Алдымен концертке жиналған көрермен Баласағұн концерт залының фойесінде ұйымдастырылған көрмемен танысты. Мұнда ән падишасының өзі қолданған бұйымдары, сахналық киімдері мен мұрағаттық жәдігерлері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Шәмшінің туған жерінен арнайы әкелінген ұлттық тағамдардан дәм татып, кештің атмосферасын тереңірек сезінуге мүмкіндік алды.
Концерт барысында композитордың жүректі тербететін, сағыныш пен махаббатқа толы әндері жанды дауыста, жанды сүйемелдеуде орындалды. Әсіресе, 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі мен «Алаш» вокалды-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуі кештің көркін қыздыра түсті. Ал «Фараб» және «Ғасыр» би ансамбльдері әсем қимылдарымен Шәмші әуенін көркемдей түсті.

Сахна төрінде елге танымал өнерпаздар – Қазақстан Республикасы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева мен Хадиша Сейітова, сондай-ақ талантты орындаушылар Дима мен Дана, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және Данияр Барыс өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кештің тағы бір ерекшелігі – композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын-соңды жарияланбаған тың деректердің ұсынылуы болды. Лэд-экран арқылы көрсетілген бейнематериалдар көрерменге Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылық әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар орындалған әрбір әннің шығу тарихы баяндалып, кеш мазмұнын байыта түсті.
Айта кету керек, «Ән аға – Жан аға» концерттік жобасы бұған дейін Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Алматы қалаларында өтіп, халықтың зор қошеметіне ие болған. Тараздағы өнерсүйер қауым да бұл кештен ерекше әсер алып, ұзағырақ қол соғып, ризашылықтарын білдірді.
Қазақ өнеріне өшпестей із қалдырған ұлы композитордың әндері – халықтың жүрегінде мәңгі жаңғыра беретіні анық. Осындай тағылымы мол кештер арқылы ұлттық өнеріміздің құндылығы арта түсетіні сөзсіз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- Бүгін, 10:57
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- Бүгін, 10:51
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




