«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдық оқушылар үздік команда атағын ешкімге бермей келеді

Жамбылдық оқушылар үздік команда атағын ешкімге бермей келеді
Автор
Облысымыздың педагогтері мен оқушылары білім бәйгелерінде жетістіктерге қол жеткізіп, өнер жарыстарынан топ жарып келеді. Халықаралық және республикалық байқауларда 113 педагог жеңімпаз атанған. Облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль иеленген. Сонымен қатар облыс командасы республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша 16 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Ал республикалық олимпиада қорытындысында облыс оқушылары «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды. Облыстың білім саласындағы жетістіктері мен жүзеге асырылып жатқан жұмыстары туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков мәлімдеді.

Өңірде дарынды балаларды қолдау бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтқан басқарма басшысы облыста алғаш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернат ашылып, «Дарын» лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшірілгенін жеткізді. Сонымен қатар ІТ лицей-интернатына 300 орындық қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде.

– Білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – білім сапасын арттыру. 2025–2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,1 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың сәйке с кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғары. Бүгінгі таңда облыста 451 мемлекеттік мектепте 28 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Педагогтердің білімін бағалау нәтижелері кадр сапасына қатысты бірқатар мәселелер бар екенін көрсетті. Осыған байланысты мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Облыст а орт а білім беру жүйесінде бірқатар оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда өңірдегі 531 орта білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 73 жекеменшік мектепте 18467 оқушы оқиды. Жекеменшік мектептерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қаржыландыру жүргізіліп келеді. Мәселен, 2026 жылға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жекеменшік мектептерді қаржыландыруға 12,5 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі күні облыста 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 63645 бала тәрбиеленуде. Нәтижесінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 1-6 жас аралығында 98,4 пайызды, 2-6 жас аралығында 98,9 пайызды, ал 3-6 жас аралығында 100 пайызды құрады. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін жетілдіру мақс атында барлық ұйымдар толық автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшірілді және Face ID жүйесі енгізілді. Бұл өз кезегінде қызметтердің ашықтығын арттырып, атааналар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Білім беру инфрақұрылымын жақсарту бағытында да нақты жұмыст ар атқарылды. 2025 жылы облыста 14 білім нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 10 мектеп және 4 мектепке жапсарлас құрылыс бар. Бұл жұмыстардың нәтижесінде бірқатар маңызды мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, апатты жағдайдағы 1 мектептің, үш ауысымды 1 мектептің, 5 мектептегі орын тапшылығының, 6 тозығы жеткен мектептің және асханасы жоқ 1 мектептің мәселесі шешілді. Қазіргі таңда облыста үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілген. Сонымен қатар өткен жылы 16 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тағы 41 білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Материалдықтехникалық базаны жаңарту мақсатында мектептерге жаңа модификациялы пәндік кабинеттер, STEM зертханалары, робототехника және IT кабинеттері, мультимедиялық кабинеттер, мектеп жиһаздары, спорттық жабдықтар мен компьютерлік техника сатып алынды. Бұл мақсатқа 2,2 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 750 миллион теңгеге 3 мектеп қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді,– деді Нұрбек Абубекұлы.

Өңірде инклюзивті білім беруді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы оқу жылында ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 10073-ке жетіпті. Олардың 76,7 пайызы біліммен және тәрбиемен қамтылған. Қазіргі таңда мемлекеттік мектептердің 95 пайызы, балабақшалардың 82,5 пайызы және колледждердің 100 пайызы инклюзивті білім беруге жағдай жасаған. Өткен жылы екі арнайы мектеп-интернатта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық техникалық базалары жаңартылған. Сонымен қатар екі мектептің базасында ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау кабинеттері ашылып, бір балабақшада көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы топ құрылыпты.

Тараз қаласында психологиялықмедициналықпедагогикалық консультация ашылған және алдағы уақытта тағы біреуін ашу жоспарланып отыр екен. Білім беру саласындағы барлық жұмыстардан хабардар еткен басқарма басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда екенін атап айтты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар