«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас ізденімпаздар жоғары оқу орнына жолдама алды

Жас ізденімпаздар жоғары оқу орнына жолдама алды
Автор
Ғылымға деген талпыныс ерінбей еңбектенуді талап ете отырып, абыройға да, табысқа да жеткізеді. Тек кітапты ғылым, тілсіз мұғалім екенін шын ұққандар ғана көздеген мұратына адаспай жетпек. Жеткіншектерді мектеп қабырғасынан білім алуға, ғылыми ізденіске баулитын мектептердің жұмысын жандандыруға жоғары оқу орындары да өз үлестерін қосып, бір мақсатта жұмыла істеген жұмыстың жемісін көруде. Осындай мақсатта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Университеті Т.Рысқұлов ауданы Луговой ауылындағы Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейімен 2022 жылдан бері бірлесе жұмыс жүргізуде.

Биыл төртінші жылға жалғасып, ұйымдастырылған бастама бүгінге дейін оң нәтиже беріп, талай жеткіншекті тегін оқумен қамтамасыз еткен. Математика, физика және тарих білім беру бағдарламалары бойынша 11-сынып оқушылары арасында өткізілген аудандық олимпиадаға қырықтан астам оқушы қатысыпты.

– Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі «оқимын» деген жастар үшін бар мүмкіндікті қарастырып келеді. Мектеп балалардың білімін дамыту мақсатында жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, екі жақты келісіммен игі істер атқарып отыр. Халықаралық Тараз Университетімен жасалған меморандум аясында жыл сайын 11-сыныптар арасында олимпиада өткізу жолға қойылған. Олимпиадаға ауданымыздың мектептерінен сайдың тасындай іріктелген кіл жүйріктер қатысты. Олимпиада екі кезеңді құрады, І кезеңде қатысушы таңдаған пәні бойынша тест тапсырмаларын орындады. Ал ІІ кезеңде оқушылар жазбаша жұмыс жасады. Тапсырмаларды орындау барысында үміткерлерге екі сағат уақыт бөлінді. Тестілеу ноутбук немесе веб-камерасы қосылған компьютер арқылы өткізілді. Байқаудан үмітті ұстаздар шәкіртінің жұмысын ютуб каналы арқылы сырттан бақылап отырды. Ұйымдастырушылар академиялық адалдықты сақтай отырып, тегін білім алуға үмітті жасты анықтауға тырысты. Олимпиадаға қатысушы үміткерлерге 100, 75, 50 пайыз жеңілдікпен ректор гранты берілді. Бұл олимпиада Т.Рысқұлов мектеплицейінің қоржынына екі бірдей олжа салды. Физика пәні бойынша Қанат Айбар 100 пайыз ректор грантын иеленіп, мектебіміздің мерейін өсірді. Ал тарих пәні бойынша Тұрлан Айғаным 75 пайыз жеңілдік алып, ІІ орынды олжалады. Бұл – біздің мектебіміздің нәтижесі, әріптестерімнің, ұжымымыздың жеңісі. Жеңіс ешқашан өздігінен келмейді. Ол – табандылықтың, төзімнің, қажырлы еңбектің және жүйелі дайындықтың нәтижесі. «Жеңіс – дайындықтың жемісі» дегендей, кезкелген жетістік тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіспен келеді. Оқушының білім бәйгесіндегі жетістігі – күнделікті дайындық пен ізденістің көрінісі, – дейді Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің директоры Ербол Кайпулдаев.

Дарынды, қабілетті оқушыларды анықтау мен олардың ғылымизерттеушілік және логикалық ойлау дағдыларын қалыпт астыруды мақсат еткен олимпиаданы ұйымдастырушылар жас ізденушілердің болашақ кәсіби бағытын таңдауға көмектесуді көздеген. Математика пәні бойынша олимпиадаға 15 оқушы қатысқан. І орынның жоғары оқу орнына 100 пайыз жеңілдік жүлдесін Сұлтанбеков атындағы орта мектебінің оқушысы Аяулым Наурызбай жеңіп алған. ІІ орын Ақбұлақ орта мектебінің оқушысы Айсу Оразалиеваға бұйырып, ол 75 пайыз жеңілдікке ие болды. ІІІ орынның биігінен көрінген Смайлов атындағы орта мектебінің оқушысы Әнел Әбдәлі аталған университетте 50 пайыз жеңілдікпен оқу мүмкіндігін олжалады.

Физика пәні бойынша олимпиадаға жалпы саны 11 оқушы қатысып, өзара білімдерін сынға салған. І орын Тұрар Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Қанат Айбарға бұйырса, ІІ орын Болтай батыр мектебінің оқушысы Нұрбек Амантай, ІІІ орын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебінің оқушысы Нұртөре Әлімханның еншісіне бұйырды. Биыл бірінші рет ұйымдастырылған сайысқа тарих пәнінен 20 үміткер бақ сынаған. Олимпиадаға қатысушы үміткерлердің басым бөлігі тарих пәнін таңдағанын айта кету керек.

Бұл оқушылардың өз тарихына деген қызығушылығы мен құрметін аңғартса керек-ті. Тарих пәні бойынша бөлінген 100 пайыз ректор грантын Ақтоған орта мектебінің оқушысы Хадиша Садық, ІІ орынды Т.Рысқұлов мектеп-лицейінің оқушысы Айханым Тұрлан, ІІІ орынды Ақыртөбе орта мектебінің оқушысы Жұлдыз Мұратбек ұтып алды. Бұл олимпиадада оқушылар тек білімдерін ғана сынға салмай, өздері таңдаған пәндер бойынша ғылыми ізденістерін да байқатты.

«Өнер – ағып жатқан бұлақ, Ғылым – жанып тұрған шырақ» дейді халық нақылында, өнер іздеп, ғылым жолына түсіп, білімдерін байыта түсуге бет бұрған жасөспірімдерге сәттілік тілейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар