Бүгінде медицина дамыған сайын өмір ұзақтығы артып келеді. Алайда бүйрек жетіспеушілігімен диализге таңылған, жүрек жеткіліксіздігінен күн с анап әлсіреген, бауыр циррозымен күре сіп жатқан мыңдаған науқас үшін жалғыз үміт – трансплантация. Бұл – жай ғана операция емес, бұл – екінші өмірге берілген мүмкіндік. Дегенмен донорлық мәселесі қоғамда әлі де сан сауал туындатады.
«Мәйіттік донорлық дұрыс па?», «Дін не дейді?», «Орган саудасы бар ма?», «Мемлекет толық қаржыландыра ма?» деген сұрақтар санамызда жаңғырып тұрады. Әсіресе өңірлерде ақпараттың жеткіліксіздігі сенімсіздікке ұласып жатады. Бұл мақалада біз донорлықтың медициналық, құқықтық және діни қырларын саралап, облыстағы нақты ахуалға тоқталамыз. Ресми деректерге сүйенер болс ақ, Қазақстан бойынша трансплантацияға мұқтаж жандар саны мыңдап саналады. Ең көп сұранысқа ие орган – бүйрек. Ал ел көлемінде шамамен 3800-ден астам адам бүйрек трансплантациясын күтуде.
Бұдан бөлек бауыр, жүрек, өкпе және жүрек-өкпе кешеніне зәру науқастар баршылық. Өңірдің өзінде орган трансплантациясын күтіп отырған 141 науқас тіркелген. Бұл туралы облыстық денс аулық с ақт ау басқармасының басшысы Сержан Назарбек нақты мәлімет берді:
– Қазіргі таңда облыс бойынша орган трансплантациясын күтіп отырған 141 науқас бар. Оның ішінде бүйрек бойынша – 131 адам, соның 127-сі ересек, 4-еуі бала. Бауыр бойынша – 9 адам. Жүрек бойынша – 8 науқас, оның ішінде 7 ересек, 1 бала, – дейді басқарма басшысы.
Соңғы 3-5 жылдың ішінде облыста 33 науқасқа трансплантация жасалған. 2024 жылы мәйіттік донордан алынған бір бүйрек трансплантациясы жүзеге асқан. Алайда мәйіттік донорлықтың сирек орын алуына негізгі себеп – марқұмның туыстарының келісім бермеуі.
– Мәйіттік донорлық облыста сирек жүзеге асырылады. Негізгі себеп – қаза тапқан науқастың туысқандарының келісім бермеуі, – дейді Сержан Сәрсенбекұлы.
Ал бұл – тек өңірлік емес, республикалық деңгейдегі күрделі мәселе. Елімізде ағзаларды алу, сақтау, тасымалдау және трансплантациялау 2020 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен реттеледі. Барлық процедуралар мемлекеттік медициналық ұйымдарда ғана жүзеге асады. Органдардың трансплантацияға жарамдылық мерзімі қатаң регламенттелген: жүрек – 4-6 сағат, өкпе – 6 сағатқа , бауыр – 12 сағатқа дейін, бүйрек – 24 сағатқа дейін ал сүйек кемігі – шамамен 3 тәулік.
Бұл уақыт шектеулері донорлық жүйенің жоғары ұйымдасқан логистика мен кәсіби үйлестіруді талап ететінін көрсетеді. Егер адам тірі кезінде донор болуға келісім берсе, бір мәйіттен 4-6 органды бір мезетте алуға мүмкіндік бар. Донорлыққа келісім немесе бас тарту eGov.kz порталы арқылы немесе медициналық ұйымдарда бір жұмыс күні ішінде тіркеледі.
Трансплантация кезегі орталықтандырылған рее стрде сақталады. Кезекке тұру үшін науқас толық диагностикадан өтіп, трансплантация қажеттілігі расталуы тиіс. Қоғамда жиі айтылатын мәселе – орган саудасы туралы әңгімелер. Бұл тұрғыда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұстанымы нақты:
– Мәйіттік донорлық ешқандай сыйақысыз жүзеге асырылады. Орган саудасына заң бойынша қатаң тыйым салынған. Бұл ауыр қылмыс болып саналады, – дейді басқарма басшысы. Трансплантация операциялары толықтай мемлекет есебінен қаржыландырылады.
– Пациент тарапынан ешқандай қаржылық шығын қарастырылмаған, – деп нақтылады Сержан Сәрсенбекұлы.
Демек, «орган бағасы» туралы қауесеттер – заңға қайшы әрі негізсіз ақпарат.
Асыл дініміз не дейді?
Қазақ қоғамында донорлық мәселесі ең алдымен діни және рухани тұрғыдан бағаланады. Кейбір азаматтар марқұм денесінің бүтіндігін сақтау қажет деп есептейді. Облыстың Бас имамы Асқар Зәкіржанұлы бұл мәселеге қатысты ислам шариғатының ұстанымын кеңінен түсіндірді.
– Жалпы трансплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзаларын екінші адамға ауыстыру шариғатта жәйіз болып саналады. Бірақ бұл белгілі бір шарттармен жүзеге асуы тиіс, – дейді имам.
Шарттардың негізгілері мыналар:
1. Донордың өлімі шариғи тұрғыда нақты расталуы тиіс.
2. Трансплантация зәрулік жағдайда жасалуы керек.
3. Ағзаны беруші адам тірі кезінде өз еркімен өсиет еткен болуы шарт.
4. Ұрпақ тарату жүйесіне қатысты ағзалар берілмеуі тиіс.
5. Операциялар мемлекеттік бақылауда, материалдық қайтарымсыз жүзеге асуы қажет. Имам Құран аятын мысалға келтіреді: «Кім бір адамды тірілтсе, барлық адамзатты тірілткенмен тең».
– Біреудің өмірін сақтап қалу – үлкен сауап. Адамның жаны – шариғатта ерекше қорғалатын құндылық, – дейді Асқар Зәкіржанұлы. Сонымен бірге ол маңызды ескерту жасады:
– Егер шариғи шарттар орындалмай, ағза заңсыз алынса, бұл үлкен күнә. Сондықтан барлық рәсім қатаң бақылауда болуы тиіс. Имамның айтуынша, дін өкілдері донорлыққа үгіт жүргізбейді, тек шариғи үкім мен шарттарды түсіндіреді. Әр адам шешімді өз еркімен қабылдайды.
– Жастар арасында стереотиптерді жою үшін ең алдымен қоғамдағы әділдік пен медициналық жетістіктерге сенім қалыптасуы керек. Ары қарай діни түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, – дейді Бас имам. Шынында да, донорлық мәселесінде сенім – басты фактор. Егер адам тірі кезінде өз шешімін нақты тіркесе, туыстары үшін де моральдық салмақ жеңілдейді. Орган донорлығы – тек медициналық процедура емес. Бұл – өркениетті қоғамның көрсеткіші. Бір адамның саналы шешімі бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Қазақстанда сұраныс жоғары, бірақ мәйіттік донорлық мәдениеті толық қалыптаспаған. Ақпараттың ашық берілуі, діни түсіндіру жұмыстары, заңнамалық тетіктердің айқындылығы – осы саланың дамуына негіз болмақ. Өңірдегі 141 науқастың әрқайсысы – бір отбасының үміті. Олардың тағдыры тек дәрігерлердің кәсібилігіне емес, қоғамның көзқарасына да байланысты.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Міне, мәйіттік донор болудың шындығы мен сұмдығы осындай. Өмір мен өлім арасындағы шешім – ең ауыр шешімдердің бірі. Донорлық – адамгершіліктің биік көрінісі әрі үлкен жауапкершілік. Заң бар. Жүйе бар. Мемлекеттік қаржыландыру бар. Діни тұрғыдан рұқсат берілген. Ендігі мәселе – қоғамның санасында. Егер біз «бір адамның өмірі – бүкіл адамзаттың өмірімен тең» деген қағиданы жүрекпен қабылдай алсақ, донорлық мәдениеті де тамыр жаяды. Өмір сыйлау – ең үлкен сауап екенін ескерсек, ал сол сауапқа бастайтын жол – дұрыс ақпарат, сенім және саналы таңдау.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Сел қаупі жоғары аймақтарды зерделеу керек
- 16 ақпан, 2026
Барлық тапсырма тұрақты бақылауда болады
- 16 ақпан, 2026
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




