жолдары бойынша қандай жұмыстар атқарылуда? – деді Жанат Абдуалықызы.
Білім басқармасының басшысы депутат атап өткендей, мекеменің ескі ғимараты жөндеуге жатпайтыны анықталғанын, дегенмен өткен жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізіп, жыл соңына дейін мәселенің оң шешілетініне сендірді. Ал кадр тапшылығын шешу бойынша, М.Х.Дулати атындағы университеттің биылғы түлектерімен келісім жасалып жатқанын айтты. «Ескіні жамай бергеннен нәтиже болмайды» Тараз қаласындағы «Шөлдала», «Құмшағал», «Казарма» алабтарына соңғы жылдары біршама жағдай жасалды. Жаңадан ауыз су құбыры, электр желілері тартылып, ішкі көшелерге қиыршық тас төселді. Арнайы мұнаралар қойылып, ұялы телефон, интернет байланысы жақсарды. Мектеп, мәдениет үйі, спорт кешені салынды. Әрине, әлі де мәселелер жеткілікті. Дегенмен қазіргі басты мәселе – ол жолдың жағдайы. Жұрт жыл сайын жолды жамай беруден ешқандай өзгеріс болмайтынын айтуда. Тек жаңа жол салу керек.
Депутат Оралхан Дәуіт осы мәселені облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің назарына жеткізіп, депутаттық сауал жолдады. «Осы дүйсенбіде Тараз қаласындағы «Құмшағалға» баратын жолдың бойында көлік апаты орын алды. Облыстық полиция департаментінің берген мәліметіне қарағанда, қарама-қарсы келе жатқан екі көлік бетпе-бет соғысып, салдарынан бір көліктің жүргізушісі қайтыс болып, үш жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Әрине, бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, кімнің кінәлі екені алдағы уақытта анықталар. Бірақ бұл көлік апатының орын алуына «Құмшағалдың» тар да ой-шұңқыры көп жолдарының да себеп болғаны анық.
Соңғы жылдары «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала» алабтарына тұрғындар көп қоныстанып, халық саны артып келеді. Көліктер ағыны да көбейген. Бірақ осы алабтарға баратын күре жолдың тарлығы, әбден тозғаны жыл сайын айтылып жүр. Тіпті күре жолдың кейбір тұстарында екі көлік әрең сыйып өтеді. Осының салдарынан бұл аудандарда көлік апаты жиілеуде. Өзі тар жолдың көп жерінде тротуар да жоқ. Көлік көп жүретін тар жолмен үлкен де, кіші де, мектепке баратын оқушы да ағылып жатыр. Бұл өте қауіпті. Автобус жүргізушілері көліктерінің үнемі жол бойына егілген талдарды сырып өтетінін, соның салдарынан жапжаңа автобусты зақымдап алатындарын айтып шағымдануда.
Тағы бір айтарым, жол әбден тозған, жыл сайын жамалады. Көктемде баяғы таз қалпына түседі. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бұл жолды жаңалауға республикалық бюджеттен қаржы сұрап жатқанын айтқан болатын. Қалалық әкімдік әрекет жасап жатыр дегенімізбен, қалай айтсақ та, аталған алабтарды кесіп өтетін күре жолға назар аударатын уақыт жеткен сияқты. «Ескіні жамағанның есі кетеді» демекші, жыл сайын бұл жолдарды жамай бергеннен ешқандай нәтиже болмайды, жаңадан салуға күш салу керек» деген депутат облыс әкімінен осы істің орайын табуға көмектесуді сұрады.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекет басшысы бірқатар Заңға қол қойды
- 27 наурыз, 2026
Олжас Бектенов пен Михаил Мишустин кездесті
- 26 наурыз, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




