Әлі де кәсіпкерлер арасында жаңа Салық кодексіне енген өзекті сұрақтарға түсіндірмелер беру қажеттілігі туындап отырғаны белгілі. Яғни, арнаулы салық режимін (АСР) қолдану туралы хабарлама ұсынылмаған жағдайда, қандай міндеттемелер туындайды және оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге кез келген уақытта көшуге бола ма? Сонымен қатар патентпен немесе арнаулы мобильді қосымша негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кәсіпкерлер ары қарай жұмысты жүргізу үшін не істеу керек? Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимнің қандай ерекшеліктері бар, не үшін керек бұл режим? Қандай жағдайда бухгалтерлік есеп жүргізу міндеттеме туындайды? Салықтық жеңілдіктер және тағы да басқа сұрақтарға Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов пен Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Азамат Богенбаев жауап берді.
– Көпшілікке белгілі болғандай, биыл жаңа Салық кодекс қолданысқа енгізілген. Салық кодексімен үш ғана арнаулы салық режимі көзделген: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимдері. Кәсіпкерлер жиі қоятын өзекті сұрақтардың бірі – бұл жаңа Салық кодексінің өтпелі ережелерге сәйкес арнаулы салық режимдер болып табылады, оның ішінде ең маңыздысы бұл, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолдану үшін бизнес субъектілері 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет болатын. Анықтама ретінде айтатын болсақ, облысымыздағы АСР қолдануға шарттарға сай келетін 80 мың кәсіпкерлерден, АСР қолдануға хабарлама ұсынбағаны 8,5 мың (10,7%) кәсіпкерлік субъектілер қалып отыр. Олардың ішінде негізді себептермен хабарлама ұсынбаған кәсіпкерлер де бар, басым бөлігі бұл – жалпыға бірдей тәртіппен есеп айырысатын тұлғалармен жұмыс жасайтындар, жалпы жұмыс істемейтіндер, тарап кету сатысында тұрғандар және тағы басқа. Тағы ескерткім келетіні, 2025 жылы оңайлатылған декларация негізіндегі, бөлшек салық және тіркелген шегерімдер арнаулы салық режимдерін қолданған салық төлеушілер, егер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдануға сай келетін және осы режиммен жұмысты жүргізуді жоспарлаған болса – 2026 жылғы 28 ақпаннан кешіктірмей қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуы қажет болатын, – деді Ерлан Нұрмаханбетов өз сөзінде.
Ал режимді таңдауға хабарламаны келесі тәсілдермен ұсынуға болады: Атап айтсақ, салық төлеуші кабинеті арқылы, «E-Salyq Business» арнаулы мобильді қосымшасы арқылы, орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде және банктердің мобильді қосымшалары арқылы. Хабарлама ұсынылған жағдайда – оңайлатылған декларациядағы АСР 2026 жылдың 1 қаңтарынан қолданады деп есептеледі.
Енді жаңа салық кодексінде өзекті деген сұрақтарды оқырманға түсінікті болу үшін сұрақ-жауап түрінде көрсеткен тиімді болар. Сонымен:
Сұрақ: Аталған хабарлама 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұсынылмаған жағдайда не болады, сондай-ақ оңайлатылған декларация режиміне кез келген уақытта көшуге бола ма?
Жауап: Осы хабарламаны ұсынбаған, яғни режимді таңдамаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне автоматты түрде көшіріледі. Жалпыға бірдей тәртіпте:
1) салық салу 10 пайызбен жүзеге асырылады (салыстырмалы түрде АСР 2%, яғни 5 есеге көп);
2) бухгалтерлік есептемелерді жүргізуге міндеттеме туындайды;
3) табыстарыңыз шекті мөлшерлемеден асқан жағдайда (43,2 млн. тг.) ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу және ҚҚС 16 пайыз ставкамен төлеуге міндеттеме туындайды;
4) оңайлатылған декларация негізіндегі АСР-ге көшуді тек бір жыл өткен соң ғана жүзеге асыра аласыз.
Сұрақ: 2025 жылы патент немесе арнайы мобильді қосымша негізінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған тұлғалар, ары қарай кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келсе не істеу керек, кәсіпкерлікті жабу керек пе?
Жауап: Егер патентпен немесе мобильді қосымшамен жұмыс істеген кәсіпкер ары қарай кәсіпкерлік жұмыс жасауды шешсе, оларға екі жол бар: Біріншісі – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимге көшуге болады, ол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін шарттарға сай келу керек. 1) арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесіндегі қызмет түрі келу керек (рұқсат етілген 40 қызмет түрі бар, мысалы: такси қызметі, жеке немесе жалға алынған тұрғын үйді жалға алу (қосалқы жалдау), ветеринариялық қызмет, аяқ киімді жөндеу, шаштараздар, сұлулық салондары және т.б. қызметтері); 2) кәсіпкерлігі болмау; 3) табыс көлемі айына 300 АЕК аспау (1,297 млн.); 4) жалдамалы адам болмауы тиіс. Осы режимді қолдану үшін шарттарға сай келсе, патентпен істеген тұлға жеке кәсіпкерлігін жабу керек. Бұл ретте, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолданудың басталу күні «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чектің қалыптастырылған күні болып табылады. Бұл режим не үшін керек, не пайда одан десек? Бұл режим жалпы микробизнесті көлеңкеден шығаруға және осы тұлғаларды әлеуметтік қамсыздандыруға, яғни базалық әлеуметтік кепілдіктерді беруге бағытталған. Бұл режимді тек жеке тұлғалар ғана қолдана алады (заңды тұлғаларға болмайды). Екінші жолы – оңайлатылған декларация негізіндегі АСР таңдау үшін 28 ақпаннан кешіктірмей хабарлама ұсыну. Егер 2025 жылы патент негізіндегі немесе арнаулы мобильді қосымшаны пайдалана отырып АСР-ін қолданған салық төлеушілер ЖК-і өз бетінше жаппаса немесе оңайлатылған декларация негізіндегі АСР қолдану үшін хабарлама ұсынбаса, онда 2026 жылғы 1 наурызында салық органдары осы санаттағы кәсіпкерлерді автоматты түрде жеке кәсіпкер ретінде есептен шығарады. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Сұрақ: Кәсіпкер немесе заңды тұлға 2025 жылы жалпыға бірдей тәртіппен істеген, оңайлатылған декларациядағы шарттарына сай келіп, осы режиммен жұмыс істеу үшін, хабарлама берген жағдайда қай күннен бастап осы режимді қолданатын болып есептеледі?
Жауап: Салық кодексінің 716-бабының нормаларына сәйкес, жалпыға бірдей тәртіптен арнаулы салық режимге көшу күні – салық салу режимге ауысу туралы хабарламаны табыс еткен күні болып табылады.
Сұрақ: Бұл бухгалтерлік есеп жүргізу туралы, мысалы, біраз кәсіпкерлер жалпыға бірдей тәртіпке ауысып жатыр, осыған орай оларға бухгалтерлік есеп жүргіздіруге міндеттеме туындайды, ал нақты келгенде қандай жағдайда бухгалтерлік есептемелерді жүргізбеуге кәсіпкерде құқық бар?
Жауап: «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңның нормалары негізінде дара кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуді (бастапқы құжаттарды жасаудан және сақтаудан басқа) және қаржылық есептілікті жасауды бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін болса, бухгалтерлік есептемелерді жүзеге асырмауға құқылы:
1) Қазақстан Ре спубликасының салық заңнамасына сәйкес оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданады және күнтізбелік жылдағы табысы айлық есептік көрсеткіштің 135000 еселенген мөлшерінен (583 875000 теңге) аспайды;
2) қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінде тұрмайды;
3) табиғи монополия субъектілері болып табылмайды. Осы тармақта көрсетілген шарттардың бірі сәйкес келмеген жағдайда, дара кәсіпкер осындай сәйкессіздік туындаған айдан кейінгі айдан бастап бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды жүзеге асыруға міндетті. Бір сөзбен айтқанда, осы шарттар бірден сақталған жағдайда, кәсіпкер бухгалтерлік есептерді жүргізбеуге құқылы.
Сұрақ: Жаңа Салық кодексінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Жауап: I және II топтағы мүгедектер үшін Салық кодексінде қолданыстағы 882 АЕК-тен (айына 289 мың теңге) салық салынбайтын табыс салығының ең аз мөлшері 5 000 АЕК-ке (айына 1600 мың теңге) дейін ұлғайтылды. ЖЗҚ-дан зейнетақы төлеу кезінде азаматтарды табыс салығын төлеуден босатты. Азаматтар үшін көлік салығының мөлшері 10 жылдан асқан автомобильден – 30 пайызға және 20 жылдан асқан – 50 пайызға азайды, бұл өзгеріс 2026 жылға төлеу кезінде, яғни 2027 жылдың 1 сәуірінде төлеушілер үшін сезіледі. Прогрессивті салық салуды енгізу шеңберінде жалақыдан стандартты салық салынбайтын шегерім ұлғайтылды. Атап айтқанда, базалық салық шегерім енгізіліп отыр. Осылайша, жалақысы 140 мың теңгеге дейінгі төмен жалақы алатын қызметкерлер табыс салығын төлемейді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




