Бүгінде әкесі, балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың жолын жалғастырып келе жатқан Бақытжан 60 деген жасты бағындырып отыр. Осыған орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен №63 орта мектептің бірлесіп ұйымдастыруымен аталмыш білім ордасының мәжіліс залында «Балаларға күлкі мен ой сыйлаған қаламгер» тақырыбында әдеби кеш өтті. Жиынға мерейтой иесімен бірге балалар жазушысы Марат Құлибайұлы мен айтыскер ақын, журналист Есет Досалы қатысты. Олар қаламдас ағасы Жамбыл радиосының жетекшісі, Ақпарат саласының үздігі, сатирик, балалар жазушысы Бақытжан Әлімқұловқа өздерінің ізгі тілектерін жеткізіп, балаларды кітап оқуға шақырды. №63 орта мектептің 5-6-сынып оқушылары әдеби кеште белсенділік танытып, автордың шығармаларын мәнерлеп жатқа оқыды.
Оқушылар жазушының «Хайп пен лайк» сатиралық жинағынан «Үш тілділік», «Болашақ бала» және «Бүркіт пен шымшық» өлеңдерінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетіп, мазмұнын аша түскен еді. Сондай-ақ қаламгердің балаларға арналған «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа» атты туындысы бойынша көрсетілген көрініс те балалардың көңілінен шықты. Оқушылардың белсенділігін арттырған қаламгердің жұмбақтары болды. Тәртіп бойынша оқушылар жасырылған жұмбақтың шешуін еденде шашылған кубиктерге жапсырылған әріптердің басын құрап табу керек болатын. Бұл ойын осы ісшараның ұйымдастырушылары мен жүргізушілері Анар Дүйсенова, Ақнұр Әбдірахманова мен мектеп кітапханашысы Дина Қартабаеваның бастамасымен қызықты өрбіді. Оған балалармен бірге кеш иесі Бақытжан Әлімқұлов пен ақын Есет Досалы да араласып кетті. Олар да балалармен бірге жұмбақтың шешімін табу үшін кубиктерді бірлесе жинауға қатысты.
Осыдан кейін кітапханашы Ақжан Бисетаева «Балаларға базарлық» атты кітап көрмесімен таныстырды. Ал қаламгер Бақытжан Советұлы кеш барысында өз өлеңдерін оқып, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, алғысын білдірді.
«Бүгін балаларды көріп, олардың іс-әрекетіне қарап отырып өзімнің балалық шағым есіме түсті. Біз мектепте оқып жүргенде ақын, жазушы немесе космонавт болсақ деуші едік, ендігі жастар кәсіпкер, сот, прокурор болсам дейді. Менің ойымша кім болсаң да, қандай мамандықты таңдасаң да адам болу керек. Сол алдыға қойған мақсатқа жету үшін кітап оқу қажет» деп түйіндеді ойын.
Келесі кезекте қаламгер оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, оларды кітап оқуға, жақсы білім алуға шақырды.
Әдеби кешті Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова мен Медет Жантелиев қорытындылап, іс-шараға белсене қатысқан оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.
Диас МАРАТҰЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Кейбір тұрғын үйлердің ауласын су басты
- 19 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




