Белгілі оқу орнында оқып диплом алған педагог мамандардың да ұрпақ тәрбиесі үшін ізденіс үстінде болатындығы, әдістемелік көмек күтетіндігі қажеттілік болса, ата-ананың да баласының алдында міндеттерін түсінуі, оның болашағы үшін өз білімін көтеруі, арнайы мамандардың кеңестеріне құлақ түруі де қажеттілік және уақыт талабы деп түсінеміз. Себебі, еліміз егемендік алғаннан бергі уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгеріс болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Бала тәрбиесінің өзекті проблемаларын шешуге тәрбиенің уақыты өткен әдістерін ауыстыратын тәрбиенің жаңа технологияларын қолданудың қажеттігі, ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика ғылымының жетістігін әр отбасының тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің сұранысы. Алайда соңғы уақытта еліміздегі нарықтық экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, көптеген отбасыларында бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығып, орны толмас олқылықтар пайда болды.
Ата-ана өз міндетін орындау барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріне арта бастады. Оған қоса, шартты түрде дамыған білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы «мәдени орын» деген атаудың астарына тығылған керекті, керексіз сауық үйлерінің ашылуы отбасының тәрбие беру және әлеуметтендіру қызметін әлсіреткенін жасыра алмаймыз. Отбасындағы қатынастар, негізінен адамгершілік, ізгілік – өнегелік нормалары негізінде реттеледі. Бұл өзара құрмет, сүйіспеншілік, қамқорлық және имандылық қолдаудың көрінісі. Отбасылық өмір қалыбы, көбінесе ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сүйенеді. Яғни үлкендерді қадірлеп, құрметтеу. Ал отбасын қамтамасыз ету оның басшысы ретінде толықтай ер адамға жүктеледі. Отбасының ішкі мәселелері отбасы мүшелерінің өзара келісімі бойынша шешіледі. Егер ол мәселе кәмелетке толмағандардың мүдделеріне қатысты болса, оны шешуге балалар да қатыстырылады.
Құқықтық нормаларға араласу отбасылық қатынастар бұзылғанда қажет. Жекебасылық қатынастармен салыстырғанда отбасылық мүліктік қатынастар құқық арқылы егжей-тегжейлі реттеледі, өйткені бұл қатынастардың объектісі материалдық игілік болып табылады. Отбасылық құқық азаматтық құқықпен тығыз байланысты. Мәселен, отбасылық құқықпен реттелмеген отбасы мүшелерінің арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес қатынастарды реттеуге азаматтық заңнама қолданылады, өйткені ол отбасылық-некелік қатынастардың мәніне қайшы келмейді. Қалай десек те ата-ананың өз ұрпағы алдындағы міндеттері мен құқықтарын ешкім бөліп атқармақ емес.
Отбасындағы ата-анаға өздері өмірге әкелген баласы үшін қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған. Еліміздің бірқатар заңнамаларында ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеттері және өз міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Неке және отбасы туралы Кодексінің (26.12.2011ж.) 70, 71-баптарында ата-ананың бала алдындағы жауапкершіліктері толық көрсетілген. Ал неке мен отбасын қорғау екі түрде жүзеге асырылады – юрисдикциялық және бейюрисдикциялық.
Біріншісінде отбасының құқығы бұзылған немесе дауланатын құқықты қорғау жөніндегі өкілетті мемлекеттік органдарды қарастыру арқылы жүзеге асырылады. Бұлар сот, прокурор, азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) органдары, қамқоршылық органдары, ішкі істер органдары. Екінші түрі – отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтар мен ұйымдардың іс-әрекеттері. Азаматтар бұл әрекеттерді мемлекеттік органдардан көмектесуді өтінбей-ақ өздері іске асырады. Мұндай іс-әрекеттерді құқығын өзі қорғау деп атайды. Мысалы, құқығы бұзылған баланың ата-анасы тәртіп бұзушы баланың ата-анасымен кеңесіп, оған кешірім сұрауға ұсыныс жасайды немесе басқа да осындай өзара келісіммен болатын істер. Сот арқылы қорғау – отбасы құқығын қорғаудың бір түрі. Бұл істе прокуратура, ішкі істер органдары, АХАТ органдары, тәрбиелік мекемелер, атқарушы органдар – әкімдіктер үлкен рөл атқарады. Мысалы, әкімдіктер атааналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларын қолға алуға, ондай балаларды есепке алуды ұйымдастырып, оларды отбасыларға орналастыруға көмектесуге міндетті. Ішкі істер органдары баланы күштеп тартып алуға, сондай-ақ алимент төлеуден жалтарып жүрген адамдарды іздестіруге байланысты шешімдерді күштеп орындауға қатысулары мүмкін. Некеге тұру – неке жасына жеткен ер мен әйелдің өзара ерікті келісімі. Егер неке күш көрсету, алдау, қорқыту жолымен қиылған болса, онда ол жарамсыз деп танылуы мүмкін. Некеге тұру келісімін некені тіркеу рәсімінің барысында некеге тұрушы адамның тікелей өзі ауызша білдіреді және оның қолын қойғызу арқылы расталады. Соның өзінде ата-аналарының немесе туыстарының келісімі талап етілмейді.
Дейтұрғанмен, қай жағынан алып қарағанда да ата-анасының құптауы болашақ отбасы үшін өте маңызды екендігі күмәнсіз. Отбасын құру үшін неке жасына жетудің үлкен маңызы бар. Некеге тұрушылар белгілі бір рухани және күш-қуат кемелділігіне ие болуы керек, ол белгілі бір жаспен байланысты. Біздің заңымызға сәйкес неке жасы – 18 жас. АХАТ органдары дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендете алады. Неке жасына жетпеген адамдардың некеге тұруына ата-аналарының келісімі бойынша ғана рұқсат етіледі. Жүктілік немесе баланың тууы, әскери қызметке шақырылуы, кәмелетке толмағандардың нақты отбасын құруы дәлелді себептердің қатарына жатады. Соның өзінде басқа да дәлелді себептердің болуы мүмкін. Некеге тұратын адамдар медициналық, сондай-ақ, генетикалық мәселелер және репродукциялық денсаулық қорғау мәселелері бойынша консультациялар алып, тексеруден өтулеріне болады. Мұндай тексерулер некеге тұратын адамдардың екеуінің келісімімен ғана өткізілуі тиіс.
Некелесуші адамдарды тексерудің нәтижелері медициналық құпия болып саналады және ол некеге тұруға ниеттенген адамға тексеруден өткен адамның келісімімен ғана хабарлануы мүмкін. Болашақ ерлізайыптылар АХАТ органына өздерінің некеге тұрғысы келетіндіктері туралы бірлесіп жазбаша түрде мәлімдеуі керек. Ал олардың біреуі АХАТ органына бірге өтініш беру үшін келуге мүмкіндігі болмаған жағдайда қалай істеу керек? Егер ол дәлелді себептермен АХАТ органына келе алмайтын жағдайда болса, некеге тұруды қалайтындықтары жөніндегі нотариус куәландырған өтінішін табыс етуге заң рұқсат береді. Некеге тұратын адамның тікелей қатысуымен неке мемлекеттік АХАТ органдарында қиылады. Некені сенімхат бойынша немесе өкілдер арқылы қиюға тыйым салынады. Қамауда немесе бас бостандығынан айырылғандар некеге отыра алады. Алайда оларда мемлекеттік тіркеу АХАТ-та емес, бас бостандығын айыру орнында немесе қамауда отырған жерде жүргізіледі. Заңда неке қиюға кедергілер де көзделген.
Бұл өзге тіркелген некенің болуына, болашақ ерлі-зайыптылардың жақын туыстығына, некеге тұрушылардың біреуінің ісәрекетке қабілетсіздігіне, сондай-ақ бала асырап алушылар мен асырап алғандар арасында неке қиюына қатысты. Некелік шарт деген де бар, бұл – біздің тұрмысымызға салыстырмалы түрде жақында енген ұғым. Некелік шарт – некеге тұратын адамдардың немесе ерлі-зайыптылардың некеде тұрғандағы неме с е оны бұзған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісімдері. Некелік шарт міндетті түрде жазбаша жасалуы және нотариуспен куәландырылуы қажет. Некелік шартты некеге отыратын адамдардың тікелей өздері, сондай-ақ адвокат не нотариус толтыруы мүмкін екендігін айырықша атап көрсету қажет. Некелік шартты нотариалды куәландыру үшін жекеменшік немесе мемлекеттік нотариусқа жүгіну керек. Некелік шартты некені тіркегенге дейін, сондай-ақ некеде тұрған кез келген уақытта жасасуға болады. Некелік шарттың субъектілері ерлі-зайыптылар немесе некеге енді тұруға әзірленіп жатқан адамдар болуы мүмкін. Ерлі-зайыптылар, яғни АХАТ органдарында тіркелмеген, бірақ бірге тұратын және бір-біріне қамқорлық көрсететін адамдар некелік шарт жасаса алмайды.
Некеге тұратын кәмелетке толмағандар, яғни 18 жасқа дейінгі адамдар ата-аналарының неме се қамқоршыларының келісімімен ғана некелік шарт жасаса алады. Бұл кәмелетке толмағандардың өз бетінше некелік шарт жасасуына тыйым салынады деген сөз. Некелік шарт жасасу – некені тіркеу үшін қажетті шарт болып табылмайтындығын атап өту керек. Некеге отыратын адамдардың немесе ерлі-зайыптылардың неке шартын жасасуы немесе оған қол қоюдан бас тартуы ерікті түрде шешіледі, өйткені бұл олардың міндеті емес, құқығы. Бірақ сонымен бірге неке шартында ерлі-зайыптылардың немесе некеге тұратын адамдардың ортақ еркі білдірілуі тиіс. Ерлі-зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтық қатынастарының тоқтатылуын некенің тоқтатылуы деп түсінеді. Неке заңда айқындалған белгілі бір оқиғалардың тууына байланысты немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің не екеуінің бірдей қалауымен тоқтатылады. Некені тоқтататын оқиғалар қатарына ерінің қайтыс болуы, соттың ерлізайыптылардың біреуін өлді деп жариялауы немесе некенің бұзылуы, яғни ажырасу жатады. Некенің тоқтату негіздерінің тізімі толық болып табылады. Ері қайтыс болған немесе ерлі-зайыптылардың біреуі өлді деп жарияланған жағдайда неке өздігінен тоқтатылады. Егер артында қалған адам жаңадан некеге тұрғысы келсе, бұрынғы неке бойынша ерінің өлгені бойынша АХАТ органдары берген куәлікті көрсетсе де жеткілікті.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 31-бабына сәйкес, егер азамат тұрақты тұратын жерде үш жыл бойына ол туралы ешқандай мәліметтер болмаса, егер ол өлім қаупі төнген жағдайда немесе оның өлімі алты ай ішінде жазатайым оқиғадан болды деп есептеуге негіз болатын жағдайларда хабар-ошарсыз кетсе, ол азамат мүдделі адамдардың арызы бойынша сот арқылы өлді деп жариялануы мүмкін. Сот азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы шешім шығарған сәттен бастап, онымен неке тоқтатылды деп есептеледі. Кейде қайтыс болды деп жарияланған адамдардың шындығында тірі болып шығатын жағдайлар да кездеседі. Өлді деп жарияланған жұбайы тірі келген жағдайда сот әлгі шешімді бұзады, бірақ тоқтатылған неке өздігінен қалпына келтірілмейді. Ол ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша АХАТ органдары арқылы қалпына келтірілуі мүмкін. Егер қалпына келтіру туралы өтініш берілмесе, ерлі-зайыптылардың екеуінің де тірі екендігіне қарамастан, неке тоқтатылған деп есептеледі. Басқа жұбай жаңа некеге тұрған жағдайда, бұрынғы некені қалпына келтіре алмайды. Жаңа некенің тағдыры түрліше шешілуі мүмкін, ол не сақталады, немесе бұзылады. Бұл кейін бұрынғы жұбайымен некесін тіркеуге мүмкіндік береді. Ерлі-зайыптылардың көзі тірі кезінде олар ажырасса ғана неке тоқтатылады.
Ажырасу арқылы некенің тоқтатылуы, АХАТ органдары немесе сотта заңда белгіленген тәртіп бойынша іске асырылуы мүмкін. Некені бұзу АХАТ органдарында ерлі-зайыптылардың біріккен және жекелеген ерекше жағдайларда – жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша жүргізіледі. Ал сотта некені бұзу ерлізайыптылардың екеуінің бірлескен, сондай-ақ жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша жүргізіле береді. Некені бұзу АХАТ органдарында мемлекеттік тіркеуден өтуді қажет етеді. Тіркеу некені бұзу жөніндегі өтініш берілген күннен бастап бір ай өткенде жүзеге асырылады. Бір ай мерзім ерлі-зайыптыларға қабылдаған шешім туралы тағы да әбден ойланыптолғану үшін беріледі. Некені тіркеу үшін берілетін мерзімнен айырмашылығы, некені бұзған кезде оның мерзімі ұзартылып не қысқартымайды.
Ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені АХАТ органдарында бұзумен қатар, заң жұбайлардың біреуінің өтініші бойынша некені бұзудың қарабайыр оңайлатылған тәртібін де белгілейді. АХАТ органдарының неке бұзылуын тіркеу кезінде ажырасудың себептерін анықтауға, ерлі-зайыптыларға татуласу үшін мерзім беруге қақысы жоқ.
Некелік одақтың тұрақты болуына мемлекет мүдделік танытады. Сондықтан да соттарға заң арқылы ерлізайыптыларды татуластыру жөнінде шаралар қолдану міндеттері жүктелген. Бірақ, сонымен қатар татуластыру мақсат ғана емес, отбасын сақтаудың амалы. Сондықтан да бұл міндетті орындау мүмкін болмаса және балаларды не жұбайларды қорғау мүдделеріне қайшы келетін болса, онда сот некені бұзады. Қайткенде де мемлекет әрбір отбасының бақытын сақтап қалуды, ешбір баланың ата-анасыз қалмауын көздейді. Себебі, бала тәрбиесінің негізі отбасында. Осы шағын әлеуметтік топ – бала үшін өмір мектебі. Отбасындағы ата-ана баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты. Сондықтан әрбір ата-ана өзінің баласын білімді, мәдениетті, жанжақты етіп тәрбиелеуге міндетті. Қазіргі кезде отбасы тәрбиесі мәселесі әлемдік деңгейде қарастырылуда. Ата-ананың педагогикалық білімінің неғұрлым жоғары болуы олардың қоғам алдында өз балаларының тәлім-тәрбиесі үшін жауапкершілігін арттырады. Сондықтан да баланы жағымды ортада тәрбиелеу мен оқыту қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселеге бейжай қарамай, қоғам болып бірлесе атсалысуға тиіспіз.
Лескүл ИБРАИМОВА
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің қауымдастырылған профессоры.
Ұқсас жаңалықтар
«Таза Қазақстан»: Өңірде экологиялық зияткерлік ойындар өтті
- 16 ақпан, 2026
14 жас ғалымға жаңа пәтер кілті табысталды
- 16 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




