Бұл – ержүрек майдангер, қарымды қаламгер жерлесімізге деген зор құрмет еді. Басым көпшілік бұл мемлекеттік жоғары марапатты ризашылықпен орынды қабылдады. Бірақ, ой түбінде «Бұл атақ Баукеңе неге көзі тірісінде берілмеді? Неге оның еңбегі дер кезінде бағаланбады? Неге біз осы әрдайым кешігіп жүреміз? Неге солай?..» деген көп сұрақ туындап, жүрек түбінде жұмбақ бір қыжыл тұрды. Замандастарының айтуынша, Бауыржан деген тастай берік, қара ағаштай қайыспайтын ерекше адам еді. Ол Батырлығын да, генералдығын да ала алмады. Сол күйінде іштен тынып, үндемей кетті. Ол ешуақытта, еш жерде өкпе-назын айтпаған екен. Ия, Бауыржан атамызға ол атақты халық ертеден-ақ беріп, еңбегі мен қайраткерлігін қадірлеп, ерекше қастерлеп, аңыз адамға айналдырып жіберіп еді...
Енді, мына соңғы берілген атақ тек оның артында қалған ұрпағына керек, оның өмірін жалғастырып жатқан ұрпағына мақтаныш, алдағы уақытта жазылатын өмірбаянына керек дерекдүние. Ия, солай... Осылай ой тізбегін санамда зерделеп, саралап отырған сәтте қазаққа аянбай қызмет еткен, ұлтын жанындай сүйген талай айтулы азаматтардың тағдыры көз алдыма көлбеңдеп келе берді. ...1978 жылы көрнекті мемлекет қайраткері, негізсіз «халық жауы» атанып, репрессия құрбаны болып, атылып кеткен Темірбек Жүргеновтің 80 жылдығы Алматыдағы партия тарихы институты жертөлесінде өткен. Сонда көркемсөз шебері, танымал зерек жазушы Ғабит Мүсірепов сол кездегі мәдениет министрі Еркінбек Жексенбековке қарап:
– Еркінбек, қарағым! Екі «Волгаң» бар екен. Бірақ түк бітірмей отырсың. Түк бітірмегенің сол, мына Жүргенов қайраткерді құлағың естіді. Ат-арбамен, полуторкамен жүріп-ақ, Қазақстанда 4 мыңдай, бір Алматының өзінде 18 мектеп салдырғанын былай қойғанда, опера және балет театрының іргетасын өзі қалап кетіп еді. 3 мың адам еркін отыратын опера театры тұрғанда 150 адамдық жертөлеге жинап отырсың. Кең залға халықты жинамадың ба? Еңбегі бар еді ғой!, – деген екен Ғабең.
Біле білген адамға ой тудыратын, қытығына тиетін қандай ауыр сөз. Еліне аянбай еңбек еткен, оның дамуына барынша тер төккен қайраткерді «Өзі жоқтың – көзі жоқ» дегендей, «әйтеуір туған күнін атап өттік» деу түкірігі жерге түспей тұрған атқамінерлерге жараса ма? Адамды атқарған ісіне қарап неге бағаламаймыз? Қайран қанша ерлердің қызметі, халқына берген еңбегі көзі тірісінде елеусіз «көлеңкеде» қалды? Неге? Оған кім кінәлі? Алысқа бармай-ақ кезінде халықтың мақтанышына айналған тамаша сазгеркомпозитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен тағдырын бір сәт еске алайықшы. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, сылдырап аққан бұлақ суындай тап-таза сыңғырымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленіп еді. Оның шығармашылық жағынан сіңірген еңбегі қазақ эстрадалық әндерінің әуенін ұлттық нақышпен құнарландыруында, яғни халықтық қайнармен қабыстыруында болатын. Халық сондықтан оны құрметтеді, сыйлады. Тіпті сөздің мәйегін шығаратын айтушылар, «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» дейтін. Өйткені оның әні айтылмайтын бір көңілді басқосу, бір той мен кеш болмайтын жылдар болды.
Жаратқан Ием оның бойына ерекше талант берген, көпшілік арасында «вальс падишасы» деп танылған ол мына жарық дүниеде қалай өмір сүрді, сол кездегі мемлекет басшылары оның ерен творчествосын қалай бағалады, қандай марапат-наградалар берді, қандай атақтарға ие болды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Біраз жылдар Шәкеңе іні ретінде, оған хирургиялық ота жасаған дәрігерхирург ретінде жақын жүріп, ой-пікір бөлісіп, сырлас болдым. Кездескен сайын оның көздері күлімдеп тұрса да, жүзінен баршамызға түсініксіз бір мұң бар еді, жүрегінде әркімге айта бермейтін ауыр шер барын сезетінмін. Мына пәтуәсіз, тиянақсыз, аласұрған сайқымазақ дүниеде неге ол тынымсыз ел кезіп, сынаптай сырғып, тайғанақтап, (біресе Алматыда, біресе Жамбылда, біресе Шымкентте және т.б.), таза маңдай терімен жазған, кімнің болмасын жүрек қылын тербеткен тамаша шығармаларының рахатын, жанын жадыратар, жүрегін жылытар саз өнеріндегі еңбегі сол кездегі мемлекет басшыларынан қошемет көрмеді-ау, қайран Шәмші! Еңбегіне күнделікті тұрмыс-тіршілігі, өмір сүруі сай болды ма? Әй, қайдам, мен үшін ауыр сұрақ, батыл кесіп еш айта алмаймын...
Шәкең Алматының қапырық ауасынан, көшенің тынымсыз шуынан «қашып», жанға жайлы, жасыл желек жамылған, саф ауасы тынысыңды ашар Жамбыл қаласы маңына қоныс аудармақ болып, облыстың сол кездегі басшысы Хасан Бектұрғановқа жолығып, компартияның жергілікті хатшысы, жерлесі Тұйғынбек Темірбековтың қолдауымен қала маңындағы дүнгендер шоғырланған Жалпақтөбе ауылына таяу, Талас өзеннінің бойынан шағын жер алып, болашақ үйдің қазығын қағып, іргетасын қалап, оның қасынан уақытша тұрақ ретінде автомашинасына гараж салып, оны 17-18 жылдай баспана етіп тұрғаны жамбылдықтарға мәлім. Бірақ сол уақыттағы жергілікті билік иелері мен «қалталы азаматтар» күш біріктіріп, неге Шәкеңнің арманына қол жеткізу күнін жақындатып, оның көңіліндегідей ыңғайлы үй салып бермегені осы күнге дейін көпшілікке жұмбақ. Ол, сірә, Шәкеңнің бойында басқалардай сұғанақ мінезінің жоқтығынан, тым қарапайымдылығынан болған шығар. «Барына береке берсін» деген пейілмен, үйреншікті қарапайым тұрмыс-тіршілігін дөңгелетіп, билікті асықтырмаған болу керек. Ал атқамінерлер «Жыламаған балаға емшек бермейді» деп бейжайлық, немқұрайлық танытып, қолұшын беруге, көмек беруге асықпаған болар.
Шәмші аға 1991 жылы қатты ауырып, жаны күйзелгенде жақын достарының көмегімен алыстағы Шәуілдір ауруханасынан Алматыдағы «совмин» ауруханасына ауыстырылады. Қатты науқастанып жатқан Шәмші Қалдаяқовқа Алматы қаласының сол кездегі әкімі Заманбек Нұрқаділов үлкен азаматтық танытып, оған және Әсет Бейсеуовке «Қазақстанның Халық әртісі» деген құрметті атағын алуға септігін тигізді. «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғарлық» деп Абай атамыз айтқандай, бұл да болса дарынды жан Шәмші Қалдаяқовтың жаралы жанына демеу болар деген үлкен үміт еді. Себебі сол кездері көпшілік халық әндерін жатқа айтқанымен, сүйіп орындағанымен, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Шәмшінің бұл өмірдегі қиындықтарынан тым бейхабар еді.
Бұл атақ берілгеннен кейін Шәмші небәрі 2 ай 10 күн өмір сүріп, мына мың құбылған жарық дүниеден (29.02.1992) өтті. Одан кейін он бес жылдан кейін, яғни 2006 жылы Шәкеңнің «Менің Қазақстаным» әні еліміздің Әнұранына (Гимніне) айналды. Көп уақыт өтпей Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Ал 2023 жылы мемлекетіміздің ең жоғары наградасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бірақ, өкінішке қарай, мұның бәрі тым кеш еді. Әрине, ештен кеш жақсы деген, дегенмен ақын Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың: Қалдырмай ескерусіз бір ісін де, Талантты қадірлеңдер тірісінде! Кейде біз ондайлардың жасы түгіл, Келеміз қадірлемей ірісін де!, – деген бір шумақ өлеңі көп нәрсені аңғартқандай.
Менің ойымша, осы Шәкеңнің тағдырындай, яғни тағдырлас жандардың қатарына ұлтжанды, отансүйгіш асыл азамат, ұлттық мәдениетіміздің көкжиегін кеңейткен мемлекет және ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековты жатқызуға болады. Ол өмірден өткеннен соң көзкөрген замандастары, қызметтестері ол туралы нешебір жүрек тебірентер, тіпті көз боталайтын естеліктер жазып жатыр. Жалпы алғанда, халық өзінің адал, таза жүректі, адами қасиетері мен іскерлігі ерен перзенттерін ұмыта қоймас. Олар халық жүрегінде жаңғырып ұзақ уақыт жүре бермек. Сол Өзбекәлі ағамыз қазақ халқының тарихын, салт-тәстүрін, мәдениетін, этнографиялық өнерін сақтап қалуға қалай аянбай еңбек етті?! Ұлттық фольклорлық оркестрлер мен музейлерді табандылықпен аштырып, талай асыл ата-бабаларымыздың есімін ерен қайсарлықпен халыққа қайтарып, қазаққа ерте замандағы айтыс пен Наурыз мерекесін оралтты.
Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» қорықмузейінен 1935 жылы бір желеумен «қолды болған» Тайқазанды 1989 жылы жанқиярлықпен Санкт-Петербордан кері қайтартты. Ол мәдениет министрі болған кезде қазақтың сәулет ескерткіштеріне айрықша мән берді, сандаған өнер театрларын ашып, 400-дей археологиялық нысанды қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстанбаб кесенелері де бар.
Ия, ол парасаттылығымен, білімділігімен, ойының тереңдігімен «Өлгенімізді тірілткен» керемет жан еді ғой. Жүрген жерінде, қызметінде халқымыздың болашағын терең ойлады, жастардың келешегіне толғанды. «Өзбeкәлi Жәнiбeкoв – тiк мiнeздi, epжүpeк, тaбиғaтынaн aдaл жaн еді. Кeз кeлгeн жaйтқa бeйжaй қapaмaй, шындықты aшып aйтap бipбeткeйлiгiмeн тaнылғaн азамат. Өзгe ғaнa eмec, өзiнe дe қaтaл тaлaп қoйып, бacтaғaн iciн coңынa жeткiзбeй тынбaйтaн тaбaнды eдi. Өзeкeң өмip бoйы тypa жүpiп, тeк aқиқaт шындықты ғaнa aйтyғa тыpыcқaн өp кeyдeлi, қыpaн мiнeздi, кeceк бiтiмдi тұлғa бoлaтын. Өзбекәлі кеңес билігімен жиі сөзге келіп қала берді. Қисынсыз шешімдерді бұзудан қорықпады. Қызметтен айырылып қаламын деп еш сасқан жоқ. Бірде үкіметке қазақ жастарын мал шаруашылығына жаппай жіберу, ал қыздардан трактор бригадаларын құру ұсынысы енгізілді. Өзекең оған қарсы екенін ашық айтты.
Жастарды өнер-білімге баулуға жағдай жасады. Осы жолда өзінен жоғары тұрған басшыларға қарсы шығудан именбеді», деп еске алады замандастары. Ол тік мінезділігі, қайсарлығы, ұлтжандылығы билік иесіне ұнады ма? Әрине, жоқ. Зейнетке шығар алдынан біраз бұрын белгісіз себептермен орынсыз қызметінен шеттетіліп, соның салдарынан бойындағы дерті асқынып, қиналып, адам аяр халге жеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Неге сол кезеңдерде қадірлеп, оған көмек қолымызды созбадық? Неге? Қайсар азамат 1998 жылы өмірден озды.
Бүгіндері әдебиеттанушылардың аузынан су кетіп «Ол – қара сөздің қас шебері, нағыз сөз зергері, тамаша классик жазушы еді», – деп жүрген қарымды қаламгер Тәкен Әлімқұлов көзі тірісінде мына аласапыран, сайқымазақ жарық дүниеден өзінің тиісті орнын, еңбегінің бағасын сезінді ме екен? Ол өмірдің ащы мен тұшысын қатар көріп, өте қарапайым тіршілік етті.
«Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның б ә р і өзгермек…» – деген Абайдың қанатты сөзін жүрегімен терең түсінді. Ол басқалар секілді менмендікке салынып «Мен сондай керемет жазушымын», «Мен классикпін» деп кеудесін кермеді, басқаларға ұқсап атақ пен марапатқа таласпады. Тіпті ортан қолды жазушылар ие болып жатқан Мемлекеттік сыйлыққа да қызықпады. Олардың барлығы өткінші дүние екенін білді. Жаны тыныштықты, қарапайымдылықты жақсы көрді, айқай-шудан, тәккапарлықтан алыс жүрді. Сөйтіп, ел арасында асықпай, аптықпай, «аяңдай» жүріп, қара халықпен жаны бірге болып, дүниеге қызықпай, ешкімнен ешнәрсе сұрамай, сұғанақтанбай, «маған мынаны жасап бер» деп өтінбей, еңбегін дабыра етпей, даңғазалыққа жол бермей, жұпыны күйде өмірден өтті.
Қандай мінез, қандай салмақтылық, қандай ұстамдылық, қандай қарапайымдылық десеңші? Қайталанбас тұлға демей, не деуге болады? Тағы бір ойға келер дүние – қасіретке толы дүлей соғыста ерекше ерлік көрсеткен қазақтың азаматы Рақымжан Қошқарбаевтың тағдыры дер едім. Бірде Жеңіс күнінің қарсаңында Бауыржан Момышұлы туралы газетке мақала дайындамақ болып «Лениншіл жас» газетінің тілшісі Кәкімжан Қазыбаев Баукеңе келеді. Сонда Бауыржан Момышұлы: «Қарағым, мен туралы талай мақала жазылды емес пе?
Сен одан да анау сұрапыл соғыста оқ борап, тажал оғы себелеп тұрған сәттерде, жеңіс үшін жанын пида етуге дайын болған ер, алғашқы болып Рейхстаққа ту тіккен жаужүрек қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев туралы жаз. Ол жаны мен жүрегін оққа төсеп, көзсіз ерлік жасаған азамат. Орыс шовинистері оның ерлігін соңғы кезге дейін жария етпей, бүркеп келеді. Сол өкінішті. Оның жасаған ерлігін дүйім ел-жұрт, қазақ елі білсін. Ол – осы күнге дейін ортамызда еленбей жүрген нағыз ержүрек батыр!..», – деп ұсыныс жасайды.
Содан К.Қазыбаев майдангер Р.Қошқарбаев туралы зерттеуге кірісіп, деректер жинап, бірнеше рет сұхбат алып, архивтерді ақтарып мақалалар жариялап, повесть жазып, «Рейхстакқа ту тіккен қазақ» атты кітап шығарады. Сөйтіп, қарапайым жұмысшы болып жүрген батырымыз Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін әлемге паш етті. Әділдікті көлеңкелеп келген империяның талай жылдар бойы жасырып келген шындығын елге жеткізді. Кейінірек Кеңес одағы ыдырап, егемендіктің таңы атқанда даңқты батыр Рахымжан Қошқарбаевқа майданда көрсеткен ерекше ерлігі үшін еліміздің ең жоғары наградасы «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» қадалды. Бірақ батыр 1988 жылы өмірден өтіп кеткен еді. Кеш болса да ердің ерлігі орынды бағаланды, туған ауылына есімі беріліп, ескерткіш орнатылды, мектептерге, көшелерге аты берілді. Ал өкінішке қарай, аты мүлдем аталмай кеткен халық ортасында қарапайым тіршілік еткен тағы басқа талай бекзаттарымыз бар емес пе?
Ұлт тағдырына немқұрайлы қарамай өмір сүрген, әрбір қазақ үшін есімі аяулы, өз ойын ашық та батыл айтып, әділдік пен шындықты ту етіп өмірден өткен Шерхан Мұртаза ағамыз да көзі тірісінде мемлекет басшыларынан бірер атақ (Мелекеттік сыйлық, «халық жазушысы») алып, халықтың қолдауымен Парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды. Бойындағы Құдай берген таланты мен дәрежесі одан едәуір төмен қаламгержазушылар «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алып жатқанда Шерағамызға ол атақтарды қимаған басшылардың ниетін не деп бағалауымыз керек? Тіпті зейнеткерлікке жасы жеткеннен соң оны қызметсіз қалдырғанын қалай естен шығарамыз?
Қазақтың «Желге қарсы түкірме» деген сөзінің жаны бар ма деп ойлайсың кей кезде. Басшылардың ығына жығылмасаң, сөзін қолдамасаң, «шотын» шаппасаң, олар алакөзденіп не наградаға, на атаққа ұсынбайды. Көріп жүрміз емес пе бұл күндері кімдер марапатталып, кімдер жиындардың алдыңғы қатарында отырып жүргендерін. Бірақ Шераға әділет үшін күресіп, халықтың мұңын, өмірдің шынын айтып, желге қарсы қасқая өскен шынар сияқты, ел алдында ары таза күйінде өмірден өтпеді емес пе? Оның бойындағы бұл ерекше азаматтық қасиетін, батылдығын, қайраткерлігін, айтқыштығын, өмірлік ұстанымын неге қолдамаймыз?
«Әділдікті айтып, ағайыныңа жақпайсың» деп қазақ бекер айтпаған ба? Неге жасырын күбірлейміз де, ашық әңгімеге келгенде тайғақтаймыз, әділдіктен, шындықтан қашамыз? Шүкір, Шерхан аға өмірден өткеннен кейін оны халық ерекше құрметтеп, есімін ұмытпау мақсатында біраз игілікті іс-шаралар атқарылды. Тараз қаласындағы Халықаралық университетке (ТИГУ-ге) аты беріліп, оның алдына көзтартымды ескерткіші қойылды, қала орталығындағы бір көшеге Шерхан Мұртаза есімі берілді, Шерхантану орталығы ұйымдастырылып, бірнеше мектепке аты берілді, Жуалы өңіріндегі ол туған топырақтағы Талапты аулындағы үйі Шерхан Мұртаза атындағы әдебимемориалдық музейге айналдырылып, бірнеше естелік кітаптар шығарылып, жылда оқушылар фестивалі өткізілуде. Еліміздің басқа өңірлерінде де Шерхан ағаның атындағы мектептер бар. Оған тәубе делік! Бірақ оның барлығы ол дүниеден өткеннен кейінгі шаралар еді. Көзі тірісінде билік иелерінен сондай терең құрметті сезбей, көрмей кетті. Сол өкінішті...
Ойға беріліп, тізе берсек көзі тірісінде ардақталмаған, құрметтелінбеген қазақтың талай ұлы перзентерінің («Қарсы қарап жүземін ағындарға, Кеудемде қимылдаған жаным барда» деп жырлаған аса дарынды мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, Италиядағы Ла-Скалада өнерін шыңдаған алғашқы қазақ, талантты әнші-тенор Амангелді Сембин, өте сирек кездесетін контратенор сарынды «қаздауысты» опера әншісі Ерік Құрманғалиев және т.б.) тағдыры еске түседі. Қайран өте шығар мың құбылған мына алдамыш дүние-ай!..
Бүгін біз ғибратты өмірлері мен тағыдырларына шолу жасаған жандардың барлығы мына фәниде, жалған дүниеде жоқ. Көк жүзінде жарқ еткен найзағайдай, түнгі аспанда аққан құйрықты жарық жұлдыздай өте шықты өмірден. Жатқан жерлері жарық, топырақтары торқа болсын! Ия, ой елегінен өткізсек, санаға салмақ салар дүние аз емес-ау, тегі, аз емес!.. Терең ой еріксіз тұңғиыққа жетелеп кете береді... Қашан да әділдік жеңіп, әр жақсылық, шынайы өмір өз бағасын дер кезінде алып, орынды бағаланып жатса мына жарқын өмірде өмір сүру де жеңілдеу болар еді-ау деп ойлайсың кей кезде. Бұл адамда, бұл пендеде ой таусылған ба, сірә?! Бірақ әр нәрсе уақтысында бағаланып, өз дәрежесінде құрметтеліп жатқанга не жетсін, шіркін!
Сағындық ОРДАБЕКОВ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




