– Білім саласындағы еңбек өтіліме биыл 39 жыл болады. Отбасымыздан шыққан мұғалім болмаса да мен осы мамандықты таңдадым. Бұл мамандықты таңдауыма себеп болған сынып жетекшім, физика пәнінің мұғалімі Қанымкүл Сейітбекова. Ол кісінің сабақ түсіндіруі, оқушымен қарым-қатынасы, мейірімділігі, талапшылдығы маған қатты ұнайтын. Мектеп бітіргенде сол кісі сияқты физика пәнінің мұғалімі боламын деп шештім. Сөйтіп оқуға түстім. Бүгінде осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді Зағипа Қапашқызы.
Жамбыл педагогикалық институтын бітірген ол еңбек жолын 1987 жылы жолдамамен Қарағанды облысының Сарань қаласындағы Крупская атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі болып бастайды. Сонда тұрмыс құрып, бес жылдай жұмыс істейді. Денсаулығына байланысты жер ауыстыру керек болады. Бұл істе жұбайы Жанболат Балмұханов қасынан табылып, оған қолдау көрсетеді. Сөйтіп туған жерге оралып, осы мектепте жұмыс істеп келе жатқанына биыл 34 жыл. Зағипа Қапашқызы еңбек жолында талай жақсы адамдарды кездестіргенін, ұстаздық жолда қалыптасуына көмекші болғанын айтты.
«Институтты біз теория жүзінде бітірдік. Тәжірибеде мүлде басқаша. Баламен жұмыс істеу қызық, бірақ қиын жақтары да көп. Жас маман болғандықтан білгеніңнен білмегенің көп болады. Сол кезде маған ақылкеңес берген жанның бірі – Патшайым Аяпбергенова. Ол кісі де өзім сияқты физика пәнінің мұға лімі. Алдына барған сайын «мейірімді бол!» дейтін. Ұстазымның ақылымен алдымдағы оқушыларға өз баламдай қарадым, барынша мейірімді болдым. Соның арқасында талай бұзық баланы бауырыма басып, дос болып кеттік. Әлі күнге дейін көбісі менімен хабарласып, қалжағдайымды сұрап тұрады», – дейді ұстаз.
Бүгінде Зағипа апайдың өзі де талай шәкіртті тәрбиелеп, маман болып қалыптасуына септесуде. Арасында өзі оқытқан оқушылары да бар. Еңбегі де елеусіз емес, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен, басқа да Құрмет грамоталарымен марапатталған. – Оқытқан оқушыларым көшеден көріп қалса, «Апай оқу ісінің меңгерушісі, әлде директор болдыңыз ба?» деп сұрап жатады. «Жоқ» деймін. «Ол маған қол емес, менің миссиям – бала оқыту. Мен балалармен жұмыс істегенді жақсы көрем. Сол үшін де жоғары қызметке ұмтылмадым» деп жауап беремін. Балалармен жақын қарым-қатынаста жұмыс істегендіктен болар, олардың қай мамандыққа бейім екенін өздеріне айтып, бағыт-бағдар беремін. Тілімді алып, сол мамандыққа түскендер жаман болған жоқ.
Дәрігер, мұғалім, полицей, әскери бол, стюардесса бол деген оқушыларым сол мамандықтармен бүгінде жұмыс істеуде. Рыскелді Аштаев деген оқушым қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің полковнигі. Кездескен сайын «Апай, сіздің айтқаныңыз болды. Мамандық таңдауда қателеспедім. Сіздің айтқаныңызды тыңдағаным қандай жақсы болған» дейді. Оқытқан шәкірттерімнің қоғамда өз орнын тапқаны ұстаз үшін бір бақыт. Мен соған шын қуанамын, – дейді Зағипа Қапашқызы. Ұстаздың білім саласына сіңірген еңбегін мектеп басшылығы да жоғары бағалап отыр. Мектеп директорының орынбасары Индира Қыдыржанқызы Зағипа апайдың ұстаздар ортасындағы абырой-беделінің жоғары екенін айтты.
«Зағипа Қапашқызынан үйренеріміз көп. Өйткені ол кісі күнделікті сабағына үлкен дайындықпен келеді. Оқушыларына досы ретінде қарайды. Оқытады және тыңдата біледі. Әріптестерімен де өмірде жиған тәжірибесімен бөлісіп бағыт-бағдар беріп отырады. Ол оқытқан оқушылардың біразы бүгінгі күні өзімен бірге осы мектепте еңбек етуде», – деді ол.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Аналар мен аруларға арналды
- Бүгін, 17:12
«Масленица» мерекесін ұйымдастырып, қыспен қоштасты
- 5 наурыз, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




