«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғам қорқынышты ма, адам қорқынышты ма?

Қоғам қорқынышты ма, адам қорқынышты ма?
Aq jol
«Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам... Зытып келе жатқаным, қашып келемін. Артыма қарай беретінім, қорқып келемін...».

Бас кейіпкері Қайрошты осылай алақ-жұлақ еткізіп, алқындыра жүгіртіп басталатын шығарма естеріңізде ме? Иә, бұл – Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы. Бұл – жетімдік пен жоқшылық қанша зардап шектіріп, кедейлік қолын байлағанымен, жолын байлай алмаған Қайрош. Соңғы күшін жинап, бір табын сиырды тастап, ауылдан соңына қарамай зытып, қалаға қашатын себебі ол білім алып, қараңғылықтан құтылғысы келеді. Түнектен шықсам дейді. Қорқынышын жеңіп, одан қорытынды шығарып, өміріне өзгеріс енгізуге ұмтылу Қайроштың қолынан жақсы келгенін автор тамаша суреттейді. Шығарма түрлі ойға жетелейді, әркімнің ой түйіні – әрқилы ғой. Бірақ жалпы қорқынышпен күн кешу адамды селқостыққа, енжарлыққа ұрындырары анық. Ол түбі ертеңге деген сенімді өлтіреді. Сөйтіп, адам ол жолдан шығудың жолын тапқанша үрейдің тұңғиығына қалай батқанын өзі де байқамайтын болса керек. Сананы бейбіт күнде үрей билеп алса, жұмыр бастының барлығы өзінің ертеңіне деген арман-мақсатын жоғалтып қоятыны анық.

Бүгінгі мың құбылып, сан тербелген қоғамда әрбір жүректі қорқыныш билеп-төстеп алғандай көрінеді маған. Себебі, жұртшылық бір-біріне сенуден қалып барады. Алдау, арбау, алаяқтық, қарап отырып қазынасын жоғалту, күдік-күмән әр жүректі діріл қақтырып тұр.

Мәселен, сізге бейтаныс нөмірден телефон шалса, бірден тұтқаны көтеруге қорқасыз. Таныс жағдай ма?! Өйткені ол алаяқ болуы әбден мүмкін. «Банк қызметкерімін» деп таныстырып, алдап-арбап, одан әрі майда тілімен баурап, санаңызды жаулап, сізді жиған-тергеніңізден айырады. Алаяқтық демекші, Тараз қалалық полиция басқармасы киберқылмыстарды тергеу бөлімшесінен алынған мәліметке сүйенсек, өткен жылдың 12 айдағы қорытындысы бойынша, қала аумағында жалпы алаяқтықтың тіркелуі 2024 жылмен салыстырғанда +128,1 пайызға (370-тен 844- ке) өсіп, ашылу көрсеткіштері 8,7 пайызға (50-ден 41,3 пайызға) төмендеген. Сонымен қатар 2025 жылдың 12 айдағы қорытындысы бойынша Тараз қалалық полиция басқармасы киберқылмыстарды тергеу бөлімшесінің тергеушілерімен 39 қылмыстық іс сотқа (оның ішінде 7 эпизод УДР) жолданған.

Кез келген таксиге отыра салудан да қорқасыз. Бұл да сізге таныс жай. Күн сайын әртүрлі жантүршігерлік оқиғаларды құлағымыз шалады. Көзіміз де көріп жүр. Қорықпағанда қайтеміз?! Балаңызды алаңсыз аулада ойнатып қоюға да қорқасыз. Ұрлап кетуі мүмкін. Немесе бірдеңеге ұрынып, жазым болса, ата-ананың өзі жауапқа тартылады. Бұрын баланы «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсет» деп тәрбиелесек, қазір «бейтаныс адам сөйлесе жауап берме, үлкен кісі көмекке шақырса барма, ешкімнен ештеңе алма» деп үйретеміз. Біреудің берген затын да жайбарақат жеуден қалып барамыз. Себебі, желіні ашсаң сиқыр мен дуаның зардабын тартып, жылап сұхбат бергендердің қарасынан көз сүрінеді. Балаларды үйге тастап кету де бір уайым. Терезеден құлап кетсе, газ жанып қалса, тағысын тағы... Үйде де алаңсыз отыра алмайтын болдық. Жуырда вацаптағы «Көршілер» деген ортақ чатымызға тапатал түсте бір көршінің үйін бөгде ер азамат пен әйел адамның сырттан ашуға ұмтылғанын хабарлаған үрейлі жазбасы келді. Ол көршілерді сақ болуға шақырды. Осыдан кейін кім алаңсыз жүре алады? Бүгінде балаларды балабақшаға апарып тастасаң да көңілің жайланбайды. Таңертең ерте сау кеткен бүлдіршін кешке қанжоса болып келсе де, бұрынғыдай жаға ұстамайсыз. Өйткені көз үйренген жайтқа айналған. Сүйсініп отырып, ас ішуден де қорқамыз. Оның құрамында денсаулығыңызға зиянды заттар сөзсіз табылады.

Сонда деймін, біз өзі неден қорықпаймыз?! Шыныңызды айтыңызшы, үнемі ішіңізде бір үрей тұрады ғой. «Қашайын деп тұрған қоянға «тәйт» деген соң, не жорық?» демекші, бір кездері орын алған әлемдік пандемия да үрейге қамшы басты. Таза ауаны да кеуде керіп жұтуға қорқамыз. Себебі ауаға «вирус шашылған» болуы мүмкін. Салдарынан аурудың түрі көп. «Жаңа» вирустардың сіздің мемлекетіңізге, қалаңызға қашан, қайтіп келетінін де біліп отырғандар бар. Ендеше, қорықпағанда қайтесің? Екпе алып сақтануға тағы батылымыз жетпейді. Өйткені оның пайдасынан зияны көп дегенге сенеміз. Адамдар бұрынғыдай бір-бірімен емен-жарқын, құшақ жая амандасуға да сескенетін күйге түсті. Аңқылдақ ақ пейіліңіз ертең өзіңізге зиян болып тиюі бек мүмкін.

Қазір қазақ бір-бірінің есігін де себепсіз ашуға қорқады. Біреу шақыра қалса, «той ма, туған күн бе?» деп тағы ойланады. «Қанша апарып, қандай сыйлық жасаймыз?» деген оймен көңілі алаң күйге түседі. Себепсіз шақыртулардан да шаршаған.

Беймезгіл уақытта далаға шығып, жай ғана серуендеп жүруден де қорқатын болдық. Бейбіт күнде адамдарға түрлі қастандық жасалып, түсініксіз әрекеттер, түрлі қылмыстық оқиғалардың орын алып жатқанын, салдарынан олардың тіпті ажал құшып кеткенін естіп, біліп жүрміз. Бүгінде ең басты мәселе жұмырбастылардың бір-біріне деген мейірімі жоғалып, оның орнын үрей мен қорқыныш жайлап алды. Біреу қиындыққа тап болса да, көмектен бұрын «әдейі жатқан жоқ па?» деген күдікті ой бірден ойымызға оралатын болған. Жолға шыға қалсаңыз бейтаныс адам қолыңызға сәлемдеме ұстатса, ол да сізге зиян келтіріп, өміріңізге балта шабатын зат болып шығуы ғажап емес. Неге?! Адамның жауы адамның өзі ме? Аражігін ажырату да қиын, әрі қорқынышты. Түсінбейсің... Бір-бірімізге деген сенімді қашан, қайда жоғалттық? ...Түскі үзілістен соң, жұмысқа қарай аяңдап келе жатқанмын. Аялдамаға жақындап қалғанда 4-5 жастар шамасындағы бүлдіршіннің «Апа, тұршы!» деп шырқырап жылағанын құлағым шалып қалды. Аялдамада тұрған бес-алты адам міз бағатын емес. Ары-бері өткендер де балаға көз тоқтатып қарамайды. Мен жүрісімді жылдамдатып жылап тұрған баланың қасына келдім. Сол кезде арғы жақтан екі бойжеткен қыз да бұрылды. Бала жылауын қояр емес. Жерде егде жастағы әйел есінен танып құлап жатыр. Әлгі бүлдіршіннің апалап шырылдап тұрғаны сол екен. Екі қыздың бірі алдымен апаның қолындағы ұялы телефонды алмақшы болып еді, саусағын ажырата алмады. Үш жақтап апаны қозғалтуға ұмтылып едік қолымыздан келмеді. Жедел жәрдем көлігіне телефон шалмақшы болғанымызда, аялдама тұсына тоқтаған машинадан бір келіншек ентелей түсіп жүгіріп: «Тиіспеңіздер, мен ол кісінің қызымын жедел жәрдем шақырып қойдым, өзім алып кетемін» деп айқайлады. Аңтарылып тұрып қалған кішкентай бүлдіршін қуанып кетіп, келіншекке қарай «мамалап» жүгірді. Артынша жедел жәрдем де келді.

Кейін сұрап білсек, анасы басы айналып, құлап бара жатқан мезетте осы маңға жақын тұратын қызына хабарлап үлгеріпті. Ұялы телефоны сол күйі қолында қосулы қалса керек.

Екі бойжеткенмен жолымыз бағыттас болған соң тілдесіп қалдым. «Шынымызды айтсақ, көмектесуге қорықтық. Бізді тонап кетейін деп өтірік жасап жатқан жоқ па деп ойладық. Алдында бір сондай жағдайға тап болғанымыз бар», деді қыздар. Осы тақылеттес жағдайлар қазіргі қоғамда өте көп. Тараздық Ұлжан (аты өзгертіліп алынған) есімді бойжеткен өзінің басынан өткен оқиғаны былай баяндаған еді: «Бірде үлкен супермаркетте банкомат карточкамнан ақша алайын деп кезекте тұрғанмын. Қасыма келген бейтаныс адамға керісінше есепшотына қолмақол ақша салу керек екен. Ол кісі маған ақша беріп, бір номерге аударым жасауымды өтінді. Қалың кезекте зарығып тұрмайық деп әлгі кісіге көмектесіп, екеуміз де өз жөнімізге кете бардық. Ертеңінде сабақта отырған жерімнен құқық қорғау органдарының өкілдері келіп, дроппер (аляқтың сыбайласы) ретінде күдікке ілінгенімді айтты. Сөйтіп өзгеге жақсылық жасаймын деп опық жедім. Басым даудан әрең шыққаны бар. Әлі күнге дейін ол оқиғаны тіпті есіме алудан қорқамын» деді ол.

Жалпы психолог, педагог мамандар үнемі қорқынышпен өмір сүрудің салдары адамның иммунитетін түсіріп, әрі жүрекке салмақ түсіретінін айтады.

– Бүгінде телефонына бейтаныс номерден қоңырау түсіп, хабарлама келсе, селт етпейтін адам қалмады. «Алаяқ емес пе екен?», әлде «Тағы бір тұзақ па?» деген сан түрлі сауал санамызды торлап алды. Өкінішке қарай біз қазір ақшамызды ғана емес, ең қымбат құндылығымыз – адамдарға деген сенімімізді жоғалтқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Психологияда адам баласының ең негізгі мұқтаждығы – қауіпсіздік. Егер үйіңізде отырып, сыртқы әлемнен тек қауіп күтсеңіз, бұл – «созылмалы үрей» синдромы.

Елестетіп көріңізші: сіз үнемі жау жағадан алғалы тұрғандай сауыт киіп жүрсіз. Сауыт ауыр, ол сізді шаршатады, еркін тыныс алуға мүмкіндік бермейді. Қазіргі қоғамдағы «қорқыныш синдромы» дәл осы сауыт сияқты. Біз алаяқтан қорқып, түрлі қорқынышты оқиғалардан үрейленіп, айналамызға биік қорған тұрғызып алдық. Нәтижесінде – туысқа сенбейтін, көршіге есік ашпайтын, жақсылықтан астар іздейтін «суық» қоғам қалыптасып жатыр.

Психология мен медицинаның түйіскен жерінде психосоматика деген сала бар, ол жан мен тәннің байланысын зерттейді. Үрей синдромының иммунитетке соққы беру механизмі өте қарапайым, бірақ қауіпті. Мысалы, үнемі қорқынышпен өмір сүру психикамызды іштей мүжіп, мынадай салдарға әкеледі: адам санасында «бәрі маған қас» деген түсінік қалыптасады. Мәселен, бір рет алаяққа алданған адам кейін шын мұқтаж жанға көмектесуден бас тартады. Сөйтіп «Бұл да өтірік шығар» деген ой қайырымдылықтың тамырына балта шабады.

Адам түрлі факторлардан үрейленгенде немесе алаяқтардан қорқып, стресс алғанда ағзада кортизол мен адреналин гормондары бөлінеді. Табиғаттың заңы бойынша, бұл гормондар адамға қауіптен қашу үшін немесе жаумен айқасу үшін берілген. Бұл сәтте ағза «төтенше жағдай» режиміне көшеді. Үнемі алаяқтардан сескеніп, күдікпен жүрсеңіз, кортизол деңгейі түспейді. Нәтижесінде иммундық жүйе «ұйқыға кетеді». Созылмалы үрейі бар адамдардың тұмауға жылдам шалдығуы, жарасының кеш жазылуы және тез шаршауының басты себебі осы. Үрейді темірді ішінен жейтін тотпен салыстыруға болады. Сырттай бәрі бүтін көрінгенімен, ішкі қорғаныс қабаты лимфоциттер мен антиденелер әлсіреп қалады. Сондықтан «Ауру – қорқақты қуады» деген халық мақалының астарында үлкен медициналық шындық жатыр. Алаяқтардан қорғанудың ең жақсы жолы – үрей емес, салқынқанды сақтық. Сақтық – бұл саналы әрекет (парасаттылық), ал үрей – бұл соқыр эмоция. Саналы адам алданбайды, демек, оның иммунитеті де сау болады, – дейді психолог Марал Хантөреқызы.

Біз осы орайда педагогика ғылымдарының кандидаты Жұлдыз Амангелдіқызының да пікіріне құлақ түрген едік. «Қорқыныш – негізгі эмоциялардың бірі. Жалпы, қорқынышпен өмір сүретін адамдар басқа эмоцияларға да тез беріледі. Егер кімде кімнің бойында қорқыныш басым болса, ол сіздің жаңа нәрселерді сынап көруіңізге кедергі келтіреді, тәуекелдерді де, өсуге деген құлшынысты да шектейді. Қорқыныш эмоциясы дұрыс басқарылмаса, адамның түрлі құбылыстарды қабылдауын және оған тиісті түрде жауап беру қабілетін де төмендетуі мүмкін. Ол сондай-ақ психикалық денсаулыққа да кері әсерін тигізеді. Ішкі және сыртқы мазасыздықты күшейтіп, фобияларды, ұйқының бұзылуын тудыруы мүмкін және өмір сапасын айтарлықтай нашарлатады. Мұның соңы адамды оқшаулануға, сенімсіздік жағымсыз мінез-құлықтарды бойына тез сіңіріп алуға жетелейді. Адам бойында қорқыныш үдеген сайын мидың жұмыс істеу қабілеті әлсірейді. Адам тың нәрселерді ойлаудан қалады, тек қорқынышқа реакция жасайтын күйге түседі. Бұл ең қауіпті жағдай. Алаяқтар дәл осындай жағдайларды тиімді пайдаланады. Осыны әсте естен шығармау керек, – деді ол.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, жалпы қоғам өкілдерінің дені түрлі оқиғаларымен бөлісіп, қауіпсіз қоғамда алаңсыз, үрейсіз өмір сүргісі келетінін жарыса жазып жатқанын көреміз. Біз бір-бірімізге деген сенімді қашан, қайда жоғалттық? Қорқыныш синдромы жүрегімізге қалай орнығып ұя салып алған? Бұлай қашанғы жалғасады? Сіз ертеңге сенесіз бе? Адам – қоғамның бөлшегі. Ендеше қорқынышты болып тұрғаны қайсысы? Қазіргі қоғам ба, әлде адам ба? Жауап беруге де қорқатын сияқтысыз ба?! Бәлкім, бізге де психолог маманның сөзіне құлақ асып, сөз басында мысалға алған кейіпкеріміз Қайрош секілді жақсылыққа, жарқын болашаққа ұмтылу үшін қорқыныштан арылу қажет шығар?!. Сіз қалай ойлайсыз?

 

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА

Ұқсас жаңалықтар