– Биыл облыста жалпы егіс алқабы 623,3 мың гектарды құрайды, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға аз. Құрылымды түзету стратегиялық сипатқа ие және өндірісті әртараптандыруға, сондай-ақ ылғал көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқартуға бағытталған. Атап айтқанда, бидайға – 145,1 мың гектар, арпаға – 187,8 мың гектар, жүгеріге – 23,3 мың гектар бөлінген. Майлы дақылдар – 40 мың гектар, мал азығына арналған дақылдар – 185 мың гектарды құрап отыр. Осылайша, өңір тұрақты әрі ресурсты үнемдейтін ауыл шаруашылығы моделіне басымдық беріп отыр. Егіс құрылымын өзгерту Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыстағы 76 каналға жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты. Жаңартылатын гидроқұрылымдардың жалпы ұзындығы 430 шақырымнан асады, суаратын жер алқабы – 51,4 мың гектар, Байзақ, Мерке, Сарысу, Талас және Шу аудандарын қамтиды. Жұмыс толық аяқталғанда өңір сенімді әрі тиімді су қамтамасыз ету жүйесіне ие болады, бұл аграрлық өндірістің әрі қарай дамуы үшін маңызды екені сөзсіз, – дейді министр Айдарбек Сейпілұлы.
Өткен жылғы күзгі науқан ұйымдасқан түрде және агротехникалық талаптарға сәйкес жүргізіліп, 200,3 мың гектар алқаптан жаздық дәнге дайындық жұмыстары жасалды, 145,1 мың гектарға күздік себілді. 2026 жылғы көктемде 325 мың гектарға жаздық дақылдар себілмек. Қажетті тұқымның 93 пайызы, яғни 58 мың тонна дайындалған, бұл шаруашылықтар дайындығының жоғары екенін көрсетеді. Егіс науқанына 10,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы тартылмақ.
Сонымен қатар, машина-трактор паркін жүйелі жаңарту жұмыстары жалғасуда. Облыста биыл өздігінен жүретін техниканы жаңарту деңгейі 8 пайызға жеткізілмек, бұл 476 жаңа техника деген сөз. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға және егіс жұмыстарын жүргізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 478,2 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы 99,7 мың тонна енгізілген. Тыңайтқыш көлемін ұлғайту әр гектардан түсімді арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Аграрлық салаға қаржылық қолдау «Кең дала-2» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Шаруашылықтардан 4,6 миллиард теңге көлемінде өтініш түскен, қазірдің өзінде оның 2,5 миллиард теңгесі жеңілдетілген шарттармен берілді.
Бұл ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармай материалдарын уақытылы сатып алуға жол ашады. Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыруға сәйкес, биыл егістік көлемін 623,3 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Оның ішінде тиісті гектарларға дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс-бақша дақылдары және мал азығы дақылдары орналастырылатын болады.
Жамбыл облысы аграрлық аймақ болғандықтан, мемлекет қолдауының нәтижесінде өңірде жыл сайын егістік көлемін арттыруға мүмкіндік туып отыр. Биылғы егіс алқаптарына қажетті тұқым толық дайындалды. Бүгінгі күні егістік алқаптарға минералды тыңайтқыштарды енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр, жалпы биыл 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарлануда. Ал көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың өтінімдеріне сәйкес 25,1 мың тонна дизель отыны дайындалды. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылуға дайын. Шаруаларды қолдау мақсатында «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7 миллиард теңге қарастырылды. Бүгінгі таңда 101 шаруаға 2,8 миллиард теңге 5 пайыз бен берілді, – деді басқарма өкілі.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Қызылша ауруы алаңдатып тұр
- Бүгін, 16:07
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




