«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құтқарушылар көмекке қашанда дайын

Құтқарушылар көмекке қашанда дайын
Автор
Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, өткен аптада облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 21 төтенше жағдайлар мен оқиғалар тіркелген. Оның 13-і техногенді сипаттағы жағдай болса, 8-і жедел ақпарат. Департамент бөлімшелері 128 шақыртуға, оның ішінде өрт сөндіру бөлімдері 46 шақыртуға (өртке – 13, жану оқиғаларына – 16, авариялық-құтқару жұмыстарына – 13, басқа да түрлі сипаттағы – 4) шықты. Нәтижесінде 10 адам, оның ішінде бір бала қауіпсіз орынға көшірілді. Жедел-құтқару жасағы авариялық-құтқару жұмыстарына 76 рет, іздеу-құтқару жұмыстарына 6 рет барып, нәтижесінде 2 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Апта ішінде «Қазгидромет» РМК облыстық филиалынан түскен дауылдық ескертулерге сәйкес, облыс тұрғындарын хабардар ету үшін ұялы байланыс операторларына 51 СМС-хабарлама жіберілді. Осы аралықта «101» және «112» желісіне жедел сипаттағы 1200, жедел емес сипаттағы 10059 қоңырау түскен.

Облыс өзендерінде су деңгейі тұрақты

Бүгінде облыстың су тасқыны қаупі бар аймағында 42 елді мекен (178152 тұрғыны бар 32638 үй) орналасқан. Су тасқынына қарсы жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 34 елді мекеннің су басу қаупі жойылып, 2 елді мекенде қауіп барынша азайтылған. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Көктемгі кезеңдегі қауіпсіздік: су басу қаупінің алдын алу, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Айгүл Шахабаева баяндады.

– «Шоң-Қақпа» су қоймасынан «Талас» өзеніне қауіп төндіретін 6 елді мекенде жергілікті атқарушы органдар өзен арнасының жағалауын нығайту, табанын механикалық тазалау және судың бағытын өзгерту жұмыстарын жүргізіп, қауіп төмендетілді. Облысқа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін «Шоң-Қақпа» су қоймасынан «Талас» өзеніне тасталған суды қауіпсіз өткізу және көлемін азайту мақсатында елді мекендерді су басуы ықтимал 8 учаске анықталып, жергілікті атқарушы органдар өзен арнасын нығайту жұмыстарын жүргізді. Биыл көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жалпы ұзындығы 82,55 километр 8 ирригациялық жүйеге, оның ішінде 7 каналға механикалық тазалау, арық жүйесі мен дренаж жүйесін қазу, 11 далалық көпірді ауыстыру және арық жүйелерін кеңейту жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге Мойынқұм ауылындағы «Радай» өзенінің көпірден төмен жағалауын нығайту жұмыстары жүргізілді, – деді департаменттің бас маманы.

Баяндамашының айтуынша, бүгінде облыста сыйымдылығы 396 адамды құрайтын қабылдау пункттері, 32 шатыр, 890 төсек және 460 жатын орны дайындалып, тамақтануды және арнайы техниканы тартуға 58 келісімшарт жасалған. Көктемгі су тасқыны кезеңіне жедел ден қою мақсатында, облыс аумағында төтенше жағдайларды жою үшін 1927 адам, 485 техника, 132 су айдау құралы үнемі дайындықта тұр.

Жергілікті атқарушы органдардан қосымша 290 инженерлік техника, зардап шеккен халықты эвакуациялауға арналған 25 техника және жеке құрамнан 964 адам дайындалды. Сондайақ су тасқыны күрделенген жағдайда өңірдегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарынан 311 инженерлік техника алуға келісімшарттар жасалды. Қазіргі уақытта облыстың өзендерінде су деңгейі тұрақты және оларға күнделікті мониторинг жүргізілуде.

Маусымдық гидробекет орнатылды

Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің, «Қазгидромет» РМК филиалы мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының қатысуымен Мойынқұм ауданындағы «Шу» өзенінің су тасқыны қаупі бар учаскесінде маусымдық гидрологиялық бекет орнату жұмыстары жүргізілді.

Маусымдық гидробекет су деңгейін тұрақты бақылауға, қауіпті өзгерістерді дер кезінде анықтауға және елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік беретін болады.

Жолда қалғандар жедел құтқарылды Өткен аптада бірнеше күн бойы тоқтаусыз жауған қар бірқатар қиындықтар тудырғаны белгілі. Ауа райының осындай қолайсыздығына байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау қызметтерінің отырысы өтіп, онда өңірдегі метеожағдай, автожолдардағы ахуал және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Қызметтердің күштері мен құралдарының дайындығы тексеріліп, жауапты құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді.

Азаматтарға психологиялық көмек көрсету және ақпараттандыру мақсатында «жедел желі» телефондары іске қосылды. 11-12 ақпан күндері толассыз жауған қардың салдарынан (қалың қар, боран, көріну қашықтығының шектелуі, қатты жел) облыстың бірқатар жолдарында, атап айтқанда, Қордай, Жуалы аудандарындағы республикалық маңызы бар «Алматы– Ташкент–Термез» автожолының кейбір шақырымында, Жамбыл ауданындағы «Аса–Қарабастау», Талас, Сарысу аудандарындағы «Күйік–Қарабастау–Қаратау–Жаңатас–Саудакент» облыстық маңызы бар автожолдарында, Мойынқұм ауданында республикалық маңызы бар «Меркі–Шу–Бурылбайтал» жолының бірнеше шақырымында түнгі уақытта барлық көлік түріне қозғалыс тоқтатылды. Бұл күндері полиция қызметкерлерімен бірге ТЖМ бөлімшелері де өңірдің автожолдарында бірнеше авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.

Мәселен, Жуалы ауданында республикалық маңызы бар «Алматы– Ташкент–Термез» автожолында төтенше жағдай туындап, техникалық ақаулықтан жүк автокөлігі жол жиегіне шығып кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жоғары өтімді шынжыр табанды тартқыштың көмегімен көлікті қауіпсіз қашықтыққа шығарды. Осы күні құтқарушылар қар құрсауында қалған жедел жәрдем бригадасына көмек көрсетті. Шақырту орнына дейін шамамен 25 шақырым қалған кезде Қызыларық ауылының маңында көлік қарға батып қалған. Құтқарушылар жедел түрде оқиға орнына жетіп, медицина қызметкерін науқасқа жеткізді.

Құтқарушылар техникалық ақауға байланысты осы ауданда жолда қалған жеңіл автокөліктің жолаушыларына да көмек көрсетіп, азаматтар жақын маңдағы елді мекенге эвакуацияланды. Ал Шу ауданында дала жолында балшыққа батып қалған жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысына көмек қажет болды. Құтқарушылар оларды жедел түрде қауіпсіз жерге жеткізді.

Талас ауданында «Тараз–Қаратау» автожолындағы қар құрсауынан құтқарушылардың күшімен 10 көлік жолдың қауіпсіз учаскелеріне сүйретіліп шығарылды. Сонымен қатар Жуалы ауданы, Шақпақата ауылы маңында қар құрсауында қалған тағы екі жеңіл автокөлік жолдың жүру бөлігіне шығарылды. Осылайша төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары жол жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетуді тәулік бойы жалғастырды.

Қалың қардың салдарын жоюға жаппай кірісті

Тараз қаласында және облыстың бірқатар елді мекендерінде қардың жиналуына байланысты жеке тұрғын үйлердің шатырлары мен кіреберіс қалқандарының майысу жағдайлары тіркеліп, олар тұрғындардың үйден шығуына кедергі келтіріп, қауіп төндірді. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері азаматтардың өтініштеріне байланысты жедел әрекет етіп, құтқарушылар осындай 30-дан астам шақыртуларға шықты. Көп жағдайда гидравликалық авариялық-құтқару құралдарының көмегімен зақымданған металл конструкциялар керіліп, бөлшектеліп, тұрғындардың қауіпсіз шығуына мүмкіндік жасалды. Жекелеген жағдайларда деформацияның көлемі айтарлықтай болып, салдарын толық жою үшін коммуналдық қызметтердің ауыр арнайы техникасын тарту қажет болды. Тараз қаласында қалың қар жауғаннан кейін су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында инженерлік-алдын алу жұмыстары ұйымдастырылды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері мен құтқарушылары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бірлесіп, қардың қарқынды еруінен туындайтын су басу қаупін азайту шараларын жүргізді. Тұрғын секторда еріген судың аула аумақтарына кіруіне жол бермеу үшін құм толтырылған қапшықтар төселді. Сонымен қатар аулалар мен арық жүйелері тазартылды.

Жүргізілген алдын алу шаралары су тасқыны қаупін төмендетуге, тұрғындардың мүлкін қорғауға және көктемгі кезеңде қалалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталды. Облыста қалың қар жаууына байланысты тұрғындардың жүріптұруы қиындады. Әсіресе жалғыз тұратын азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жағдай күрделене түсті. Осыған орай құтқарушылар еріктілермен бірлесіп көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын және әлеуметтік осал топтар тұратын үйлердің аулаларын қардан тазалап, тұрғындардың үйлерінен қауіпсіз шығуына жағдай жасады.

Құтқару қызметі – тәулік бойы

Жақында облыста бес жасар баланы құтқару бойынша маңызды операция өтті. Мойынқұм ауданында орын алған жол апатынан кейін бүлдіршінге шұғыл түрде қалалық мамандардың көмегі қажет болғандықтан, қол ұшын созуға Төтенше жағдайлар министрлігінің санитарлық авиациясы келді. Құтқарушы-ұшқыштар тікұшақты бірден облыстық көпсалалы балалар ауруханасының аумағына қондырып, бағалы уақытты үнемдеуге және баланы дереу бейінді мамандардың қолына тапсыруға мүмкіндік жасады. Осылайша санитарлық авиация төтенше жағдайларда жедел көмек көрсетіп, адам өмірін сақтау күзетіндегі жұмысын жүйелі жалғастыруда.

Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары ақпанның өткен аптадағы ауа райы қолайсыз күндерінде жоғалған екі малшыны құтқарды. Меркі ауданында 62 жастағы адасып кеткен азаматтың жүрген жерін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Ер адам Тәтті ауылында мал жаю кезінде жоғалып кеткен. Құтқарушылардың күштерімен жоғалған азамат өз шаруашылығынан 30 километр қашықтықта орналасқан көршілес «Бает» шаруа қожалығынан табылды. Оған медициналық көмек қажет болмады. Тағы бір малшыны іздестіру-құтқару операциясы сәтті аяқталды. 53 жастағы ер адам шаруа қожалығынан жылқымен мал жаюға шығып, байланысқа шықпай жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен бетте іздестіру жұмыстары Жуалы ауданының Ақтөбе ауылынан 14 шақырым жерде жүргізілді.

Жедел және үйлесімді іс-қимылдардың нәтижесінде жоғалған адам елді мекеннен 25 шақырым жерде, көрші шаруа қожалығының аумағында табылды. Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға алыс жайылымдарға шығар кезде жақындарына нақты бағыты пен қайту уақытын хабарлау қажеттігін ескертеді. Өткен аптада облыс орталығындағы «Талас» тұрғын алқабында жеке тұрғын үй аумағындағы көкөніс сақтауға арналған қойманың шатырынан өрт шықты. Қойманың ішінде шамамен 10 тонна пияз болған. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жедел жетіп, өрттің таралуына жол бермеді. Өнімнің негізгі бөлігі сақталып қалды, зардап шеккендер жоқ.

 Қойма иесі өрт сөндірушілерге жедел әрекеті мен кәсібилігі үшін шынайы алғысын білдіріп, тауарды сақтап қалып, өрттің әрі қарай таралуына жол бермегені үшін ризашылығын жеткізді. Қордай ауданының Отар ауылы маңында жеңіл автокөлік аударылып, апат орнына жедел жеткен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері құтқару жұмыстарына дереу кіріскен. Көлік ішінде жарақат алған үш адамның өздігінен қозғала алмай қалған біреуін құтқарушылар зембілге мұқият салып, жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізді.

Осылайша құтқарушылардың үйлесімді іс-қимылының арқасында жол-көлік оқиғасына ұшыраған үш адам да уақытылы шығарылып, одан әрі ауруханаға жатқызу үшін медицина қызметкерлеріне табысталды.

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Елімізде балалардың қауіпсіздігі қашанда алдыңғы орынға қойылған. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жыл бойы мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерге барып, түрлі қауіпсіздік шараларын ұйымдастырып келеді. Жақында Талас ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Анжелика» балабақшасының тәрбиеленушілері мен ұжымына өрт кезіндегі алғашқы ісқимылдар бойынша оқу сабағын өткізді. Сабақ барысында өрт қауіпсіздігі тақырыбында эстафеталық ойындар ұйымдастырылып, өрт туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі, тиісті қызметтерге хабарлау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары түсіндірілді. Осындай өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша оқыту сабағын облыстық мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері Тараз қаласындағы №20 балабақшада өткізді.

Іс-шара барысында мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары түсіндіріліп, төтенше жағдайлар мен өрт туындаған кезде тәрбиешілердің, техникалық қызметкерлердің және әкімшілік құрамның іс-қимыл алгоритмдері баяндалды. Сабақ барысында балаларды эвакуациялау тәртібі, жедел қызметтерді дер кезінде хабардар ету және өрт дабылы іске қосылған кездегі іс-әрекеттерге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар алғашқы өрт сөндіру құралдарын, оның ішінде өрт сөндіргішті пайдалану ережелері көрсетіліп, оны қолдану кезіндегі әрекеттердің реттілігі түсіндірілді.

Өткен аптада Сарысу ауданында да балабақша қызметкерлеріне қауіпсіздік бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Сайын» балабақшасының ұжымымен өрт қауіпсіздігі және балалардың терезеден құлау қаупінің алдын алу тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын өткізді. Кездесу барысында өрттің алдын алу ережелері, электр құралдарын қауіпсіз пайдалану, эвакуация жолдары және төтенше жағдай туындаған кездегі іс-әрекеттер туралы кеңінен мәлімет берілді. Сонымен қатар балалардың терезеден құлауын болдырмау мақсатында қорғаныш торларын орнату, терезе тұтқаларына арнайы құлыптар қою және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі түсіндірілді.

Іс-шара интерактивті форматта өтіп, балабақша қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарына нақты мысалдар арқылы жауап алды. Тараздық құтқарушылар Халық қаһарманы М.Айманов атындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде №17 бөбекжай-балабақша бүлдіршіндері үшін ашық есік күнін өткізді. Бұл күні балалар өрт сөндіру техникасымен танысып, мұражайды аралап, нағыз өрт сөндірушілердің қалай жұмыс істейтінін білді.

Құтқарушылар балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін қарапайым әрі қызықты түрде түсіндіріп, оларды сақтаудың маңыздылығын еске салды. Кездесу соңында кішкентай қонақтарды тәтті сыйлықтар мен жарқын әсерлер күтіп, бұл күн олардың жадында ерекше әрі қуанышты сәттермен қалды. Мұндай іс-шаралар балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, құтқарушыларға деген сенімді арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Оқушыларға арналған профилактикалық түсіндіру сабақтары өткен аптада бірқатар мектептерде өткізілді. Мәселен, Талас ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектеп оқушылары мен мұғалімдеріне арналған профилактикалық түсіндіру сабағын өткізді. Сабақ барысында өрт қауіпсіздігі, жер сілкінісі мен су тасқыны сияқты табиғи апаттар кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде эвакуациялау тәртібі, алғашқы медициналық көмек көрсету тәсілдері және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары нақты мысалдар арқылы жеткізілді. Ал Қаратау қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте оқушыларға су тасқыны кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша интерактивті сабақ өтті.

Сабақтың негізгі мақсаты – көктемгі су тасқыны кезінде дұрыс мінез-құлық қағидаларын, эвакуациялау тәртібін түсіндіру арқылы оқушылардың білім деңгейін арттыру. Іс-шара барысында оқушыларға танымдық бейнероликтер көрсетіліп, оқушылар мен мұғалімдер тарапынан қойылған сұрақтарға жанжақты жауаптар берілді.

Меркі ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 10-11-сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өткізген кездесуде болашақ түлектерге Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу тәртібі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сондайақ азаматтық қорғау саласындағы қызметтің маңыздылығы, құтқарушы мамандығының жоғары жауапкершілігі мен қоғам үшін маңызы сөз болды.

Шара барысында академияда білім алушылардың курсант мәртебесіне ие болатыны, оқу кезіндегі әскери тәртіп, күн тәртібі, оқу-жаттығу процесі және әлеуметтік кепілдіктер туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар оқу аяқталғаннан кейін түлектердің төтенше жағдайлар органдарына қызметке орналасу мүмкіндіктері туралы мәлімет беріліп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар