«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңір жұртшылығы референдумға белсене қатысты

Өңір жұртшылығы референдумға белсене қатысты
Юрий Ким
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екенін ескерсек, жаңа Конституция жобасына қатысты таңдау мен әрбір дауыстың салмағы зор. Жалпы, Ата Заңның жаңа жобасы жұртшылық назарына ұсынылған сәттен бастап өңір-өңірлерде оны талқылау мен түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізіліп, қоғам мүшелері жан-жақты пікір алмасты. Шын мәнінде, мұның барлығы ел болашағы үшін жасалған нақты әрі жауапты қадамның алғашқысы еді. Ал жалпыұлттық референдумға келген әрбір қазақстандық осынау тарихи сәттің маңызын терең түсініп, жүрек қалауымен, азаматтық жауапкершілігін сезіне отырып, өз таңдауын жасағаны анық. Бұл күні сырт көзге байқала бермегенімен, әр сайлау учаскелерінде бүтіндей мемлекеттің тағдырына қатысты маңызды саяси шешімдер қабылданды.

Иә, референдум – әр азаматқа өз ұстанымын білдіруге және елдің одан әрі даму бағытын айқындау ісіне қатысуға мүмкіндік беретін маңызды демократиялық құрал. Ел тағдыры үшін саяси маңызға ие болған референдумға Әулиеата өңірінің жұртшылығы да белсене қатысқан. Мәселен, осы күні жамбылдықтардың 80 пайыздан астамы дауыс берген. Бұл туралы облыстық Сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов мәлімдеді.

«Референдум уақыты сағат 20:00-де аяқталды. Облыс бойынша 513 сайлау учаскесінде референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар өз таңдауларын жасады. Дауыс беру процесінде ешқандай заң бұзушылық орын алған жоқ. Жалпы, сайлау үдерісінде 3361 комиссия мүшесі қызмет атқарды, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардан 1892 байқаушы қатысты», – деді комиссия төрағасы.

Республикалық референдум аясында көпшілікпен бірге облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те дауыс берді. Аймақ басшысы облыс орталығындағы №35 референдум учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Ербол Шырақпайұлы бұл күннің тұтастай ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Өңір тұрғындарының белс енділігі мемлекеттің болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі болатынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.

Расында, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан конституциялық реформа елдігіміздің бағыт-бағдарын айқындаған маңызды кезең ретінде есте қалмақ. 15 наурыз күнгі жауапты науқан барысында барлық учаскелер өз жұмысын таңғы сағат 07.00-де бастады. Референдум кезінде сайлау учаскелері үздіксіз жұмыс істеуге толықтай бейімделгенін де айта кеткен жөн.

Біздің облыста бас-аяғы 500-ден астам референдум учаскесі іске қосылса, учаскелердің басым бөлігі Тараз қаласында орналасқан. Ал аудандар бойынша Қордай мен Шу өңірі көш бастапты. Жалпы, өңірде референдумға қатысу құқығына барлығы 721 993 азамат ие болған.

Белгілі кардиохирург өз таңдауын жасады

Сонымен саяси науқанға қоғамдағы түрлі саланың өкілдері белсенді қатысты. Солардың қатарында республикаға белгілі кардиохирург Сейітхан Жошыбаев та бар. Әйгілі профессордың айтуынша, бұл күні медицина саласының мамандары да маңызды саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауларын жасаған.

– Қазіргі таңда халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың бастамасымен Жаңа Қазақстанды құруға атсалысып жатыр. Бұл – әрбір азаматтың өз туған жеріне деген сүйіншілігінің белгісі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз, дүние жүзінің халқы алаңдаулы. Осы тұста республикалық референдум өткізудің маңызы зор. Жаңа Конституцияда тәуелсіз Қазақстанның болашағы анық айқындалған. Жалпы, өз басым Ата Заңның жаңа жобасымен таныспын. Бұл ретте біздің мекемеде бірнеше рет жиын ұйымдастырылды. Ал енді бүгін референдумға келіп, әрқайсымыз өз пікірімізді білдіріп, өз таңдауымызды жасадық, – дейді облыс орталығындағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры.

Айта кетейік, өңірдегі Т.Рысқұлов ауданында дүниеге келген академик басшылық ететін орталықта бүгінгі таңда 170-тен астам адам қызмет етеді. Оның ішінде 30-ға жуық білікті дәрігер бар. Жаңа Конституция жобасында денсаулық сақтау саласына айрықша мән берілгенін атап өткен С.Жошыбаев биылғы жылы Тараз қаласында академия ашуды көздеп отырғанын жеткізді. – Президентіміз «Қуатты өңірлер – Қуатты ел» қағидатын ұстанатынын әркез айтып келеді. Демек, өңірөңірлердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы арта түссе, орталық та мықты болары сөзсіз. Осы тұста біздің орталық нақты мақсат қойып отыр.

Көне Тараздың төрінде Халықаралық Медициналық Академия ашуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда лицензия алу жұмыстары аяқталуға жақын. Сәтін салса, лицензияны алсақ, білікті дәрігерлер студенттерге дәріс бере бастайды әрі теңдесіз тәжірибелерімен бөлісер еді. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау саласының қарқынды дамуына өз септігін тигізетіні түсінікті. Біздің орталық өз мамандарымыздың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты түрде шетелдерде оқуға жіберіп тұрамыз, – дейді С.Жошыбаев. Ал №50 учаскелік референдум комиссияның төрағасы Салтанат Төлеудің сөзінше, мұнда референдум барысы қалыпты өтіп жатыр, сондайақ қазірге дейін заңға қайшы әрекеттер орын алмаған. Оның айтуынша, дәл қазір қоғамның белсенділігі мен азаматтардың жауапкершілігі артқан. Бастысы, референдум барысының ашықтығы барынша сақталып отыр.

– №50 референдум учаскесінде дауыс беру құқығына ие 2 624 азамат тіркелген. Ал оның ішінде енді ғана кәмелеттік жасқа толған 16 қыз-жігіт бар. Қазірге дейін дауыс берушілердің 40 пайызға жуығы өз таңдауын жасап үлгерді. Кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс беру жалғасады. Әдетте, мұндай аса маңызды науқандарға қарт кісілер ерте келеді. Бүгінде сол дәстүр өз жалғасын тапты десек болады. Мәселен, бүгін алғашқылардың бірі болып келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев та өз таңдауын жасады. Жалпы, дауыс беру барысында ешқандай оқыс оқиға, заң бұзушылық болған жоқ. Бәрі заң аясында әрі белгіленген тәртіп бойынша өтті, – дейді Салтанат Ерсағатқызы.

Қаламгер ел болашағы үшін дауыс берді

Тараз қаласындағы №58 сайлау учаскесінде де тұрғындар белсенді түрде дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Учаскеде дауыс беру проце сі заң талаптарына сай ұйымдастырылған. Комиссия мүшелері сайлаушыларды тіркеп, бюллетень тарату жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар учаскеде бақылаушылар да болып, дауыс беру барысының ашық әрі әділ өтуін қадағалаған. Дауыс беруге келген азаматтарға барлық қажетті жағдай жасалып, тұрғындардың өз таңдауын еркін білдіруіне мүмкіндік берілген. Аталған учаскеде белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Елен Әлімжан да келіп, өз таңдауын жасады. Қаламгер ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық борышын орындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мұндай сәтте әр азамат ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауы тиіс. Өйткені мемлекет тағдырына қатысты шешімдер қабылданатын кезде халықтың дауысы шешуші рөл атқарады», – деді ол.

Қаламгердің пікірінше, елдің дамуы мен тұрақтылығы азаматтардың белсенділігіне тікелей байланысты. Бұған қоса жастар жағы да саяси және қоғамдық өмірге белсене араласуы керек. Бастысы, әрбір адам мұндай жалпыхалықтық бастамаларға жауапкершілікпен қарауға тиіс.

«Біздің мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі буынның қолында. Әрқайсымыз ел дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек. Референдум сияқты маңызды науқандарда халықтың бірлігі мен азаматтық ұстанымы айқын көрінеді. Бұл – елдің ертеңіне деген сенімнің белгісі. Ал жастар – елдің ертеңі. Сондықт ан олардың мемлекет тағдырына қатысты мәселелерге бейжай қарамауы өте маңызды. Осындай науқандар арқылы жас буын азаматтық жауапкершілікті сезініп, қоғамдағы өз орнын айқындайды», – деді Елен Әлімжан.

Айта кету керек, №58 сайлау учаскесінде барлығы 1772 сайлаушы тіркелген. Осы күні түске дейін 442 адам өз таңдауын жасап үлгеріпті. Бұл – тұрғындардың саяси науқанға деген қызығушылығы мен белсенділігін аңғартады.

Алғаш рет сайлауға қатысқандарға сый-сияпат жасалды

Тараз қаласының Қарасу ықшам ауданындағы №25 орта мектепте №72 және №493 референдум учаскелері орналасқан. Азаматтардың дауыс беруіне мұнда барлық қажетті жағдайлар жасалған. №72 референдум учаскесінің төрағасы Айсара Сейдалиеваның айтуынша, мұнда аталған шағын ауданының №1, 2, 3, 4, 5, 6, 10, 15 және 16-үйлердің тұрғындары тіркелген. Жалпы 1983 сайлаушының 163-і сағат 10.45-ке дейін дауыс берген. Бұл учаскеде 2 азамат – Нұрәділ Құралбек пен Ақбота Тоқтағұл алғаш рет дауыс берді. Ал 13 сайлаушы денсаулығына байланысты үйінен өз таңдауын жасаған.

– Конституция – мемлекеттің тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтық теңдігін қамт амасыз ететін басты құжат, жетістіктердің бастауы және бейбіт өмірдің кепілі. Ол барлық қазақстандықтарға бірдей мүмкіндіктер береді. Ел бірлігін сақтайтын құқықтық негізі. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында биылғы 12 ақпанда жарияланған. Халық жаңа Конституциядан көп үміт күтеді. Халықтың тұрақтылығы мен бейбітшілігі үшін қызмет ететініне сеніміміз зор, – деді Айсара Рашбайқызы. Ал №493 референдум учаскесінің төрағасы Аида Қасенова мұнда 2411 сайлаушы тіркелгенін айтты. «Түскі сағат 12.32-ге дейін 314 адам дауыс берді. Биыл 18 жасқа толған 7 азамат осы учаскеде тіркелген. Сондай-ақ 13 адамның денсаулық жағдайына байланысты үйіне сайлау жәшігін апарып, дауыс беруіне мүмкіндік жасалды. Референдумға қатысу – әрбір адамның азаматтық құқығы. Еліміздің Сайлау туралы Конституциялық заңдарына сәйкес, №493 референдум учаскесі жұмыс істеді, ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ, – деді учаске төрағасы Аида Нұрмаханбетқызы.

Атап өтейік, екі учаскеде де тұңғыш рет дауыс бергендер мен алғашқы болып келген жасы үлкен сайлаушыларға сый-сияпаттар тарту етілген.

Ауыл тұрғындары да шет қалмады

Бұл күні ауыл-аймақтағы ағайын да маңызды науқаннан тыс қалған жоқ. Олар таңсәріден референдум учаскелеріне барып, дауыс беруге асықты. Мұндай белсенділік Жуалы ауданындағы №205 референдум учаскесінде де байқалды. Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Жорабек Қадырбековтың айтуынша, мұндағы сайлаушылар саны 766 адамды құраса, оның 723-і өз таңдауын жасаған. Яғни, таңертең сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сайлаушылардың 94,3 пайызы сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген. Сайлау учаскесі ашылған сәтте алғашқылардың бірі болып Бақалы ауылының тұрғыны Қуанышбек Сайлауұлы өз таңдауын жасады. Ал Көкбастау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірқұл Аташбек референдумның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

– Тарихшы ретінде айтар болсам, бұл күн ел өмірінде мәңгі сақталады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, енді 15 наурыз – Конституция күні болып аталып өтілмек. Қазақстан халқы жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Бұл – біздің бәрімізге ортақ жетістік. Біздің Конституциямыз ең үздік Ата Заңдардың қатарында тұрады деген сенім мол, – деді Аташбек Әмірқұл.

Бақылаушылар оқыс оқиға болмағанын атап өтті

Осынау аса маңызды саяси науқандағы дауыс беру барысын тәуелсіз бақылаушылар да мұқият қадағалады. Олар елдегі с аяси науқанның өткізілу барысын жіті бақылап, оның заң талаптарына сай өтуін назарда ұстады. Айтуларынша, 15 наурыз күні таңертеңнен бастап дауыс беру үдерісі заңға сәйкес ұйымдастырылған, референдум учаскелеріне азаматтардың келу қарқыны жоғары және жаппай заң бұзушылық тіркелмеген. Мысалы, облыс орталығындағы №35 референдум учаскесінде бақылаушы, «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы өңірлік филиалының төрағасы А.Кадыркуловтың сөзінше, мұндағы жұмыс толықтай заңға сәйкес жүргізілуде әрі әрбір кезең бақылаушылар тарапынан қатаң қадағаланған.

– №35 референдум учаскесінде «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы мен «Жастар» қоғамдық бірле стіг ін ің бақылаушылары референдум барысын қадағалап отыр. Әзірге ешқандай олқылықтар орын алған жоқ. Жалпы алғанда, референдум қалыпты түрде өтіп жатыр. Бастысы, с айлаушылардың белс енділігі байқалады, – дейді А.Кадыркулов.

Еxit poll: Халықтың 86,7 пайызы жаңа Ата Заңды қолдады

Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Мәліметке сүйенсек, 12 миллион 482 мың 613 адам референдумға қатысуға құқылы болған. Олардың ішінде 9 миллион 127 мың 192 адам референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған. Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап 7 миллион 954 мың 667 адам немесе 87,15 пайыз азамат дауыс берген. Ал интеграция институты жариялаған бірінші Exit poll нәтижелері бойынша ел азаматтарының 86,7 пайызы бюллетеньде «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген. Еуразиялық интеграция институты еліміздің 17 өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында референдум учаскелеріне барып, дауыс берген азаматтар арасында сауалнама жүргізген.

– Сауалнамада 200 референдум учаскесін қамтыды. Оның ішінде 129-ы қалада, 71-і ауылды жерде орналасты. Сауалнамаға жалпы 30 мың респондент қатысты. Оларға арнайы даярланған сұхбат алушылар face-toface әдісі арқылы сауал қойды. Зерттеу нәтижелерінің қателігі 1 пайыздан аспайды. Күні бойы жеті өлшем жүргізілді. Аралық қорытындылары 09.00-де, 10.30-да, 12.30-да, 14.30- да, 16.30-да, 18.30 және 20.30-да жасалды», – делінген институттың мәлімдемесінде.

Естеріңізге салайық, бұл күні дауыс берушілерге «Сіз жаңа Конституцияны қабылдайсыз ба?» деген сұраққа қай жауап нұсқасын таңдадыңыз?» деген бір ғана сұрақ қойылған. Exit poll нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 86,7 пайызы «Иә, қабылдаймын» деп жауап берген.

 

«Aq jol»-дың тілшілер тобы

Есен ӨТЕУЛІ

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар