Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек баяндама жасап, сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы 4 ақпандағы мәліметке сәйкес облыс бойынша медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 1 171 882 адамды құрайды.
– Мемлекет басшысы медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруды тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін толық цифрландыру тапсырылды. Тек осы жағдайда ғана жұмыс процестерінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, қаражаттың мақсатты жұмсалуына кепілдік берілетін болады. Бұл – жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және халықтың сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бүгінде облыста сақтандырылған азаматтардың үлесі – 86,4 пайызды құрайды. Оның ішінде Д және Е категориялары бойынша 58 419 пациент тіркелген. Сондайақ медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылмаған халық саны – 159066. Облыс деңгейінде Д-есептегі санаттар бойынша сақтандырылмаған азаматтардың саны 2025 жылғы 18 қарашада 26227 адам болса, 2026 жылғы 4 ақпанда 15851 адамға дейін төмендеді. Яғни 10376 адамға азайып, 39,5 пайызға қысқарды. Бұл – жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының орталық аппаратынан жолданған деректерге сәйкес, Д-есепте тұрғанымен МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар туралы ақпарат ұсынылған. Алдын ала талдау және медициналық ұйымдар жүргізген тексеру барысында ұсынылған 26 227 адамның 10 026-сы нақты Д-есепте тұрмайтыны белгілі болды. Қазіргі таңда мұндай азаматтарды тізімнен шығару үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ресми хат жолданды, – деген Сержан Сәрсенбекұлы келесі кезекте азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Айта кетейік, қазіргі таңда медициналық ұйымдар тарапынан сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін қалыптастыру үшін үй аралау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Call-орталық мамандарына арнайы оқыту ұйымдастырылып, халықпен жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмі бекітілген. Ал жиі қойылатын сұрақтарға арналған тезистер мен бейнероликтер дайындалып, айналымға енгізілген. Бұдан бөлек ақпараттық-әдістемелік материалдар әзірленіп, тұрғындарға кеңінен таратылуда.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысының сөзінше, 2026 жылы денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекшілерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе скринингтік зерттеулерге шақыру, балаларды вакцинациялау және сақтандырылмаған азаматтармен байланыс орнату үшін қолданылады. Автоматты хабарласу арқылы сақтандырылмаған азаматтардың мәртебесін анықтап, төлем жасау тәсілдері мен қажетті қадамдар бойынша нақты бағыт-бағдар беріледі.
Нәтижесінде, сақтандырылмағандар үлесі азайып, медициналық көмекке қолжетімділік бойынша шағымдар төмендейді деп күтілуде. Мұнан соң «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың баяндамасы тыңдалды. Аймақ басшысы сақтандырылмаған азаматтар санының динамикасы жоғары Қордай, Меркі, Шу және Жуалы аудандарының әкімдерінен жауап алды.
Сондай-ақ басқосуда мал қыстату маусымының барысы да талқыға түсті. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәлімдеуінше, 2025-2026 жылғы мал қыстатуға облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарында 3,8 миллион бас мал түсті. Оның 3,2 миллионы – ұсақ мал, 450,1 мыңы – мүйізді ірі қара, 183,6 мыңы – жылқы, 8,3 мыңы – түйе.
– Мал басының өсу динамикасы сақталып отыр. Қыстауға түсетін малды азықпен толық қамтамасыз ету үшін 92,1 мың тонна сүрлем, 2,2 миллион тонна пішен, 119,9 мың тонна пішендеме, 480,3 мың тонна сабан және 214 мың тонна құнарлы жем дайындалды. Жиналған мал азығы қажеттілікті толық өтейді. Облыс бойынша 5862 мал қыстату орны бар, оның 1020-сы шалғай жайылымдарда орналасқан. Қысқа дайындық аясында 5564 тұрғын үй, 2184 қашар, 936 баз жөндеуден өткізілді. Барлық аудандарда жедел штабтар құрылып, арнайы техника тарту бойынша меморандумдар жасалды. Қазіргі таңда 1347 трактор мен 758 автокөлік жұмылдырылған. Шаруашылықтарға қолдау көрсету үшін мал азығының сақтандыру қоры жасақталды. Қосымша пішен дайындалып, жоспар артығымен орындалды. Мал қыстауы тұрақты бақылауда, аудандардан апта сайын және ауа райына байланысты күнделікті ақпарат алынып отыр. Бүгінгі таңда мал шығыны тіркелген жоқ, науқан қалыпты өтуде, – деді Әбдірәсіл Серікұлы.
Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту барысында заң аясында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекеттік ұйымдарда бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және медициналық ұйымдарға төлемдердің уақтылы жүргізілуін бақылауға алуды жүктеді. Бұдан бөлек облыстық полиция департаментімен бірлесе отырып, көші-қон қызметін жандандыру, бейресми жұмыспен қамтылғандарды ресми еңбекке тарту назарға алынуы қажет.
Облыс әкімі мал қыстату кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу, арнайы техникаларды дайын ұстау және ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарды толық орындауды міндеттеп, барлық тапсырма қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Кедергісіз орта қалыптастыра аламыз ба?
- 19 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




