Міне, отбасында аяулы жар, мейірімді ана, ал жұмысына келгенде өте тиянақты әрі білгір маман, білікті басшы ретінде танылған нәзік жанның бірі – Мұрзатаева Назигүл Шаймұратқызы. Назигүл Шаймұратқызы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласында дүниеге келген. 1981-1986 жылдары Алматы қаласындағы Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтында оқып, «инженерэлектрик» мамандығын алды.
Еңбек жолын 1986 жылы Луговой ауданының Агропромэнерго мекемесінде өндірістік техникалық бөлім инженері болып бастады. Жалпы жұмыс өтілі 38 жыл болса, оның ішінде 25 жылдан бері «Жамбыл электр жүйесі» мекемесінде табан аудармай еңбек етіп келеді. Бұл мекемедегі еңбек жолын 2001 жылы Луговой ауданы электр жүйесінің Оперативті-диспетчерлік тобының электр монтері болып бастаған Назигүл Шаймұратқызы 2007 жылы Оперативтідиспетчерлік топ диспетчері қызметіне ауыстырылды.
2018 жылы «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Т.Рысқұлов ауданы электр жүйесінің басқарушысы лауазымына тағайындалып, осы күнге дейін еселі еңбегімен ел құрметіне бөленіп келеді. «ЖЭЖ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіп, жаңа жабдықтар мен технологияларды енгізе отырып, аймақтың электр энергетикасы саласын дамытуға ықпал етсе, соның ішінде Назигүл Шаймұратқызының да қосқан үлесі зор. Ол кез келген проблемада сыни көзқарас пен мейірімділікті тең ұстап, дұрыс шешім қабылдай алады.
Осынау кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұжым мүшелерінің алдында мінсіз беделге ие. «Еңбегіне қарай – құрмет» деген, еңбектің еленгені адамға үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Маңдай терің ақталып, мадақ пен марапатқа ие болсаң, шынымен де атқарған ісіңнің нәтижелі болғаны да. Назигүл Мұрзатаева кәсіпорынның және жалпы Жамбыл облысының экономикасын дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Қазақстан Электр энергетикалық Қауымдастығының
Еңбегі сіңген энергетик» төсбелгісімен және атағымен марапатталды. Иә, шынында адам үшін ең үлкен мерей – елдің, халықтың алғысына, құрметіне бөлену. Дүниедегі ең сұлу жан – ол әйел, ол – ана! Неге? Әйел – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған әлемдегі ең асыл, ең ізгі адам. Әйел – ұлттың ұйытқысы. Әйел – ұрпақтың анасы. Осы салада ерлермен иық тіресе қызмет етіп келе жатқан Назигүл Шаймұратқызы аяулы жар, қамқор ана, білікті басшы. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, бес немере сүйіп отыр. Иә, әйелдің адамзат өміріндегі орны мен рөлі ерекше. «Адамдық негізі – әйел» дегенді М.Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан!
Оралхан ДӘУІТ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




