«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мыңнан астам мал дәрігеріне қосымша ақы неге төленбеді?

Мыңнан астам мал дәрігеріне  қосымша ақы неге төленбеді?
Автор
«Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді» деген түсінік бұрыннан бар. Дегенмен кешеге дейін ветеринария саласына дұрыс көңіл бөлінбей келгені рас. Соңғы жылдары салаға көзқарас өзгеріп, материалдық базасы нығайтылып, қызметкерлердің жалақысы өсті. Бөлініп жатқан қаражат та қомақты. Оның барлығы ұлт болашағы үшін жасалуда. Әйткенмен жалақысы төмен, жұмысы ауыр салада маман тұрақтамайтыны белгілі. Қала берді, ел ішінде «ішіп қойды, жеп қойды» деген түсінік қатар жүретіні тағы бар. Ал жұмысшылар «тиісті төлемді бермеді» деген күңкіл тиісті құқық қорғау органдарына да жеткен.

Облыстық прокуратураның мәліметіне қарағанда, өңірдегі мыңдаған ветеринарлар қауіпті жұмысы үшін өтемақы ала алмаған. Нақтырақ айтсақ, облыс әкімдігінің аймақтық ветеринариялық станциясының мал дәрігерлері аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеген, бірақ еңбек келісімшарттарында олардың жұмысы қауіпті деп танылмаған. Осылайша қауіпті аурумен жұмыс істеген мамандарға тиесілі қосымша ақы төлемдері төленбеген деп дабыл қақты прокуратура.

Мемлекеттік қолдаудың аясында соңғы жылдары елімізде мал басының едәуір артқаны байқалады. Әдеттегідей мал басына қарай оның ауру түрлерінің де артатыны бесенеден белгілі. Осыған сәйкес бүгінгі күні мал ауруына қатысты қауіпті жұқпалы дертпен күрес жалғасуда. Дәлірек айтсақ, бүкіл әлемде пастереллез ауруымен күрес күшейтілген. Ауру малдардың көзі жойылуда. Ал біздің елде ет, жем және мал өнімдерін импорттауға уақытша тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы бір ауруға, яғни аусылға қарсы вакцинаны шұғыл түрде сатып алуда.

«Компания 1010 қызметкерге қауіпті жағдайларда жұмыс істегені үшін қосымша төлемдердің уақытылы төленуін қамтамасыз етпеді», – дейді бұл жөнінде прокуратураның баспасөз қызметі. Олардың айтуынша, прокуратураның араласуымен ветеринарлардың төленбеген қосымша ақылары төленіп, кінәлілер жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының өтініші бойынша ветеринариялық станция қызметкерлерінің еңбек келісімшарттары заңға сәйкестендірілген.

Ал облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Талғат Қожабергенов бұл жағдайдан хабардар екен. Дегенмен аталған мәселе заң органдары тарапынан тергеліп, тексеріліп жатқанын айтты.

– Прокуратура тарапынан анықталған кемшіліктер бүгінгі таңда жойылды. Атап айтар болсақ, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының 2026 жылғы 13 наурыздағы № 2-07-26-00094 «Заңдылықтың бұзылуын жою туралы» ұсынымына байланысты жұмыстар атқарылды.  Яғни, облыстық ветеринариялық станциясының 1010 ветеринар маманына 2026 жылдың ақпан айына есептелген I және II топтардағы патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандарға 25,4 миллион теңге көлемінде сыйақы толығымен төленді. Бұл патогендігі топтардағы биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын мамандардың негізгі емес, қосымша ақысы. Оған қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Осыған байланысты прокуратура ұсынысы бойынша патогенді агенттермен жұмыс істеуге арналған қосымша ақыға қатысты 2025-2028 жылдарға жасалған ұжымдық шартына өзгеріс енгізу қажеттілігі жоқ деп есептейміз. Сонымен қатар ветеринарлардың қызметі маусымды болуына қарамастан, жалақы тоқтаусыз төленіп келеді. Биыл жұмыс ақпан айының 16-сынан басталды. Айлық атқарылған жұмыстардың актісі негізінде әр келесі айдың 10-ына дейін төленеді. Осы айда негізгі жалақы наурыздың 12-сінде, ал қосымша төлемдер бюджеттің жетіспеуіне байланысты 17-сінде төленді. Бүгінгі күнге ветеринарлардың алдында қарыздар жоқ. Орын алған жағдайға байланысты жауапты мамандарға ескерту жасалды. Прокуратура тарапынан тексеру жұмыстары жалғасуда. Тексеріс қорытындысы бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады, – дейді басқарма өкілі.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар