8 наурыз мереке сі әр үйде әрқилы өтті. Аяулы аналардың, асыл жеңгелердің, сұлу жар мен әдемі қыздардың мерекесі кейбір шаңырақта ұрыс-керіспен өткендей... Олай дейтініміз, кеше ғана Threads әлеуметтік желісінде Narim kaб деген лақап атпен бір келіншектің жазбасында «8 жылдық отбасының халі осы. Ай, еркектер-ай!
Ешкім ешкімге міндетті емес, бірақ көңіл деген нәрсе бар ғой...» деп, жұбайы екеуінің бір-біріне жазған көңіл қалдырарлық смс-терін салды. Бір бұл ғана емес, жас келіншектердің біразы жұбайларынан сыйлық алмағандығын жазып, арты ажырасуға дейін барғандығын алдыға тартты. Тіпті «тым құрыса бір гүл алмадым» деп жылап отырған суреттерін жүктегендер де көп. Пікірлер тіптен асыпт асып жатыр. Сөйтсек, әкелерінен, күйеулерінен, жалпы ер азамат тарапынан гүл алмаған, сияпат көрмеген қыз-келіншектер көп болып шықты. Мақаланы жазуға осы мәселе түрткі болды. Мереке, әрине, жақсы. Десе де сыйлық бермегені үшін тәп-тәуір отбасыны бұзу қаншалықты дұрыс?!.
Айдың, күннің аманында, соғыссыз заманда балаларыңды тірі жетім ету – ауыр күнә. Қазіргі заман құндылықт ардың ауысқан дәуірі десек те болады. Мерекеге бола гүл бермеді, сыйлық сыйламады деп бұлдану, ашулану, тіпті ұрыс іздеп ажырасу – ақымақтық. Осы орайда жасы егде тартқан көрші Жұмаш әжемен сөйлестім. Мәселенің мәнісін естіп әже былай деді:
– Қазақ қоғамында отбасы құндылығы, өзара сыйластық, сабыр мен түсіністік әрқашан жоғары бағаланған. Үлкендер «Байлық – қолдың кірі, ал татулық – нағыз қазына» деп бекер айтпаған. Бүгінде осы қарапайым шындықты ұмыт қалдырмау маңызды. Қазақ отбасында бұрындары ері әйеліне сыйлық беру деген тіпті болмаған. Болса да ішінара білдіртпей, жарияға жар салмай берген. Бір-бірінен сыйлық дәметпеген. Шалым екеуміздің отандасқанымызға бақандай елу жыл болды. Үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Әлі күнге азаматым гүл беруге, сыйлық беруге келгенде шорқақ. Оған бола ұрыспаймыз. Бұл мәселе бізде талқыланбайды. Қазір заман басқа, жастардың ойы да басқа. Әрине, мереке күні әйелге гүл сыйлау, көңіл бөлу – әдемі дәстүр. Бірақ отбасының беріктігі тек бір күндік сыйлықпен өлшенбейді. Кейде әлеуметтік желідегі сән-салтанат шынайы өмірдегі қарапайым бақытты көлеңкеде қалдырып жатады, – дейді қарт ана.
Мақалаға тұздық болсын деп психолог Марал Хантөремен де сөйлестік.
– Ешкімнен ешқандай сыйлық күтпеңіз, солай үйренген дұрыс. Біреу біреуге бірдеңе беруге тиісті емес. Сен үшін ешкім жағдай жасамады ма, гүл бермеді ме, бар да өзің сатып ал. Бұл проблема емес. Бәрі әлеуметтік желінің құрбандары. Бай, жағдайы келіскен келіншектер күйеуім ананы берді, бриллиант тақты, 1001 гүл берді деп жарқыратып салады. Сосын оны көрген келіншектер соған қызығып ұрыс ашады. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Әлеуметтік желі – адамдардың өмірінің тек әдемі тұсын көрсететін алаң. Мұнда қымбат гүл шоқтары, үлкен сыйлықтар, мейрамханадағы кештер жиі жарияланады. Мұндай көріністерді көрген кейбір әйелдер өз өмірін басқалардың өмірімен салыстыра бастайды. Салыстырудан көңілде қанағатсыздық пайда болады. Ал шын мәнінде әлеуметтік желі–өмірдің толық шындығы емес, тек оның бір сәті ғана. Психологтар мұны «салыстыру синдромы» деп атайды. Адам өзіндегі бар нәрсеге емес, өзгеде бар дүниеге қарап бағалай бастайды. Соның салдарынан қарапайым көңіл, жылы сөз, сыйластық сияқты маңызды дүниелер екінші орынға түсіп қалуы мүмкін, – дейді ол.
Иә, шынында сыйлық маңызды емес, көңіл маңызды. Мереке күні әйелдерді қуанту үшін ыстық тамақ әзірлей салу, тіпті ыдыс жуа салу да жұбайыңызды қуантары анық. Осының өзі үлкен сыйлық емес пе? Балаларды алып қалып, әйеліңізді құрбыларымен шай ішуге жіберудің өзі – үлкен сыйлық. Сондықтан «Көңіл бір атым насыбайдан қалады» деп қазақ бекерге айтпаған болар. Жылы сөз айту, құшақтау, қошеметтеу де ақша талап етпейтін сыйлықтың бір түрі. Бір-бірлеріңіздің көңілдеріңізді кірлетпеңіздер!
8 наурыз – жарысу күні емес, әйелге құрмет көрсететін күн. Біреудің үлкен гүл шоғы, біреудің шағын раушаны болуы мүмкін. Ең басты сыйлық – отбасының амандығы мен жақындарының жылы бір ауыз сөзі. Сондықтан әлеуметтік желідегі көріністерге қарап өмірді өлшеу – жаңсақ түсінік. Шынайы бақыт көбіне жарияланбайды, ол отбасының ішінде, қарапайым күндердің өзінде өмір сүріп жатады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




