«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тағдырым өзіңе ризамын...

Тағдырым  өзіңе ризамын...
Автор
Айша КӨПЖАСАРОВА Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақындардың жаны нәзік

Ақындардың үлпілдек жаны нәзік,

Көңіл жығып, қатты айтпас, етпе қауіп.

Қиыннан қиыстырып керек жерде,

Дипломаттай кетеді ебін тауып.

 

Ақынның жанарында жас ұялап,

Қуаныш пен мұң-назға даяр тұр-ақ.

Анаңдай аялайды қашан келсең,

Жүгіргені – жүгірген ұшып құрақ.

 

Ақын сезім – аяулы әрі тәтті,

Сағым қуып, қиялға елтір қатты.

Өкпешіл де күдікшіл от жүректің

Дүрсіл қаққан тынысын сезген жақсы.

 

Ақындардың үлпілдек жаны нәзік,

Жан дүниеңді түсінер, алма қауіп!

Балтыр сыздап, бас қатар шақтар келсе,

Алдыңнан шығар әр кез күлім қағып.

Жақсы әйел

Бәйек болар етердей жанын құрбан,

Жар болса, болсын сондай асып туған.

Алыстан арып-шаршап келгеніңде,

Алдыңнан Күндей күліп, тосып тұрған.

 

Жүретін бақыт тілеп бір басыңа,

Дән риза қонағың да, құрдасың да!

Жақсы әйел – құт-береке, ырысың да,

Бақ күткенге қонады, расында.

 

Кең дастархан, кең пейіл, шебер қолы,

Таптырмас шешен сөзге бай мол қоры.

Риясыз көңіліне сенбей тұрсаң,

Байқап қайтқын болмаса осы жолы.

 

Кірбің жоқ қабағында балдай лебіз,

Махаббаты сарқылмас ұшан-теңіз!

Асыл жар, аяулы ана әрі ақылшы,

Ұлыңа да тап сондай жар тілеңіз.

Көз

Көз дегенің, көз дегенің оқпен тең,

Тік қадалса, өтеді қос өкпеден.

Сұқтанбасын, қадалмасын кірпіктер,

Атылмасын, теріс қарап өткін, сен!

 

Көз дегенің, көз дегенің отпен тең,

Қозданатын, маздайтұғын шоқпен тең.

Қарашықтар жалт еткенде абай бол,

Шырмалмасын, көзің жұмып өткін, сен!

 

Көз дегенің, көз дегенің – асыл зат,

Магниттей тартады ол жалтылдап.

Бар сырымды біліп қояр ма екен деп,

Тұрасың сен, тұрасың сен қалтылдап.

Келем қуып...

Өз әлімше, кеудем күй сап, айтып ән,

Сөзден құрап, кесте тігіп отырам.

Мезгіл тыныш, уақытым мол болғанмен,

Жеткізбейді-ау зырылдаған тәтті арман.

 

Кейде арқауы үзілгендей жырымның,

Ұйқас іздеп отырамын күнұзын.

Кеберсіген еріндерім жыбырлап,

Шөлдалада қалғандаймын бір өзім.

 

Кездескенде қанша тұйық, дағдарыс,

Асау өлең – қызығы көп, ғажап іс.

Қуып келем жетем бе деп, ақ арман,

Үмітім мол, жүгім ауыр, мәре алыс.

 

Бүлкілдейді тынбай қызыл көмейім,

Қан қызған соң кештеу қудым демеймін.

Түлкі жортқан қия жартас сен болсаң,

Алынбайтын асуыңды көрейін!

Тағдырым, өзіңе ризамын!

Адам ғып, ана ғып жаратқаның үшін,

Күлімдеп, нұр шашып таң атқаны үшін,

Сәбидей кейде аялағаның үшін,

Қатал боп кейде аямағаның үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Баладай балқып ұйықтағаным үшін,

Жаманнан қашып, тұйықталғаным үшін,

Әрбір ісімді сынағаның үшін,

Қателескенде жылағаным үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Достарымның адалдығы үшін,

Балаларымның амандығы үшін,

Қарызбын саған өткенім үшін,

Осы жасыма аман жеткенім үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Жақсыны жұп қып бергенің үшін,

Адал махаббатты сезгенім үшін,

Әр сағат, әр минутым үшін,

Ауаңды жұтқан тынысым үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Бақытқа балқыған күндерім үшін,

Жұлдызды санаған түндерім үшін,

Тәрбиесімен ата-ананың өскенім үшін,

Тамаша ғұмыр кешкенім үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Әр таңым аппақ боп атқаны үшін,

Халқымның көбейіп жатқаны үшін,

Даламның керемет кеңдігі үшін,

Бәрімен Бостандық,

Теңдігім үшін Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Мүсіркеп, кейде аялағаның үшін,

Кей-кейде мені аямағаның үшін,

Қарауды жеңердей мыс бергенің үшін,

Қаламды ұстардай күш бергенің үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

 

Қырманым дәнге толғаны үшін,

Тып-тыныш ұйықтап тұрғаным үшін,

Берекем болып – бейбітшілік тұрғаны үшін

Басыма бақыт қонғаны үшін

Тағдырым, өзіңе ризамын!

Ұқсас жаңалықтар