«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мемлекеттің ең сенімді серіктесі

Мемлекеттің ең сенімді серіктесі
Ашық дереккөз
Ел Тәуелсіздігінің маңызды жетістіктерінің бірі – үкіметтік емес ұйымдардың кәсіби, белсенді және тәуелсіз қоғамдастығының қалыптасуы. Адамзат үшін маңызды міндеттерді шешудегі азаматтық қоғамның рөлі орасан. Осыны таныту үшін 27 ақпан Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйым күні деп белгіленді. Осы атаулы күнге орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, пікірлесті.

«Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Исламбек Дастан жүргізген кездесуде алғашқы сөзді сөйлеген «Жаңару» филиалының директоры Қасымхан Төлендиев жаңа Конституцияның маңызына тоқталып, көпшілікті алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Үкіметтік емес ұйым өкілдерін атаулы күнмен құттықтаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әділетті қоғам мен тұрақты мемлекет құру – баршаның ортақ мақсаты екенін баса айтты.

– Азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатын үкіметтік емес ұйымдар ел дамуының маңызды серіктесіне айналды. Себебі, олар әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырып, қоғамдағы өзекті мәселелердің шешімін табуға белсенді атсалысып келеді. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуда, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуде және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда еңбектері зор.

Көпшілігі өңірдегі маңызды қоғамдық-саяси науқандардан тыс қалмайды. Қоғамда ынтымақ, ауызбіршілік, тұрақтылық болуына өз үлестерін қосуда.

Мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы сындарлы диалог – тұрақты дамудың кепілі. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдардың бастамалары мен ұсыныстары әрдайым қолдауға лайық екенін атап өткім келеді. Маусым айында Өңірлік ХІІ Азаматтық форум өткізілді, онда облыст ағы үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық сектор белсене атсалысты. Іс-шара барысында үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары мен бастамалары тыңдалып, алдағы кезеңге арналған бірлескен жұмыс бағыттары айқындалды.

Форумның қорытындысымен Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынымдар жолданды. Сонымен қатар Астана қаласында өткен қорытынды Азаматтық форумда облыстағы «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы», «Шебер шаңырақ», «Жастарды дамыту орталығы» және «Кислород СОС» ұйымдары мемлекеттік сыйлықақы алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Қазіргі таңда елімізде ауқымды саяси өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы өз Жолдауында саяси жаңғырудың негізгі бағыттарын айқындап, парламенттік реформаларды іске асыру қажеттігін атап өтті. Соның негізінде құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы e-Otinish және eGov порталдары арқылы түскен екі мыңнан астам ұсынысты жанжақты қарап, жүйелеп шықты, – деген Ербол Шырақпайұлы алдағы референдум халықтың тікелей еркін білдіретін, егемен елдің демократиялық негіздерін нығайтатын тарихи кезең екенін атап айтты.

Кездесу қортындысында облыс әкімі бірқатар Ербол Қарашөкеев белсенді азаматтарды марапаттады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар