«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамандық айқайлап тұр, ал жақсылық неге үнсіз?

Жамандық айқайлап тұр, ал жақсылық неге үнсіз?
Автор
Соңғы уақытта әлеуметтік желіні ашсаң, адам жанына тыныштық сыйлайтын емес, керісінше үрей мен қорқыныш тудыратын хабарларға тап боласың. Біреу біреуді өлтіріпті, енді біреу дәрігерді пышақтапты, тағы бірін жабылып ұрып-соғыпты деген суық ақпараттар әлеуметтік желілер мен жаңалық сайттарының басты тақырыбына айналды. Бір сайт жариялаған жағымсыз жаңалықты артынан бірнешеуі айна-қатесіз қайталап, жамандықты жарыса таратып жатқандай әсер қалдырады.

Бұл жай ғана ақпарат па, әлде қоғам санасына жүйелі түрде әсер ететін қауіпті үрдіс пе? Қазақ «Жақсы сөз – жанға дауа» дейді. Ал біз жанға дауа емес, жанды жаралайтын сөзді көбейтіп жатқан жоқпыз ба? Жаман хабарды күнде естіген адам бірте-бірте оған үйренеді. Үйренген соң селт етпейді. Селт етпеген соң бейжайлық пайда болады. Ал бейжайлық – кез келген қоғам үшін ең қауіпті дерт. Психолог мамандар да бұл мәселеге ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр. Психолог Мира Өскембаеваның айтуынша, зорлық-зомбылық пен қылмысқа толы ақпаратты үздіксіз тұтыну адамның, әсіресе жасөспірімдердің психикасына ауыр салмақ салады.

«Күн сайын теледидардан, әлеуметтік желілерден жағымсыз жаңалықтар бірінен соң бірі шығуда. Қайғылы оқиғалар, зорлық-зомбылық, адамды күйзелтіп жіберетін жаңалықтар мұның барлығы адам психикасына, психологиясына байқалмай-ақ ауыр салмақ түсіреді. Үнемі жағымсыз ақпарат қабылдаған адамда мазасыздық күшейеді, үміт әлсірейді, адам қажиды. Әсіресе, балалармен жасөспірімдер мұндай ақпаратты сүзгіден өткізе алмай ішкі әлемінде қорқыныш пен сенімсіздікті қалыптастырады. Сондықтан жағымсыз ақпаратты шектеу, жақсы сөз айту, мейірімді оқиғаларды бөлісу, үміт сыйлау – психологиялық саулықтың басты кепілі деп білемін. Жағымсыз жаңалық көп заманда жақсы сөз – рухтың қалқаны», – дейді маман.

Шынында да, «Көре-көре көсем боларсың» деген сөз бар. Жамандықты жиі көрген сана оны бір күні қалыпты құбылыс ретінде қабылдай бастайды. Ал бұл – ең қауіпті шек. Бұл жағдайға жастардың өзі де сын көзбен қарайды. Белсенді жас, ерікті Қуаныш Дүйсебаевтың айтуынша, әлеуметтік желідегі ақпарат ағыны жастардың өмірге көзқарасына тікелей әсер етеді.

«Жаман жаңалық көп болса, әлем тек қатыгездіктен тұратындай көрінеді. Ал шын мәнінде ел ішінде қаншама жақсы іс, үлгі болатын адам бар. Соларды көбірек көрсетсек, жастардың ойы да, бағыты да өзгереді», – дейді ол.

Жастар – қоғамның ертеңі. Оларға қандай ақпарат ұсынамыз, ертең сондай қоғамды көреміз. Ал ұстаз, отыз жылдан астам өмірін білім саласына арнаған Мәриякүл Ниязова бұл мәселені тәрбие мен сөз мәдениетімен байланыстырады.

«Балаға ең алдымен сөз әсер етеді. Бұрын жақсы сөз айтып, адамгершілікке тәрбиелеуге мән беретінбіз. Қазір баланың ұстазы – телефон. Егер ол жерден тек жамандық көрсе, оның санасы да соған бейімделеді», – дейді тәжірибелі педагог.

Әрине, қылмыс, зорлықзомбылық, тәртіп бұзу – қоғам үшін маңызды мәселе. Бірақ мұндай істермен құқық қорғау органдары, тиісті мекемелер айналысуы тиіс. Ал ақпарат кеңістігі әрбір келеңсіз жағдайды сенсацияға айналдырып, қайта-қайта тарата берсе, бұл мәселені шешпейді. Керісінше, жамандықты көбейтеді.

Халық «Жамандықты айтсаң – жаныңды алады, жақсылықты айтсаң – жаныңды бағады» деп бекер айтпаған: Ақпарат – санаға егілетін дән. Біз қандай дән ексек, ертең соның жемісін көреміз. Үрейге толы қоғамда сенім болмайды. Сенімсіз қоғамда даму да, бірлік те әлсірейді. Бүгін бізге айқай емес – ақыл керек. Қорқыныш емес – үміт керек. Жамандықты жарыса жазатын емес, жақсылықты жарыса тарататын уақыт жетті. Өйткені «Сөз түзелмей, мін түзелмейді». Ал сөз түзелсе, сана да, қоғам да түзеледі.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар