Газеттің 30 жылдық тойы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика мамандығында оқитын студенттердің редакция жұмысымен танысуға келуімен басталды. Болашақ журналистерді басылымның тыныстіршілігімен газеттің құрылтайшысы Дәулет Төленді мен бас редакторы Саятхан Сатылғанов таныстырды. Шақырылған қонақтар мен студенттер алдында аталған университеттің кафедра меңгерушісі Гүлзинат Қарымбаева, аға оқытушылар Бақытжан Мақашев, Зәуре Сағыбай және Ақпарат саласының үздігі, аталған газеттің ардагері Ерман Әбдиев сөз сөйлеп естеліктерімен бөлісті.
«Мен үшін газет өте бағалы. Газеттерге жиі мақала жазып жүремін. Телеарнада да жүргізуші болып бағымды сынап көрдім. Бізге қалалық газеттің редакциясы ұнады», – дейді студент Назира Нұрман.
Мұнан соң мерекелік жиын Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын белгілі ақын, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман оқып берді.
«Құрметті «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы! Сіздерді тарих пен шежіреге толы «JambylTaraz» газетінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Дәуірмен үндесіп, қоғаммен бірге өсіп-өркендеген бұл басылым – қазақ баспасөзінің киелі қара шаңырақтарының бірі. Отыз жыл ішінде газет өзінің айқын бағыты мен бай мазмұны арқылы өңір өмірінің шежіресіне айналып, ақпарат кеңістігінде лайықты орнын таба білді.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, басылым қаламгерлері осы ұлағатты сөзді темірқазық етіп, биік жауапкершілікті зор абыроймен арқалап келеді. Көне шаһардың айнасы, жаңалықтың жаршысы атанған газет ұжымына шынайы алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, қаламдарыңызға қуат, шаңырақтарыңызға шаттық пен береке тілеймін!», – делінген жеделхатта.
Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қала әкімі Бақытжан Орынбековтың құттықтауын жеткізіп, газет редакциясына қатысты қызықты естеліктерімен бөлісті. Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы басылымның 30 жылдығы республика көлемінде тойлануы керектігін айтса, белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық әр саланы терең зерттеп жазатын журналистер қалыптасуы керектігіне ел назарын аударды.
«АULIEATAMEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлының кесеккесек ойлары көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Газетте 15 жыл бас редактор болған Эльмира Мырза-Ғалидың естеліктері ерекше сәтті шықса, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Бекнұр Сатыбалдиев те басылымда еңбек еткен жылдардағы қызықтарымен бөлісті.
Жиынды газеттің бас директоры Дәулет Төленді қорытындылап, басылымның 30 жылдық үлкен тойы алдағы сәуір айында өтетінін, 30 жылдыққа 30 іс-шара өткізу көзделгенін айтып, қонақтарға алғыс білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




