185 мың отбасы баспана жағдайын жақсартқан
Үкімет отырысында Премьерминистр мемлекеттік органдардың назарын тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын орындаудың маңыздылығына аударды.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл ретте қалаларда қолайлы, жайлы ортаны қалыптастыруға көңіл бөлу керек. Мектептер мен балабақшалар, ауруханалар жақын әрі қолжетімді болуы тиіс. Тиісті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да озық қарқынмен жүруі керек. Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек», – деген Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «Бәйтерек» холдингімен және әкімдіктермен бірлесіп, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша өңірлік бағдарламаларды іске асыруды жандандыруды тапсырды.
Жиында Олжас Бектенов құрылыс қарқынын сақтап, сапаны бақылауда жасанды интеллект жобаларын жеделдету мәселесін де сөз етті.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететін, ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтижеге қол жеткізу басты мақсат болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл міндетті іске асыруға құрылыс секторы тың серпін беретіні анық. Өткен жылы салада 16 пайыз деңгейінде өсім сақталды. 20 миллион шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді. 185 мың отбасы баспана жағдайын жақсартты. Биыл да құрылыс қарқынын сақтай отырып, тұрғын үйді қолжетімді ету бағытында жұмысты жалғастыру керек», – деді Премьер-министр.
Айта кетсек, Үкімет ел азаматтары үшін мемлекеттік қолдау құралдарын алуды оңайлатуға мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдаған болатын. Атап айтқанда, тұрғын үй саясатында негізгі рөл атқаратын «Отбасы банкі» АҚ ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Тізімдерді цифрлық форматқа көшіру адам факторын барынша азайтып, тұрғын үйді есепке алу мен бөлу рәсімдерінің ашықтығын арттырды. Сондай-ақ «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша жалпы көлемі 233 миллиард теңгеге 8,5 мыңнан астам несие берілді.
Үкімет отырысында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды.
«Мемлекет басшысы ха лыққа Жолдауында құрылыс қарқыны қауіпсіздік пен сапаға кесірін тигізбеуі керек екенін атап өтті. Өткен жылы құрылыстың сапасына қатысты ресми түрде 63 мыңнан астам шағым келіп түскен. Жаңа Құрылыс кодексі осындай олқылықтардың алдын алуға бағытталып отыр. Ол ескірген нормалардан халықаралық стандарттарға, цифрлық және автоматтандырылған технологияларға көшу арқылы бүкіл саланы жүйелі түрде жаңартуды қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бүгінде Құрылыс кодексі аясында мемлекеттік бақылау күшейтіліп, тексеруші органдарға жаңа құралдар, оның ішінде цифрлық технологиялардың кең ауқымы ұсынылып отыр. Мәселен, нысандарды қабылдап алу кезінде құрылысты бақылау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің міндетті түрде қатысу тетігі енгізілді. Бұл апаттар мен өрт қаупін азайтуға мүмкіндік беретін болады.
Үлестік құрылыс саласында талаптар қатаңдатылды
Бұдан кейін мемлекеттің тиісті рұқсаты мен кепілдігі болмаса, құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын тарта алмайтын болды, ал банктер ипотека бермейді. Бұл туралы Премьер-министр үкімет отырысында мәлімдеді. Сондай-ақ ретсіз және заңсыз құрылыстардың алдын алу, сондайақ мектептер мен ауруханалардың тапшылығы сияқты жағдайларды болдырмау үшін түбегейлі жоспарлау жобаларын түзетуге бақылау барынша күшейтілді. Құжатта сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге баса назар аударылған.
«Мемлекеттік бақылау күшейтілген. Тексеруші органдарға жаңа құралдар, оның ішінде цифрлық технологиялардың кең ауқымы ұсынылды. Нысандарды қабылдап алу кезінде құрылысты бақылау органдары мен төтенше жағдайлар қызметтерінің міндетті түрде қатысу тетігі енгізілді. Бұл апаттар мен өрт қаупін азайтуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар құрылыс саласын цифрландыру ісіне ерекше көңіл бөлінеді. Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырып, әртүрлі жүйелерді «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіруге және артық бюрократия мен мерзімдерді қысқартуға мүмкіндік береді. Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне биылғы шілде айының соңына дейін жобаларды сараптау бойынша жасанды интеллект модульдерінің пилоттық режимдегі жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар өңірлер әкімдіктеріне 1 маусымға дейін бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарларды Қала құрылысы кадастрына көшіруді жалғастырып, саланы цифрландыру бойынша барлық жоспарды жеделдету тапсырылды.
Үкімет отырысында Премьерминистр бірқатар тапсырма берді. Екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекасын жетілдіру бойынша жаңа тәсілдер әзірлеуде мемлекеттік бағдарламаларға жүктемені азайту мақсатында қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамытып, көлемін ұлғайту қажет. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын және тұрғын үймен қамтамасыз ету құралдарын одан әрі жетілдіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуі тиіс.
Сонымен қатар «Отбасы банк» АҚ өз кезегінде халықтың осал санаттарын қолдауға баса көңіл бөлуі қажет. Құрылыс кодексі аясында нормативтік актілерді уақытылы жаңарту бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 1 шілдеге дейін нормативтік актілерді жаңартып, қабылдауды, сондай-ақ оларды іске асыру кезінде үздіксіз бақылап отыруды қамтамасыз етуі тиіс. Құрылыс көлемінің жыл сайын өсуіне байланысты құрылыс материалдарына да сұраныс артып келеді. Сондықтан тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу, сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мақсатында қажетті құрылыс материалдарын өндіру жобалары жүзеге асырылып жатыр. Биыл елімізде осындай 38 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Өнеркәсіп министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, олардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстандықтарға 18 мың жеңілдетілген ипотека беріледі
Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, саланы жандандыру үшін құрылысты қаржыландыру, дайын пәтерлерді сатып алу, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және қолжетімді ипотекалық құралдарды кеңейту бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатыр.
«Былтыр осы бағдарламалар аясында 218 миллиард теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынып, олар тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Сонымен қатар 14 мыңнан астам кредиттік тұрғын үйді салу мен сатып алуға 140 миллиард теңге бөлінді. Бұдан бөлек, 10,5 мың жер учаскесіне инженерлік желілер тартылған. Ал 68 миллиард теңгеге 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен 5 мыңнан астам жеңілдетілген ипотекалық несие берілді», – деді ведомство басшысы.
Министрдің мәліметінше, «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары аясында да тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп, 233 миллиард теңгеге 8,6 мың несие берілген. «Биыл жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы шамамен 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу мен сатып алуға 155 миллиард теңге бағыттау, сондай-ақ 18,2 мың жеңілдетілген ипотекалық несие беру жоспарланып отыр», – деді Е.Нағаспаев.
Сонымен қатар биылдан бастап жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу және инженерлік инфрақұрылым тартуды қаржыландыру өңірлер мен жергілікті бюджеттерге берілген жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты министр өңір әкімдіктеріне аталған бағыт бойынша жеткілікті қаржыландыруды алдын ала пысықтауды тапсырды.
Биыл 18,5 миллион шаршыметр тұрғын үй салынады
Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында Үкіметке жеті жыл ішінде 111 миллион шаршыметр тұрғын үй салуды тапсырған болатын. Осы мерзім аралығындағы үш жылда тұрғын үй құрылысы жоспарланған көрсеткіштен асыра орындалуда. Мәселен, былтырғы жоспар 19,2 миллион шаршыметр болған болса, жыл қорытындысы бойынша ол рекордтық көлемде жүзеге асқан, яғни 20,1 миллион шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы, жоспарлы көрсеткіш 18 өңірде артығымен орындалды. Биылғы тұрғын үй құрылысының болжамды көлемі 18,5 миллион шаршыметрді құрамақ және қосымша шаралар қолданылған жағдайда бұл көрсеткішті арттыруға мүмкіндік бар. Ең жоғары көлем Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болады деп болжанып отыр.
Жалпы, тұрғын үй с аяс атын біртіндеп жүзеге асыру азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өте маңызды. Мысалы, өткен жылы мамырда заңнамаға түзетулер енгізіліп, әкімдіктердің тұрғын үйді есепке алу және бөлу функциялары «Отбасы банкке» берілген болатын. Сонымен қатар, тұрғын үй туралы заңға түзетулер енгізіліп, бұрын «сатып алу құқығы жоқ» жалдамалы тұрғын үйді жеке меншікке аударуға рұқсат берілді. Нәтижесінде өткен жылы 15 мыңнан астам азамат аталған құқықты пайдаланған.
Сонымен қатар тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау арқылы 11 мыңнан астам азамат көмек алған, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге бөлінді. Биыл да жалдау ақысын сол көлемде субсидиялау жоспарланып отыр.
Құрылыс саласындағы қызметтер онлайн-форматқа көшірілді
Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев еліміздің құрылыс саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер толығымен онлайн-форматқа көшірілгенін хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігі Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігімен бірлесіп, құрылыс саласын цифрлық трансформациялау картасын жүзеге асыруда. Құжат процестерді цифрландыру арқылы саланың тиімділігін арттыруға жəне қала құрылысын жоспарлау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда 20 бизнес-процесс цифрландырылды. Сондай-ақ электрондық келісімшарттар, құжаттарды автоматты тексеру, цифрлық актілер, API арқылы мониторинг жəне BIM-технологиялар енгізілетін болады. Нəтижесінде, рəсімдердің ашықтығы артып, қызмет көрсету мерзімдері қысқарып, саланың тиімділігі 46 пайызға дейін өседі», – деді ол.
Министрдің айтуынша, бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі жəне барлығы онлайн форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнес үшін қызмет алуды жеңілдетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызметтердің 96 пайызы электрондық форматта көрсетілді. Бұл саланы цифрландыру деңгейінің жоғары екенін аңғартады. 2026 жылғы 9 қаңтарда 2026-2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландыру жоспары бекітілді.
2025 жылдың соңында Астана қаласында құрылыс барысын компьютерлік көру жəне жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Жыл соңына дейін жобаны кеңінен тарату жоспарлануда. Жүйе жер учаскелерін мақсатсыз пайдалануды жəне қала құрылысы жоспарларынан ауытқуларды ерте кезеңде автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл превентивті бақылау құралын қалыптастырып, құрылыс барысына жедел мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.
«Құрылыстағы бірыңғай цифрлық тəсіл 3 бағытқа негізделген. Деректерді орталықтандыру барлық жүйелерді біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіреді. Сəйкестендірудің ашықтығы нысандарға цифрлық паспорттар беруді қамтамасыз етеді. Өзара іс-қимылды автоматтандыру адами фактордың əсерін төмендетеді. Бұл құрылыс саласын басқару тиімділігін арттырады. Сондай-ақ объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде бірыңғай деректер негізінде цифрлық басқару моделі енгізілуде. Цифрлық құралдар процестердің ашықтығын арттырып, шығындар мен тəуекелдерді азайтады жəне алдын ала басқаруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына ықпал жасайды», – деді Ж.Мәдиев.
Оның айтуынша, құрылысты цифрландыру саланы барлық қатысушылар үшін тиімдірек, ашық əрі қауіпсіз етеді. Мемлекетке жер мен бюджет қаражатын пайдалануды қадағалау жеңілдейді. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тəуекелдері азаяды. Цифрлық шешімдер бизнеске бюрократияны болдырмауға, рұқсаттарды тезірек алуға жəне дизайн шығындарын азайтуға көмектеседі. Азаматтар үшін бұл цифрлық бақылаудың арқасында құрылыс сапасының артатынын жəне тұрғын үйді сатып алар алдында нысан туралы толық ақпаратты алдын ала білу мүмкіндігінің бар екенін білдіреді.
«Тұрғын үй бағасы төмендемейді»
Үкімет отырысында осылай деген «Отбасы банк» АҚ басшысы Ляззат Ибрагимова тұрғын үй бағасына қатысты болжамын айтты. Оның айтуынша, 2026 жылы нарыққа 2000 жылдары туған балалар келеді.
«2000 жылы бізде 222 мың бала дүниеге келген. Ал 2007 жылға қарай 321 мың 900 бала туды. Яғни, сол жеті жыл ішінде өсім 15-20 мыңға жетті, ал қазір сол жастар нарыққа енуде. 2000 жылы туғандар қазір 26-27 жаста, олар тұрғын үй нарығында жоғары сұраныс тудырып жатыр», – деп атап өтті ол.
Ляззат Ибрагимованың сөзінше, былтыр Қазақстанда 20,5 миллион шаршыметр тұрғын үй немесе 150 мыңнан астам пәтер салынды. Ал олар түрлі бағдарлама бойынша және екінші деңгейлі банктер арқылы белсенді түрде сатылып жатыр.
«2009 жылға дейін айтарлықтай өсім болды деп айта аламын, біз мұны қазіргі неке санынан көріп отырмыз. Қазақстанда жыл сайын 120 мыңнан 130 мыңға дейін неке тіркеледі. Былтыр ең төменгі көрсеткіш тіркелді – 114 мың неке. Ал жаңа отбасы құрылған кезде, олар ең алдымен үй сатып алуды жоспарлайды. Сондықтан 2000 жылдан 2009 жылға дейінгі бұл демографиялық процесс 2026- 2027 жылдары тұрғын үй сұранысына да айтарлықтай әсер етеді. Баға төмендемейді, мұны нақты айта аламын. Әртүрлі факторлар болады. Екінші нарық тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бастапқы нарықта көп нәрсе құрылыс материалдарының, шикізаттың және жалақының құнына байланысты болады. Бірақ демографиялық көрсеткіштер мен қазіргі көрсеткіштерге қарағанда, төмендеуі екіталай», – деді «Отбасы банк» АҚ басшысы.
Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




