«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саяси науқанға дайындық барысы пысықталды

Саяси науқанға дайындық барысы пысықталды
Ашық дереккөз
Биылғы жылдың 15 наурызына белгіленген республикалық референдум – барша қазақстандықтардың өміріндегі аса маңызды саяси науқанның бірегейі. Еске салайық, 11 ақпандағы Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, ел аумағында осынау елдік іс-шараға дайындық жұмыстары басталған болатын. Бастысы, барлық іс-шаралар бекітілген жоспар негізінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте ұйымдастырушылық, ақпараттық және техникалық жұмыстар толық қамтылады. Ең маңыздысы – қарапайым тұрғындардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалуы қажет. Негізгі мақсат – референдумды заң талаптарына сай жоғары деңгейде өткізу. Бірер күн бұрын облыс әкімдігінде өткен кеңесте Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман осылай деді.

Жиынға өңірлік құқық қорғау және уәкілетті орган басшылары, қала, аудан аумағындағы референдум комиссияларының төрағалары мен коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары қатысты. Басқосуда ең әуелі облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз алып, Президенттің тапсырмасына сәйкес өтетін алдағы референдум әрбір азаматқа ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауына берілген тікелей мүмкіндік екенін баса айтты. Жалпы, кеңесті Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тілдәбекұлы жүргізіп отырды.

 – Президент Жарлығымен алдағы 15 наурызға республикалық референдум тағайындалғаны белгілі. Референдумға бір ғана мәселе қойылып отыр. Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа біз жауап беруіміз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін», – деген еді.

Жалпы, референдум кезінде Орталық сайлау комиссиясы референдум комиссиясы функциясын атқарады. Біз өзіміз Жарлық шыққаннан кейінгі 12 ақпан күні жиналып, іс-шараларымыз бен жоспарымызды бекіттік. Республикалық референдумға дайындық пен оны өткiзу референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына жүктелді.

Қазақстан Республикасының Референдум өткізу туралы конституциялық заңының 24-бабына сәйкес, референдум комиссияларының өзектіліктер шегінде қабылданған шешімдері тиісті аумақтағы барлық мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, сонымен қатар олардың лауазымды тұлғаларының орындауы үшін міндетті. Осыған байланысты республикалық референдумды әзірлеу оған дайындық барысын білу мақсатында облыстық деңгейдегі тиісті мекемелер мен аумақтық референдум комиссияларының жиналысын ұйымдастырып отырмыз, – деді М.Ерман.

Ал облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбековтің мәлімдеуінше , өңірде референдумға дайындық жұмыстары күнтізбелік жоспарға сай жүргізілуде. Айта кетейік, аймақта дауыс беру құқығына ие 721993 адам тіркелген. Бүгінгі таңда облыстық штаб, өңірлік ақпараттық және коммуналдық штабтар құрылған. Дәл қазір республиканың басқа өңірлерінен келген дауыс берушілер анықталып, оларды тізімге енгізу жұмыстары жүргізілуде.

 – 22 ақпанда референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімі Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің тиісті фактісімен учаскелік референдум комиссияларына ұсынылды. Облыстағы 4 жоғары және 42 орта арнаулы оқу орындарында 48 мыңға жуық студент бар. Олардың 30 мың 324-і дауыс беру құқығына ие. Бүгінде басқа өңірден келіп білім алатын 742 студент тізімге алынды. 26 вахталық әдіспен жұмыс істейтін кәсіпорында 5 мыңға жуық жұмысшы бар. Оның ішінде дауыс беру күні жұмыс орнында болатын 1124 жұмысшы тізімге енгізілді. Дауыс беру күні әскери бөлімде болатын 1480 әскери қызметкердің тізімі нақтыланды. Дауыс беру күні еліміздің басқа өңірлерінде болатын 1412 сайлаушы тізімнен уақытша шығарылды. Дауыс беру к ү н і о бл ы с аум а ғ ы н д а болатын өзге өңірлерден келген 5691 азамат тізімге енді. Тұрғындардың дауыс беруін ұйымдастыратын 513 референдум учаскесі қажетті жабдықтармен қамтылса, олардың 21-і жабық учаскелер санатында, – деді Серік Сәтбекұлы.

Мұнан соң облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов облыс бойынша 12 аумақтық сайлау комиссияларының 84 мүшесі және 513 учаскелік сайлау комиссияларының 3577 мүшесі қызмет көрсететінін тілге тиек етті. Сондай-ақ олардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында референдумды өткізу және ұйымдастыру тақырыбында жұмыс тиісті оқыту жоспарына сай ұйымдастырылуы секілді атқарылып жатқан жұмыстарына кеңінен тоқталды. Атап өтейік, күнтізбелік жоспарға сәйкес , осы жылдың 17-20 ақпанында облыстық және өңірлік БАҚта референдум учаскелерінің шекаралары, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының құрамы жарияланған еді. Осы жылы Тараз қаласында 1 учаске құрылды және 5-нің шекарасы өзгертілген. Бұдан бөлек Тараз қаласы мен Мойынқұм, Талас аудандарында 4 сайлау учаскесі орналасқан нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айтпақшы, облыс орталығынан шалғайдағы Мойынқұм ауданында бір сайлау учаскесі орналасқан ғимарат апатты жағдайда деп танылуына байланысты басқа ғимаратқа ауыстырылды. Жалпы, облыста 525 референдум комиссиясы бар.

Есен ӨТЕУЛІ 

Ұқсас жаңалықтар