«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Исатай Тайманұлының батырлық бейнесі - бүгінгі жастарға үлгі

Исатай Тайманұлының батырлық бейнесі - бүгінгі жастарға үлгі
Автор
Тарихын танығанның болашаққа бастар қадамы нық болмақ. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін білім беру мекемелері де кешегілердің ізгі жолын насихаттай отырып, бала бойына жоғары адами қасиеттерді сіңіруді мақсат етеді. Өз заманында елін қорғауда жанын аямай күресе білген, озық ойлы өлеңжырларымен халқының сарқылмас қазынасын байытқан батыр, ақындарды тереңінен оқыту үшін оқушыларды ғылыми ізденіске жетелеу де қазір жақсы жүзеге асырылып отыр.

Оқушыларды ғылыми зерттеуге баулып жүрген Тараз қаласындағы Ә. Бөкейханов атындағы № 1 гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов шәкірттерін ғылыми байқауларға да қатыстырып жүр. «Шығармашылық шыңында» атты студенттер мен оқушыларға арналған ғылыми мақала және ғылыми жобалардың жабық конкурсына 9-сынып оқушысы Айзере Амангелдінің еңбегін ұсынған. Бұл ізденісінде оқушы Исатай Тайманұлының батырлық бейнесін қазіргі жастардың іс-әрекетімен, ой-танымымен байланыстыра қарастырыпты.

– Оқушы бұл мақаласында елінің ұлт азаттығы жолында күресуші батыр Исатай Тайманұлының батырлық бейнесі мен өз заманындағы ерлігін баяндайды. Жаһандану заманындағы жастардың бойына ерлік, батырлық қасиеттерді дарытудағы Исатай бейнесінің ерекшеліктері кеңінен қарастырылады. Мақалада батырдың бейнесін ашатын тарихи деректер мен әдеби шығармалардан үзінділер келтірілген. Ғылыми ізденіс арқылы оқушыларды үздіксіз ізденіп, көп оқуға және тың жаңалық тауып, оның көпшілікке берер пайдасын зерделеп шығаруға тәрбиелейміз. Білім алушы өзін қызықтырған тақырыпта мол мәліметтер іздене жүріп, өзі де ақ пен қараны ажыратып, игі қасиеттерді санасына сіңіреді. Исатай Тайманұлының батырлығын зерттеу арқылы оқушы өз елін, туған жерін қорғаған ерліктерін оқи отырып, отансүйгіштік, патриоттық тәрбие алады. Ал зерттеген еңбегімен өзі секілді білім алушыларға және кейінгілерге мол мәлімет дайындап береді, – дейді жас ізденушінің ұстазы Ерлан Керімжанұлы.

– Батырлық пен қайтпас қайсар рухтың иесі, қазақтың азаттығы жолында күресуші Исатай Тайманұлы бүгінде 230 жастан асты. Батыр есімінің арада екі ғасыр уақыт өтсе де халық жадынан шықпай, ұлықталуының себебі, өз өмір жолында халықтың жақсы өмір сүруінің жаршысы болып, әділдігі мен еліне, жеріне адал қызмет еткенін дәлелдейді. Бүгінгі жас буынға ерлік, батырлық рух тақырыптарында үлгі боларлық бейнелер осындай батыр бабаларымыздың ерлік істері десек қателеспегеніміз. Ғылыми мақаламда «Исатай Тайманұлы кім еді?», «Оның батырлық бейнесі қандай болды?» деген сұрақтарға жауап іздеп, бүгінгі жастар бойына ерлік пен батылдықты дарытуда, ер-азаматқа тән қасиеттер туралы тәрбие беруде Исатай бабамыздың бейнесінің маңызы туралы ой қозғадым. Исатай Тайманұлы туралы бізге белгілі деректерге қарай отырып батырдың сауатты, оқыған, халық арасында және хан алдында беделді тұлға болғандығына көз жеткіземіз. Кейбір деректерге сүйенсек, Исатайдың тек қазақтар арасында ғана емес, ресейлік билеушілер арасында да беделге ие болғанын көруге болады. Оған Республикалық Орталық мемлекеттік архивінде сақталған Исатай өлімі туралы полковник Геккенің 1838 жылдың 13 шілдесінде Ақбұлақ өзені бойындағы көтерілісшілермен болған шайқас туралы Орынбор губернаторы Перовскийге жазған мына бір рапортындағы: «...Біздің әскер өкшелей қуды. Олардың 60-70 адамы өлді. Соның бірі – Исатай Тайманов. Оны беріспей ұрыс салып, жанкешті қарсылық көрсеткені үшін ызаланған казактар жабыла қоршап, қылышпен тілгілеп тастады. Урявник Богатырев өз қылышымен Исатайдың бас сүйегін шауып жіберді. Батырдың денесінде тіршіліктің белгісі қалмағандай. Сонда да тағы бір казак Исатайдың жансыз кеудесіне мылтығын тіреп тұрып, атып жіберді» деген сөздері дәлел бола алады. Бұл көрініс Исатай Тайманұлының ерлік бейнесін, жанкештілігін ашқан үстіне аша түскендей. Бүгінгідей технологиясы мен ақпараттық коммуникациясы дамыған жаһандану заманында жастарды, соның ішінде ер-азаматтарымызды ерлікке тәрбиелеуде, бойына азаматқа тән мінездерді қалыптастыруда, білім мен тәрбиеде көрсетер батырлық бейне ретінде Исатай Тайманұлының ерлік істері таптырмас айғақ. Исатайдың бейнесі туралы еңбектерді іздегенде, көркем әдеби болсын, тарихи болсын шығармалар тым аз екеніне көзің жетеді. Исатай дегенде ойға жан серігі Махамбет батырдың оралары сөзсіз. Тарихта ол екеуін бөліп қарау мүмкін емес. Сол себепті де Исатай туралы айтқың келсе, бірінші Махамбет туралы еңбектерді іздеп, соның ішінен табуға тура келеді. Бұл жерден шығатын қорытынды Исатайдай батырдың жеке өзі тақырып етіп алынған еңбектердің аз екеніне таңқаласың, «Ел арасында дұрыс таралмағаны ма?» деген ой туады. Дегенмен, Махамбеттің Исатайдың батырлығына арнап жазған өлеңдері көптеп кездеседі. Махамбеттің Исатай туралы жазғандары баршылық. «Тарланым», «Мінкен ер», «Тайманның ұлы Исатай», «Мұнар күн», «Соғыс», «Исатай деген ағам бар» және тағы басқа өлеңдері тікелей Исатайға арналған, – деп Айзере Амангелді өзінің зерттеуінде кездескен деректерімен бөлісті.

Ол өзінің ғылыми еңбегінде Махамбеттің Исатайды суреттеген толғауларындағы ерекшеліктеріне де тоқталған.

– Ақын Исатайды небір халықтың асыл сөздерімен суреттеп, батыр тұлғасын танытар айқын теңеулер табады. Мысалға, ақынның кез келген Исатайға арналған өлеңін оқығанда батырдың барлық болмысы қайсар қылығын танытқан көрінісімен көз алдына елестейді. Батырдың сырт тұлғасы ғана емес, ішкі сыры, қайтпас қайсар мінезі, жайдары, жарқын жүзі, ақылы мен өнері, жауға деген айбары, ашуы, ел ішіндегі беделі – барлық жағынан өте сүйкімді сипатта бейнеленеді. Махамбеттің «Тайманұлы Исатай» атты өлеңінде жыраулық дәстүрді қолдана отырып, әрі өсиет айтып, әрі Исатайдың жақсы қасиеттерін тағы да бір санамалап өтеді. Ақын өлеңдерін оқу арқылы-ақ Исатай батырдың шынайы тарихи тұлғасын тани аламыз. Осындай ердің бейнесін танытуда мектеп қабырғасындағы оқу бағдарламасындағы Махамбеттің ақындық жағын айтқанда, Исатайға арналған шығармалары мен оның ерлік бейнесін оқушыларға таныту, жастарды батыр секілді елін, жерін қорғар азамат, халқына адал қызмет етер тұлға етіп тәрбиелеуде құнды еңбектердің бірі болып келеді. Алайда, бүгінгідей жастар арасында еліктеушіліктің басым болып тұрған шағында бұл еңбектер жеткіліксіз болып тұрғандай. Қыздарымыздың еркекшора, жігіттеріміздің қыз секілді киініп, жүрістұрыстарының өзгеріске ұшырауы бала тәрбиесіне өз кедергісін жасауда. Сол себепті мектеп қабырғасында осындай батырлардың бейнесін, ерлік істерін дәріптеуге арналған тәрбиелік жұмыстарын көбейту керектігін көрсетеді. Оқушыларға арналған тәрбиелік сынып сағаттарының тақырыптарына батырлар бейнесін көрсетер дүниелерді қосып, қыздар мен ұлдарға арналған тәрбие сағаттары бөлек ұйымдастырылуы керек секілді. Тәрбие жұмыстарында Исатай сынды батырлар туралы деректер айтылып, олардың өмірінен үзінділер келтіріліп, деректі фильмдерді көрсету арқылы тәрбиеге көп көңіл бөлінуі тиіс-ақ. Олай етпегенде қызымыз жігітше, ұлдарымыз қызша болып, ертең елімізді қорғар азаматтардың санын азайтып алу қаупі тууы мүмкін. Қазіргі жастар көп мәліметті оқығылары келмейді. Сол себепті де, батыр бейнесін ашатын нақты, қысқа сөздер арқылы берілген зерттеу еңбектері мен кинофильмдерді көптеп мектеп тәрбиесіне қосқан жөн деп санаймын, – деген жас зерттеуші ізденіс барысында Тайманұлының ерлік істерін көрсетуде тарих беттеріндегі кейбір деректерден Исатайдың көреалмаушылық пен қызғаныштың құрбаны болғанын байқататын деректерге тап болыпты.

– Еліміздің Орталық мемлекеттік архивінде сақталған г енералмайор Генстің Орынбор әскери губернаторы Василий Перовскийге жазған хатындағы: «Комиссияның жазбаларында көрсетілгендей, старшын И.Тайманов ішкі орда жеріндегі қашқындарды іздестіру жұмыстарына үлкен көмек көрсетті. Оны өзіңіз де білесіз. Бірақ Жәңгір хан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын тұтқындауды барынша өтініп сұрайды. Өйткені осы екі азаматты Ішкі ордадағы мәселелерді жүргізуде өз зияндарын тигізуде деп суреттейді» – деуі қызғанышты байқататын айғақтардың бірі.

Бұл деректерді жастарға айта отыра, олардың санасына, қазақтың ұлт азаттық жолында күресушілердің жолын кескестеген тек Ресей әміршілері емес, өз арамыздан шыққан азаматтардың бейнесін аша түсіп, біздің сан ғасыр бұрын Тәуелсіздігімізді алуымызға өз ішіміздегі алауыздықтардың да себеп болғанын ашып көрсете аламыз. Бұл мысалдар жастардың санасына, ұлттық мақсаттарды жүзеге асыруда жұмылған жұдырықтай бірлесіп, ынтымақтастықта болудың маңызды екендігін түсіндіре кеткендей болады.

Исатай өз елін қорғаушы, әділетсіздікпен күресуші ретіндегі тарихи тұлға. Оның мұндай қасиеттерін, жауынгерге тән болмысын төменгі Жайық шебінің бастығы И.Е.Акутиннің атаман Покатиловке жолдаған хабарламасындағы:

«Исатайдың қарулы қол жинауы – өздерін қорғау мақсатында. Халыққа зәбірі өткен сұлтандар мен старшындарды қызметтерінен аулақтатса, олар ханмен келісімге қарсы емес» – деген сөздерінен аңғаруға болады. Осындай деректерге сүйене отырып ойымызды тұжырымдасақ, Исатай өз заманының қайраткері, ұлтының жанашыры, қазақтағы ерлік пен батырлықтың символы. Отаршылдық саясаты тұсындағы қиын қыстау кезеңде өмір сүрген халыққа қорған болған, өзінің ерлік істерімен, сауатты кейпімен, жанқиярлық ерліктерімен қазақтар арасында ғана емес, Ресей әміршілері арасында да беделі артқан батыр. Ал осындай батырлар бейнесі бүгінгі жастарды елін сүюге, халқына қамқор болып, мемлекетіне адал қызмет ете білуге тәрбиелеуде таптырмас құндылық. Осындай құндылықтарымызды ұрпақтанұрпаққа аманат ету баршамыздың борышымыз, – дейді батырлықты жастар тәрбиесіне енгізудің тиімді жолдарын іздестіріп зерттеу жүргізген оқушы Айзере Амангелді.

Оқушының ерекше назар аударып отырған бүгінгі жастардың бойындағы өзгеріс расымен де көпті алаңдатады. Қазіргі бірқатар қыздардың бойынан ұлға ұқсас еркекшоралықты көрсек, енді біраз жігіттерден қыз баласына тән нәзіктік, сызылған қылықты байқаймыз. Жаратылысына жат әрекетке бойұсыну адамгершіліктен ада, азғындыққа апаруы бек мүмкін. Ондай қауіптің жолын кесу үшін де жас ізденуші айтқандай, ел қорғауда жанкешті ерлік көрсеткен батырларды көптеп насихаттау керек-ақ.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар