«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Референдумға қатысу – азаматтық борыш

Референдумға қатысу – азаматтық борыш
Автор
Азаматтық қоғамның басты белгілерінің бірі – әр адамның ел өміріне бейжай қарамай, қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласуы. Осы тұрғыдан алғанда, референдумға қатысу – әрбір азаматтың құқықтық мүмкіндігі ғана емес, оның азаматтық борышы мен жауапкершілігінің көрінісі. Халықтың саяси белсенділігі елдің тұрақты дамуы мен берік болашағының кепілі болып саналады.

2026 жылы 15 наурызда өтетін республикалық референдум елдің болашағын айқындайтын маңызды оқиға. Референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданады. Елдің жаңа Конституциясын қабылдау туралы шешім тікелей халықтың дауыс беруі арқылы шығарылатын бұл оқиға мемлекеттің саяси дамуы, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастарды қайта құру және ұзақ мерзімді стратегиялық бағытты айқындау тұрғысынан үлкен мәнге ие. Жаңа Конституция – бұл елдің негізгі заңы, ол мемлекеттің басқару жүйесін, билік тармақтары арасындағы теңгерімді, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін және қоғамдағы маңызды институттардың қызмет істеу тәртібін айқындайды.

Жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін түбегейлі қайта қарауды көздейді. Онда Парламенттің құрылымы өзгеруі, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің қайта бөлінуі және атқарушы билік пен заң шығарушы билік арасындағы қарымқатынас айқындалады. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, билік институттары арасындағы теңгерімді құруға және биліктің өкілеттігін заңды негізде бекітуге бағытталған. Осы тұрғыдан алғанда референдум – елдің саяси жүйесінің жаңа кезеңіне қадам басуының маңызды мүмкіндігі. Жаңа Конституция жобасы 2026 жылғы ақпан айында көпшілікке жарияланды, соңғы нұсқасы 84 пайызға өзгертіліп, құжаттың 77 бабы қайта жазылды. Бұл оның барлық салаларға әсер ететін ауқымды өзгертулерді қамтитынын көрсетеді.

Азаматтардың Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауы не қабылдамауы туралы тікелей пікір білдіруі мақсатында бір ғана сұрақ қойылады: «2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған жаңа Конституцияны қабылдайсыз ба?».

Референдум демократиялық институттардың бірі болып табылады: әрбір азамат өзі тура дауыс беру құқығын пайдалана отырып, елдің болашағына әсер етуге мүмкіндік алады. Бұл азаматтық белсенділікті арттырады және ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайтуға септігін тигізеді. Референдум – қоғамды біріктіретін маңызды саяси құрал. Ортақ мәселені бүкіл халық болып талқылау және шешім қабылдау – ұлттық бірлікті нығайтады. Бұл мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттырады, белсенді қатысу қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Әр азамат өз дауысының маңызын түсінген кезде ғана демократиялық құндылықтар терең тамыр жаяды.

Референдум – елдің жаңа бас заңын бекіту механизмі. Егер халық «иә» деп дауыс берсе, жаңа Конституция қолданысқа енеді, бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша реттеп, елдің құқықтық негізін нығайтады. Референдум халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатын, демократияны дамытатын маңызды құрал ретінде азаматтардың мемлекет басқаруына қатысуына мүмкіндік беріп, елдің тұрақты дамуына жол ашады. Конституцияны қайта қарау – елдің ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен дамуына бағытталған қадам. Бұл референдум азаматтарға елдің жаңа құқықтық құрылымын бекітуге белсенді қатысу мүмкіндігін береді.

15 наурызда өткізілетін республикалық референдум елдің саяси дамуының маңызды кезеңі болып табылады, өйткені әрбір азамат өзінің дауысымен Қазақстанның болашағын айқындауға тікелей қатыса алады.

Еліміз үшін тарихи оқиға болып табылатын референдумда жаңа Конституцияны қабылдау елдің саяси және құқықтық жүйесін жаңартуға мүмкіндік береді. Референдум – халықтың үні. Ал Конституция – сол үннің заңдық көрінісі. Сондықтан әрбір азаматтың белсенділігі мен саналы таңдауы ел болашағын айқындайтын шешуші фактор болмақ.

 

Дүйсеналы БЫҚЫБАЕВ

облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы

Ұқсас жаңалықтар