Қайырымдылық күнінде, әсіресе облыстың мешіттерінде бірқатар қайырымды істер атқарылды.
– Тараз қаласындағы «Асым ата» және «Тұрғани» мешіттерінде айтарлықтай қайырымды іс-шаралар жүзеге асырылды. Қайырымдылық күнінде 15 отбасыға азық-түлік таратылды. Сонымен қатар 60 отбасыға Тараз қаласындағы «777 арзан» көтерме маркетінен қалаған азық-түлігін сатып алуға арналған 20000 теңгелік сертификат берілді. Бұдан да бөлек, аудандардың мешіттерінде де осындай көпке көмегі тиер сауапты істер жасалып, қайырымдылықтарды ұйымдастырушылар халықтың алғысын алды, – дейді ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының облыстағы жауапты өкілі Ержан Аманбаев.
Ал көне шаһардың «Самал» шағын ауданында орналасқан «Әзірет Әлі» мешітінде көпшілікке ауызашар таратылып, ауқымды қайырымдылық көрсетілген.
– Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық жасау мен мұқтаж жандарға қолдау көрсету – игі істердің бірі әрі оның сауабы да мол. Берген садақаны жарияламай, жасырын жасағанның маңызы ерекше. Дегенмен өзгелерге үлгі болу үшін мешітімізде жасалған қайырымдылық істі атап өтсем, кәсіпкерлердің демеушілігімен «Әзірет Әлі» мешітінде жамағатқа арналған ауызашар дастарқаны ораза басталғалы күнделікті ұйымдастырылып келеді. Ал Наурызнаманың Қайырымдылық күнінде шамамен 150 адамға арнап ауызашар дастарқаны жайылды. Онда имамдарымыз жиналған жамағатқа қасиетті айдың және Наурыз мерекесінің рухани мәні мен адамды сабырлыққа, мейірімділікке тәрбиелейтін маңызы туралы кеңінен түсіндіріп, құнды уағыз айтылды. Сонымен қатар жиналған қауым елдің амандығы мен бірлігі үшін дұға жасап, ізгі тілектерін білдірді, – дейді «Әзірет Әлі» мешітінің бас имамы Рысбай Еспенбетов.
Сонымен қатар осы күні облыстық әлеуметтік оңалту орталығында «Әлеуметтік әділеттілік – қоғам дамуының кепілі» атты қайырымдылық кеш ұйымдастырылды. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған бұл кешке оңалту орталығының тұрғындары мен қызметкерлері қатысты.
Халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрі дәріптелді
Наурызнаманың үшінші күні, яғни 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл – халқымыздың бай мәдениеті мен дәстүрлерін дәріптейтін күн. Осы мақсатта К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония жастар арасында ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында «Сиқырлы Наурыз қазаны» атты балаларға арналған танымдық музыкалық бағдарлама ұйымдастырды. «Баласағұн» орталық концерт залында өткен мерекелік кешке мектеп оқушылары қатысты. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері оқырмандар мен қонақтар арасында қолөнер туралы арнайы сұхбат жүргізді.
«Тараз – қолөнершілер қаласы» тақырыбымен өткізілген сұхбат арқылы қолөнер дәстүрін, шеберлердің еңбегін және ұлттық өнердің қазіргі кездегі дамуын таныстыру көзделді. Қолөнершілердің шығармашылығы, олардың жасаған бұйымдарының ерекшелігі, қолөнердің мәдени мұра ретінде маңызы туралы мәлімет беру мақсат етілді. Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы оқырмандармен және кітапхана қонақтарымен этно сағат өткізді. Қазақ халқының ұлттық киімдерін дәріптеу, олардың маңызы мен ерекшелігін таныстыруды мұрат еткен іс-шара «Дәстүрдің ізі – ұлттық киімде» тақырыбымен өрбіді.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы оқушылар арасында ұлттық спорт түрлерінен «Ұлттық спорт – ұрпаққа аманат» атты спартакиада өткізді. Ондағы мақсат – ұлттық спорт түрлерін насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру және мәдени мұраны құрметтеуге тәрбиелеу. Спартакиада №2 «Болашақ» арнайы мектепинтернатының зағип және көру қабілеті төмен оқушыларымен «Инклюзивті Ассамблея» жобасы аясында ұйымдастырылып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру көзделді.
Спартакиада аясында қатысушылар қазақ халқының дәстүрлі спорт түрлерінен, атап айтқанда тоғызқұмалақ, асық ату және қол күрестен сынға түсті. Бұл сайыстар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, дене күшін шыңдауға және өзара достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған. Іс-шара барысында ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні мен тарихи маңызы туралы мағлұмат беріліп, қатысушыларға ұлттық мәдени мұраны құрметтеу идеясы кеңінен насихатталды. Спартакиада соңында барлық қатысушылар, жеңімпаздар арнайы диплом және сыйлықтармен марапатталды.
«Ұлттық спорт – ұрпаққа аманат» спартакиадасы ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып ғана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шара болды. А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры бүлдіршін көрермендерге ертегі-қойылымы мен «Қош келдің, Наурыз!» мерекелік думанды бағдарлама әзірлеп, ұсынды. Ертегі-қойылымда да, мерекелік бағдарламада да ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен көрсетілді. Бұдан да өзге облыс аумағында ұлттық салтдәстүрлерді насихаттайтын түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып, Наурызнаманың атаулы күніндегі мән-мағынаны айшықтады.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық оқушылар үздік команда атағын ешкімге бермей келеді
- 16 наурыз, 2026
Ісмер әйел - Әлия
- 12 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




