«Жалғызбасты ана», «толық емес отбасы» дегенді қалай түсінуге болады?!
- author «Ақ жол»
- 19 ақпан, 2026
- 115
Жүйкеге тиетін тағы бір сөз бар. Ол «толық емес отбасы» сөзі. Мектепте оқитын шәкірттерді немесе балабақшада балаларды сондай санатқа жатқызады. Бір жағы адамның көңіліне келеді. Толық отбасына әке-шешесі түгел отбасыны жатқызады. Ал толық емес отбасыға не анасы, не әкесі қайтыс болса, яки ажырасса сондай мәртебе беріледі және құжат толтырғанда қай санатқа жататыныңды белгілеу қажетсің. Екі сөз де дұрыстап қарасаңыз орыс тілінен тікелей аударылған. Бірі «Мать одиночка», екіншісі «неполная семья» сөздерінен жасалған калька аударма. Егер адамның бала-шағасы, әке-шешесі, бауырлары болса ол адамды жалғызбасты деуге бола ма? Мақұл ерлі-зайыптының бірі дүниеден өтсе де оның балалары болса ол жалғыздыққа жатпас. Осы себепті ойымызды тарқатып көрейік. Ескі кітаптарды ақтарып, ақсақалдармен сөйлесіп білгенім, қазақта жалғызілікті, жалғыздық деген сөздер бар. Бірақ жалғызбасты деген сөз егемендік алған кезеңнен бастап пайда болыпты.
2024 жылы телеарнаға берген сұхбатында вице-премьер Тамара Дүйсенова «Қазақстан заңнамасында «Жалғызбасты» ұғымына анықтама жоқ. Өйткені ананың яки әкенің балалары болса, бұл – отбасы. Ал біз оған отбасы ретінде тиісті әлеуметтік көмек көрсетеміз» деп жауап берген болатын. Жазушы Абай Хамзаның бұл туралы айтары бар. – Бұл сөздер заманына сай шыққан жаңа ұғымдар. Бұрынғы қазақ қоғамында жалғызбасты аналар болмаған. Ондай атауды да білмеген. Жасы келсе де күйеуге тимей отырып қалған қызды «кәрі қыз» деп атаған. Бірақ ондайлар көп болмаған. Ретін тауып күйеуге тигізген. Бұл бір әлеуметтік мәртебеге байланысты ойлап табылған сөз болар, – дейді жазушы. Ал айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың әлеуметтік желіде «жалғызбасты деген ұғымнан құтылуымыз керек» деп жүргеніне біраз болды.
– Бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамы қазіргідей жатақ, отырықшы қоғам болмады. Көшпелі мәдениеттің өкілі ретінде оларда жеті ата деген институт болды. Жеті атаны ақсақалдар басқарды. Жеті ата деген туыс қандастардың қауымы. Ал қарасақалдар экономика мен әл-ауқатпен айналысты. Сосын абысындар институты болды. Олар қыз-қырқын, келіншектердің тәрбиесі мен өмір салтымен айналысты. Жеңгетайлық институт болды. Ол қайны мен қайынсіңлілерді тәрбиеледі. Оларды отбасы болуға баулыды. Жеті ата – үлкен рухани-мәдени құрылым болды. Ол қазір жоқ. Қазіргі орта жастағы адамдардың көбісі жеті атасын білмейді. Білдім дегені бергі жағы. Ол қауымда басына күн туған жанұяларға көмек берген. Ер адам жесір қалса, балалары жетімсіремесін деп үйленген. Әйел адам алда-жалда жесір атанса әмеңгерлікпен қосылған. Жан-жақтан қаумалап жалғызілікті адам деген болмаған. Тек қартайған жалғызілікті кемпір-шалдарға бауырлары, көршілері, туыстары болып қарайласқан. Бұл сөздер еуропалық отырықшылық мәдениеттің ықпалынан туындаған сөз. Жеті атаны қалпына келтіре алмаймыз. Мұны трайбализм деп қарайды. Ажырасқан ананың, не әкенің балалары көбінде нағашы жақта өсіп жатыр. Бұрын ақсақалдар кім қайда жүр, не істеп жүр, қарап, қадағалап отырған. Қазір ондай ақсақалдар жоқ. Зиялы қауым қартайды. Көптеген тарихты, өткенді білетін қариялардың өзі қариялар үйінде. Сондықтан мен бұл сөздерді болған, бар, дұрыс деп айта алмаймын, – деді этнограф Серік Ерғали.
Қазақ ұлттық университетінің докторанты, филолог Балмира Мырзабай да ой бөлісті.
– Шет мемлекеттерде «Сау, сауатты отбасы», «сау емес отбасы» деген ұғым бар. Олар осылай жіктейді. Сау отбасына әкесі, яки анасы жоқ отбасы, бірақ ұрыс-керіссіз, айқай-шусыз, зорлық-зомбылықсыз өсіп келе жатқан балалардың жанұясын жатқызады. Ажырасқан, не күйеуі қайтыс болған ана да сау, салауатты әрі өте сауатты, санасы бұзылмаған балаларды тәрбиелеп шыға алады. Ал сау емес отбасына шетелдіктер төрт құбыласы тең, ата-анасы түгел болса да, ішкілікке, нашақорлыққа салынған, жеңіл жүрісті атаананың отбасын жатқызады. Сондықтан біздің елде де осылай санатқа жатқызу керек шығар. Менің ойымша «Жалғызбасты» сөзі тұрғын үйге кезекке тұрған жылдардан бастау алды. Себебі, сол жылдары «Бақытты отбасы» деген бағдарлама болатын. Осы бағдарламада арнайы «Жалғызбасты жандарға» арналған санат көрсетілген болатын, – дейді ол.
Енді заңды түрде толық емес отбасы мен жалғызбасты ұғымына кімдер жатады? Соны анықтайық.
– Көп адам жалғызбасты ана және толық емес отбасы ұғымдарын шатастырады. Жалғызбасты ана – заңды некеге тұрмай, дүниеге сәби әкелген әйел және оларға алимент төленбейді. Ал күйеуімен ажырасқан немесе жолдасы қайтыс болған, балалары бар аналар отбасы толық емес отбасы санатына кіргізіледі. Бүгінде мемлекет тарапынан толық емес отбасыларға да, жалғызбасты аналарға да ешқандай ақшалай көмек берілмейді. Жалғызбасты аналарға ешқандай жеңілдік жоқ. Тіпті бұл сөз көп қолданылмайды десе де болады, – дейді бұл жөнінде заңгер Гүлмира Қарасай.
Жоғарыдағы екі ұғым да әлеуметтік мәртебе. Яғни санатқа жатады. Қалай болғанда да осы сөздер қазақылық қаймағымызды бұзып тұрғандай. Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Кедергісіз орта қалыптастыра аламыз ба?
- 19 ақпан, 2026
Кейбір тұрғын үйлердің ауласын су басты
- 19 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




