Әңгіме Луговой жылқы зауыты кәсіпорны төңірегіндегі көп жылдан бергі дауға қатысты. Кәсіпорын 2007 жылдан бері Әбіқаевтар әулетінің иелігінде. Бұрынғы директор Халит Базаралиев 2009-2018 жылдар аралығында зауытты дамыту үшін өз қаражатынан қаржы құйғанын, оның уақытша қаржылай көмек ретінде бергенін айтады. Алайда кейін кәсіпорын иелерінің бірі Марат Әбіқаевпен арада жанжал туындап, соның салдарынан денсаулығы күрт нашарлаған. Ол инфаркт алып, бірнеше ота жасатқан, мүгедектік алған және директорлық қызметінен шеттетілген.
Қызметтен кеткен соң Базаралиев салған қаражатын сот арқылы қайтаруға тырысқан. Сонымен қатар құқық қорғау органдарына да жүгінген. Алайда ол кезде қылмыстық іс қозғалмай, даудың азаматтық-құқықтық сипатта екені көрсетілген.
2024 жылдың желтоқсанында Т.Рысқұлов аудандық соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. 2025 жылдың ақпанында облыстық сот бұл шешімді күшінде қалдырды. Осыдан кейін талапкердің өкілі кассациялық шағым түсірген.
2026 жылғы 29 қаңтарда кассациялық алқа істі қарап, қайта қарауға негіз жоқ деген шешім шығарды. Судьялар талапкер жауапкер тараптың негізсіз баю фактісін дәлелдей алмағанын атап өтті. Сот қаулысында төлемдердің мерзімділігі, саны мен тағайындалуы олардың қателікпен жасалмағанын, демек жауапкерде негізсіз баю орын алмағанын көрсететіні айтылған.э
Сонымен қатар сот талапкер бастапқы төлем құжаттарының түпнұсқаларын ұсынбағанын алға тартты. Іс материалдарында тек 73 миллион теңгеге қатысты бір ғана түбіртек болған, қалған құжаттар көшірме күйінде ұсынылған. Тағайындалған сот-экономикалық сараптама да түпнұсқалардың болмауына байланысты нақты аударылған қаражат көлемін анықтай алмаған.
Қаулыда талап қою мерзімі де негізді түрде қолданылғаны көрсетілген. Яғни талапкер заңда белгіленген мерзім ішінде сотқа жүгіну мүмкіндігінен айырылғанын дәлелдей алмаған.
Алайда Халит Базаралиев кассациялық инстанция шешімімен келіспейді. Оның айтуынша, сот негізгі дәлелдерді назардан тыс қалдырған. Ол Еуразиялық банктің ресми үзінді көшірмелері мен мөр басылған құжаттар арқылы 583 миллион теңгеден астам қаражат салынғанын растағанын айтады. Бірақ сот тек 73 миллион теңге жөніндегі бір түбіртекті ғана есепке алған.
Базаралиевтің пікірінше, ұсынылған барлық сомалар ескерілсе, әңгіме жүздеген миллион теңге туралы болып отыр және бұл қарапайым азаматтық дау шеңберінен шығып кетеді.
Осылайша кассациялық сот облыс сотының қаулысын өзгеріссіз қалдырып, шағымды қанағаттандырмады. Дегенмен талапкер күресті тоқтатпақ емес. Ол енді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы органдарына жүгініп, істі қайта қарауға және мән-жайға құқықтық баға беруге қол жеткізуді көздеп отыр.
Бұл іс бизнес пен меншік иелері арасындағы қарым-қатынаста құқықтық айқындықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қаржы құжаттарының дұрыс рәсімделуі, келісімдердің нақты бекітілуі және мерзімдерді сақтау – кейінгі дауларда шешуші рөл атқарады.
Даудың соңғы нүктесін енді жоғарғы сот инстанциясы қоя ма, әлде іс қайта қарала ма, оны уақыт көрсетеді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Үкіметтік емес ұйым өкілдері марапатталды
- 27 ақпан, 2026
Бас прокуратура Конституция жобасын талқылады
- 27 ақпан, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




