«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көркем шығарманы қалай оқығанды қалайсыз?

Көркем шығарманы қалай оқығанды қалайсыз?
Автор
Ғылым адамзат игілігіне қызмет етсе ғана пайдалы әрі нәтижелі болары белгілі. Ал игіліктің бәрі де тәлімдік білім алудан басталса керек. Өмірдің сан қырын ұғындырып, түрлі жағдаяттардан дұрыс жол табуды үйретіп, адами қасиеттерге жетелейтін көркем шығармаларды оқыту білім алудың басында тұрады десек, қателеспейміз. Көркем шығарманы қызықтыра оқытудың тиімді тәсілдерін М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығында оқитын студент Арсұлтан Әлімқұлов зерттеп жүр. Ол «Көркем шығарманы талдау технологиясының педагогикалық-психологиялық жүйесі» тақырыбында зерттеу жүргізіп, тың тәсілдерді «125 High School» мектебінің оқушыларын оқыту барысында тиімділігіне көз жеткізіпті.

Университетте оқып жүріп, алған білімін мектеп оқушыларымен бөліскен ол 2024-2025 жылдары «125 High School» мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде өзі зерттеген тәсілдерді пайдаланып көрген.

– Көркем шығарма оқырманды жан-жақты ойлануға, шығармашылық қабілетін шыңдауға жетелейді. Сонымен қатар өткен тарихты танып, бүгінгі қоғам бейнесін тереңінен ұғынуға ықпал етеді. Алайда, қазіргі қоғамда «Жастар кітап оқымайды» деген пікір қалыптасты. Бәлкім, ол рас пікір де шығар, өйткені өз ана тілінде дұрыс сөйлей білмейтін, ойын ашық жеткізе алмайтын, тілі шорқақ жастарды күнделікті кездестіріп те жүрміз. Мұндай олқылықтар кітапты, соның ішінде көркем шығарманы оқып, дұрыс талдай алмағанның салдарынан болатыны бүгінге дейін де дәлелденген. Барлық көркем шығарманың негізгі тақырыбы болады. Соны меңзей отырып, автор туындыға қысқа әрі нұсқа тақырып жазады. Ал, түпкі тақырыбы автордың көркем шығарманың астарына жасырған негізгі ойы болып табылады. Оқушыға осы негізгі ойды жеткізе алсақ, әдеби туындының да, автордың да әрі соны оқытушы педагогтың да басты мақсатының орындалғаны болмақ. Сол себепті көркем шығарманы оқытуда ұтымды талдауды таңдаған жөн. Көркем туындыдағы өнегені оқушыларға ұғындыру үшін бізге тиімді талдау тәсілдер керек. Қазіргі гаджеттерге, цифрлық технологияға құмар ұрпақтың тілін тауып, тәлімімізді нәтижелі жеткізе алу үшін оқушының қабылдау қабілетімен санасуымыз керек. Мысалы, 7-сынып оқулығындағы Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» повесін оқытқанда алдымен туынды туралы жалпылама ақпаратты қысқаша беріп, оқушыларға «Көркем шығарманы қандай жолмен оқығанды қалайсың?» деген ортақ сауал тастап, әрбірінің пікірін білген ұтымды. Осы тәсілді курстық жұмысымызды зерттеу барысында 7-сынып оқушыларына эксперимент ретінде жасап көрдік. Сыныптағы 28 оқушының ішінде 95 пайызы «Көксерек» фильмін көргендерін айтты. Яғни, олар көркем шығармамен оқымай тұрып, фильмін көріп, танысқан. Бұл нені аңғартады? Сөзсіз, көркем шығарманы фильм арқылы немесе бейнелеумен көру жылдам қабылданатынын байқатады. Фильмді әлі көре қоймаған сыныптың 5 пайыз оқушылары да көркем шығарманың оқиға желісін бейнелеу арқылы көріп танысқысы келетіндерін айтты. Бірақ, «Көксерек» фильмін сабақ барысында көрсету тиімсіз, себебі сабаққа берілген 45 минутта фильм көрсетумен өткізіп, соңынан талдауға жетпейді. Сол себепті біз оқушыларға көрнекілік ретінде повесть желісімен қажетті суреттерді жинап, оларды слайдқа біріктіріп, көркем шығарманы мәнерлеп оқыған дауысты жаздырып, слайдқа қостық. Бар-жоғы 10 минутты алатын слайдымызды оқушыларға көрсетіп алғаннан кейін олардан не түсінгенін талдау тәсілдерімен сұрадық, – дейді жас зерттеуші Арсұлтан Әлімқұлов.

Зерттеушінің айтуынша, көркем шығарманы талдау технологиясының педагогикалықпсихологиялық жүйесі оқушыларға оны толықтай түсініп, туынды арқылы айтылар ойды игеріп, берер тәлімін меңгеруге көмектеседі.

– Көркем шығармада баяндалар түрлі оқиғалар арқылы автор болған жайтты жеткізе отырып, жалпақ жұртқа ой тастайды. Ал кейіпкерлерінің мінез-құлқымен, іс-әрекетімен әр заманның бет-бейнесін береді. Бұл өз кезегінде өткеннен тарихи дерек ұсынып, кешегі күнді тануға жетелейді. Егер қазіргі уақыт ағымына құрылған туынды болса, көп кісінің көзіне түсе бермейтін жағдайлар суреттеледі, сол арқылы адамдықтан аттаған әрекеттер ашылып, адами құндылықты дәріптеу көзделеді. Міне, осынысымен де көркем туындыны тәрбиенің тетігі, құралы деуге болады. Сонымен қатар әдебиет жас тұлғаны шығармашылыққа жетелеп, бойындағы табиғи талантын ашуға ықпал етеді. Сол секілді көркем шығарма оқушының ойлау қабілетін шыңдап, тілін байытады, сөздік қорын арттырады. Сондай-ақ әр оқушының өз ана тілін сүйіп, басқа тілдерді үйренуіне ынтасын ашады. Көркем әдебиетті психологиялық танымның құралы десе, болғандай. Себебі неше түрлі оқиғаларға құрылған көркем шығармада өмірде кездесетін сан алуан жағдайлар, құбылыстар, солардың ішіне араласа қатысқан кейіпкерлер туралы баяндалады. Өмірдің қым-қуыт құбылысына әр кейіпкер әрқалай әрекет етіп, өзіндік пейілін, саналық деңгейін көрсетеді. Кейде өзіміз оқып отырып «Мұндай да бола ма?..» деп таңырқайтын жағдаяттарды да оқимыз. Ал көркем шығармаға арқау ететін оқиғаларды ақын-жазушылар шынайы өмірден алады. Осыған қарап, әдеби туындылардағы оқиғаларға қиялдан туған деп қарамай, өмірлік құбылыстарды сырттай бақылап, оған баға бере аламыз. Сөйте отырып, өз танымымызды толықтыра түсеміз. Ал санадағы танымды жаңа ақпараттармен толықтыру жеке тұлғаның психологиясын қалыптастырады, – дейді ізденуші студент.

Оның зерттеу барысында түйген ойынша, көркемшығарманың психологияны қалыптастыратын ықпалы өз деңгейінде жүзеге асуы үшін әдеби туындыны оқырманның жасына қарай таңдай білу керек. Бұл жөнінде педагогика ғылымдарының кандидаты Береке Жұмақаева «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» оқулығында тереңірек тоқталған. Қайткенде де мұғалімнің негізгі мақсаты – алдындағы оқушыларына білім бере отырып, бойына адами қасиеттерді сіңіру. Осы жолда нәтиже берер әдіс-тәсілдерді іздеген педагог-ғалымдар аз емес. Солардың қатарын жастар да толықтырып отырғаны қуантады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар