Аяғына ота жасатқан Александр
Александр Моргочевтың ІІІ топтағы мүгедектігі бар. Оны осы мекеме құжаттарын рәсімдеп, емдеу орындарына жатқызып жүріп алып берген. Бір аяғы протез, ота жасалған. Бұрынырақта оның отбасы болып, әке атаныпты. Қазір әйелімен араласпайды. Жігіт шағынан бастап құрылысшы, күзетші болып еңбек еткен.
«1979 жылы Тараз қаласында туылып, осы шаһарда өстім, №6 орта мектепте оқыдым. Кейіннен кәсіптік техникалық училищеде оқып, токарь-дәнекерлеуші мамандығын алдым. Мамандығым бойынша екі жыл ғана жұмыс істедім. Үш жылдан бері осы орталықты паналап келемін. Мемлекеттің қамқорлығын сезінудемін. Аяғыма ота жасаған кезде де осы мекеме қолдады, қасымда жүрді. Орталыққа өте ризамын. Үлкен жанашырлықты сезініп отырмын. Алдағы уақытта жеңіл жұмыстар болса, жұмыс істеуге де дайынмын. Ол жағын орталықтың мамандары қарастырып жатыр. Бала кезімнен қолым босағанда кітап оқушы едім. Қазірде сол дағдымнан айныған емеспін. Мұндағы мамандарға көп рахмет», – дейді ол.
Александр Юриевичтің жағдайы бойынша бірқатар мәселелерді аталған мекеме директорының орынбасары Бекайдар Қырықбаев түсіндірді.
«Бұл азамат 3 жылдан бері осында тұрып келемін деп айтып жатыр. Негізі біздің мекемеде жату мерзімі – бір жыл. Онан соң мүгедектігіне қатысты құжаттарды әзірлеу үшін тағы алты ай уақытқа созамыз. 1 жыл 6 ай мерзімнен соң, кез келген қызмет алушыны өз өтініші бойынша мекемеден шығарамыз. Онан соң егер ол кісінің шынымен барар жері, басар тауы жоқ болса тағы да өз өтінішімен қайта қабылдап, жату мерзімін 1 жылға созып береміз, – деді сала маманы.
Көшеден келген Кудаков Орталықты аралау барысында біздің назарымызды аударған қызмет алушының бірі – ІІ топ мүгедегі Виталий Кудаков. Ол 1983 жылы Тараз қаласында туған, ұлты – орыс. Әрине, басында бұл азаматтың жағдайы едәуір жақсы болған. Мектепте оқып, жалақы алатын жұмыс та істеген. Мекеме мамандарының айтуынша, арагідік түсініксіз сөйлеп, психолгиялық ауытқуы байқалыпты. Бала күнінде Меркі ауданында орта мектепте білім алып, кәсіптік техникалық училищені «Сылақшы-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. Бір жылдары «Жасыл-Тараз» мекемесінде жұмысшы болып істеген.
Осы мекемеге көшеде қараусыз, жағдайсыз жүрген жерінен әкелініп, күтімге алынған. Ол кезде денсаулығы нашар еді, орталық дәрігері мен мейірбикелерінің көмегінің арқасында бұл азаматтың жағдайы қазір біршама жақсарды. Виталий отбасын құрмаған. Әке-шешесінен ерте айырылған. Қазіргі таңда денсаулығы біршама жақсарғандықтан, ІІ топ мүгедектігін алып, ІІІ-топ мүгдектігін тағайындау қарастырылып жатыр. Ондай жағдайда Виталий Кудаковтың жеңіл-желпі жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар.
«Виталий Кудаковтың жағдайы бойынша да тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ең алдымен мүгедектігін қайта тағайындау бойынша істі реттейміз. Онан соң Тараз қаласының аумағынан бұл азаматқа лайық жұмыстар қарастырып жатырмыз. Әрине, осылай көмек беру біздің жұмысымыз. Алайда, әр азаматтың құжаттары бойынша, мүгедектігін реттеу бойынша жұмыс істеу оңай емес. Біраз уақытты алады, жүйкеге де әсер етеді», – дейді аталған мекеме директорының орынбасары Б.Қырықбаев.
Ата-анадан айырылып, әпкесінің қолында өскен
Мекеменің тағы бір қызмет алушысы, орыс ұлтының өкілі Виталий Скрепич те қараусыз қалған жерінен осы орталыққа қабылданған. Мұнда қызмет алып жүргеніне 5 ай болыпты. Қазіргі таңда арбаға таңылған. Бірақ, құжатының толық болмауының себебінен мүгедектігін ала алмай отыр. Әрине, мекеме мамандары бұл азаматтың жағдайы бойынша құжаттандыру жұмысына кірісіп кеткен. Дегенмен, оның барлығы бір күнде бола қалатын шаруа емес. Ең бастысы назарға ілігіп, іс нақты қолға алынған. Виталийдің әке-шешесі ертеректе өмірден өткен. 11 жасынан бастап әпкесінің қолында тәрбие алған. Қазіргі таңда әпкесінің отбасы бар, тұратын пәтері тар. Сондықтан, інісін қолына алуға мүмкіндігі болмай отыр.
«Әпкем маған ұялы телефон арқылы хабарласып, сөйлесіп тұрады. Үнемі жағдайымды сұрап, мен үшін алаңдайды. Әпкемді де жақсы түсінемін. Мені уайымдайды. Жалпы, өмірім туралы айтсам, Тараз қаласында тудым. Осы шаһардағы №33 орта мектепте білім алдым. Жоғарыда айтылғандай әкем мен анам өмірден ерте қайтты. Содан өмірімде қиындықтар кездесе берді. Әпкем әрине бауырына басып, қамқорлық жасады. Ол кісіге көп-көп рахмет. Өзім отбасы құрған жоқпын. Жеке жұмыстарды істедім. Өмірдің жолында қателіктерге ұрынып жүріп, құжаттарымды да жоғалттым. Денсаулығымды да жоғалттым. Енді қараусыз қалғандарға қол ұшын беретін осы орталыққа орналастым. Мүгедектігімді мұндағы мамандар құжаттарымды реттеп алып береді деген сенімім бар. Мекеме директорынан бастап барлық мамандарына шын көңілден ризамын. Олардың барлығы бізден көмегін аямай, қабағымызға қарайды. Арбамен бара жатсам, демеп жіберіп, жылы жүздерімен, көңілімізге қарап сөйлеседі. Адамға кейде жылы сөздің өзі жақсы. «Шу деген атқа сеп» дегендей, сыпайы сөйлеген кісіге қарап біз де қуанамыз. «Жылы-жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» деген мақал бекер айтылмаған шығар. Тағдыр жазуымен осындай халге түстік. Әрине, өзімнен де қателіктер болды. Сондай қателіктерді басқа адамдар қайталамаса екен деген тілегім бар. Адам үшін бірінші байлық – денсаулық. Денсаулықтан артық байлық та, бақыт та жоқ. Сол өзім айтып отырған құндылықтың қадірін енді ғана біліп жүрмін. Сергек кезімізде сол күш-қуаттың қадірін білмедік. Он екі мүшемізге күтім жасап, бағалы жолдармен жүрмедік. Атаанамнан ерте айырылғаным да, тәрбиеме әсер етті ме, кім білсін. Қазіргі таңда аңқылдаған әпкем бар. Үнемі мені ойлап тұрады, көңілінен шығармайды. Соған да көңілім көтеріліп тұрады. Түсінгенім адамға бір-ақ мәрте берілетін өмірдің де, денсаулықтың да қадірін білуіміз қажет екен. Жарық дүниеге келуімізге ата-анамыз себепкер болса, тәрбие берсе, әрі қарай оң бағытпен жүру өзімізге тікелей байланысты. Сондықтан, ешкімге өкпем жоқ. Мені қамқорлықтарына алып, көмектерін аямай көрсетіп жатқан осынау орталықтың барлық қызметкерлеріне рахмет, – дейді Виталий.
Жолы сан тарау
Жолдыкүл ІІ-топ мүгедегі Жолдыкүл Манасованың да табан тіреген жері – осы орталық. Ол 1971 жылы туылған. Іңгәлап өмірге келіп, жазықсыз сәби болған. Ол кезде тағдырының сан соқпақ болатынын сезген жоқ. Ана құрсағынан адам баласының бәрі таза, періште болып туылатыныай! Сол тазалығымыздың жүре келе бұзылатыны жаман. Жолдыкүлді көшеде күтімсіз, қараусыз жүрген жерінен арнайы топ алып келген. Заң аясында осы мекемеге қабылданған. Қайыр сұрап күн көрген, іздеу, сұрары болмаған. Отбасын құрмаған кісі. Мұндағы қызметкерлер әдеттегідей құжаттарын реттеп, көмектескен. Заң аясында психологиялық диспансерге үш рет жатқызып, мүгедектікке шығарып берген.
Қазіргі таңда орталықтың қамқорлығын көріп жатыр, мүгедектік жағдайы үшін ай сайын алып тұратын ақшасы бар. Бұл қараусыз қалған азаматқа деген үлкен көмек екенін айтуға болады. Әр адам – өз өміріне өзі жауапты. Он екі мүшең сау, ақыл есің бүтін болса, тағдырыңды дұрыс жолға салуға күш-қуат табуға тиіссің. Басқаға қол ұшын бермесең де, бір басына қарап, қара басын алып жүрген де жаман емес. Бірқатар азаматтар ішімдікке көбірек салынып кетіп, өмірдің «қиын» соқпағына түсіп кететіні бар. Сондай жағдайға түскен азаматтар да осы орталықтың шапағатын көріп жатыр. Сол шапағатты сезініп жатқандардың бірі – Жолдыкүл Тілешқызы.
Жолдыкүлдің аға, әпкесі бар. Олар алғашында аталмыш орталыққа бауырларын іздеп келген. Қазіргі таңда келіп жүрген жоқ екен. Мекеме қызметкерлерінен естіген мәліметіміз осындай. Тағдырдың жолы – сан тарау. Ешкім тағдырды сұрап немесе сатып ала алмайды. Дегенмен, жастау кезіңнен бастап өмір бағытын үлгілі жаққа бұру адамдардың өзіне де байланысты болар. Біз бір жағынан солай ойладық. Ешкімнің қиналып жүргенін қаламаймыз. Бұл кісінің алдағы өмірі мағыналы болса екен деп тіледік.
Бейнеттен қашпаған Буренков
Орталықтың тағы бір қызмет алушысы Вадим Буренковтың да басынан талайлы тағдыр өткен. 1969 жылы дүниеге келген азамат. Отбасы болмаған. Дегенмен, жігіт шағынан түрлі жұмыстарды істеп, еңбек еткен. Бейнеттен қашпаған. Біз Вадиммен бөлмесіне барып, сөйлестік. Бұл азаматтың туыс дегенде әпкесі және жиен інісі бар. Олар келіп, жағдайын біліп тұрады екен. Вадим инсульт алған. Қазіргі жағдайы жақсы. Мекеменің жауапты мамандары құжатын реттеп, мүгедектігін алып беруге мүмкіндік жасапты.
Қазір Вадимде ІІ-топ мүгедектігі бар. Қимыл қозғалысы да жақсы. Күнделікті еңбек терапиясына қатысып, арнайы маманнның нұсқауымен жаттығу жасайды. Жаттығу жасаудың өзі әр адамға кәдімгідей күш беретіні рас. Буренков күн сайын көрсетіп жатқан қызметтері үшін орталыққа алғысын айтуды ұмытпады. Өмірде мүмкіндік болса шалыс баспағанға не жетсін. Жақсы жол – өміріңнің айнасы, сені адастырмайтын темірқазық.
Дегенмен, өмір болған соң адамдардың барлығы түзу жолмен жүріп, бірқалыпты өмір сүре бермейді. Біреу ілгерілеп тұрса, енді біреу кежегесінен кейін кетеді. Кейін кетейін деп ойламайтын да шығар, кейде бір ғана қателігі өмірін басқа арнаға бұрып жібереді. Осы орталықта қызмет алушылардың көпшілігінің өмірлері жақсы басталып, беріректе жолдары күрделеніп кеткендер. Сондықтан әр адам жақсы күндерді, басына тыныштық пен береке қонған сәттерді бағалағаны жөн. Оны біз осынау сан тағдыр иелері паналап жатқан мекемеге келіп есімізге алдық.
Келгеннің барлығын қабылдай алмайды...
Мемлекеттің қолдауымен тағдыры қиын адамдарға қамқорлық көрсетіп отырған бұл мекеменің де өз тәртібі, өз жоспары, сыйымдылығы бар. Келгеннің барлығын қабылдай алмайды. Өзінің белгілі орын мөлшерінен артық кісіні қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, кішкене өз-өзіне келген азаматтардың бөлек шығуларына мүмкіндік береді. Мәселен, 1977 жылғы Юрий Иванов деген азамат осы мекемеде қызмет алған екен. Осында жүріп әрине мамандардың көмегімен құжаттарын реттеп, ІІ-топ мүгедектігіне өткен. Юрийдің екі аяғы кесілген, арбаның көмегімен жүреді.
Қазіргі таңда азаматтық некедегі әйелі бар. Сол келіншегімен бірге пәтер жалдап, бөлек шығып кеткен. ІІ-топ мүгедектігіне шамамен 80 мың теңге төленеді екен. Оның 50 мың теңгесін пәтер ақысына төлеген кезде, 30 мың теңгесі ас-ауқат, жүріп тұрғандарына жетер ме екен деп ойлайсың. Бәлкім, жұбайы жұмыс істейтін шығар. Қалай дегенде екі аяғы да кесілген азаматтың өз еркімен өмір сүруге ұмтылғаны – мықтылық. Алексей Рожков деген азамат жақында абақтыдан келген. 1991 жылғы жас азамат. Барар жер басар тауы жоқ болғандықтан, осы мекеме қабылдаған. Төлқұжаты жазасын өтеген жерден пошта қызметі арқылы жабық түрде келеді екен. Алексей жазасын өтеп келгендіктен, полиция бөлімінде есепте тұрады. Құқық қорғау органының өкілдері оны қадағалап, кешкі сағат 22:00-ден кейін көшеде жүрмеуін, сыртқа шықпауын қадағалайды.
«Біз мұндай азаматтарды неліктен қабылдаймыз? Барар жері жоқ болғандықтан және өмірге бейімдеу мақсатын көздейміз. Мұндай азаматтардың денсаулығын да тексеріп, мүгедектік алып беруге келе ме, келмей ме, оны да зерделейміз. Көмек сұрап келгеннің Заң аясында жағдайын жасаймыз. Бірақ, Алексей Рожковтың қазіргі жағдайы жақсы, өзі жас жігіт. Кішкене осында жатып реттеліп алған соң, жұмыс істеп, пәтер жалдап жеке шығып кететін сияқты. Дәйім өмірге бейімделіп, жақсы жолда жүргеніне тілектеспіз. «Қиын» жерден келгенмен, біздің байқағанымыз Алексейдің тәртібі жақсы. Жақсы жолға бейімделіп кететініне сенемін, – дейді мекеменің фельдшер маманы Жанболат Әуесхан.
Орталықта білікті мамандар аз емес. Олардың қатарына дәрігер Сейітжан Арнабаевты қосуға болады. Ол – мекемедегі жалғыз ғана дәрігер. Басқа кіші буындағы медициналық мамандарды жұмылдырып, қызмет алушылардың денсаулығының жақсаруына күш-жігерін жұмсап келеді.
«Біз уақытпен санаспаймыз. Қызмет алушылардың әрқашан қасынан табыламыз. Науқас жандарды емдеу – міндетіміз», – дейді дәрігер.
Мекеме басшысы Дәуір Рысбайұлы да өз ойымен бөлісті.
«Осындай орталықтың бар болғаны – мемлекеттің жанашырлығы. Арнайы қызмет бізге барар жері жоқ, қараусыз қалған адамдарды алып келеді. Мекемемізде бос орын болса, оларды қабылдап, алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Орталыққа қабылданған адамның ең алдымен денсаулық жағдайына мән береміз. Әрине, үш мезгіл ыстық аспен, жатын орынмен қамту жағы қарастырылған. Сосын құжаты жоқ азаматтың құжаттарын реттеу, денсаулық жағдайына қарай мүгедектігін алып беру жұмыстарымен де айналысамыз. Мекемеде жүз адам еңбек етеді. Олардың әрқайсысының өз міндеттері бар. Бізде жұмысқа деген жауапкершілік басты орында тұрады», дейді мекеме директоры.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Әйелдің психикалық саулығы - отбасының бақыты
- 12 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




