«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұрғындар тарапынан орынды сын-ескертпелер бар

Тұрғындар тарапынан орынды сын-ескертпелер бар
Автор
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыс орталығы – Тараз қаласындағы қар тазалау және автожолдарды қысқы күтіпұстау жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысы орталық алаңнан бастап, бірқатар шағынауданды аралап, нақты ахуалмен танысты.

– Облыстың басым бөлігінде толассыз қар жауып жатыр. Қаладағы жағдайды көзбен көрдік. Әкімдіктің мәліметінше, қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Дегенмен тұрғындар тарапынан орынды сын-ескертпелер бар. Сондықтан жұмысты күшейтілген режимде жалғастыру қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысы бұл ретте Әулиеата және Жібек жолы аудандары әкімдерінің ұйымдастырушылық қабілеті маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Шағынаудандар мен қала маңындағы тұрғын алабтарды кезеңкезеңімен тазалау, жұмыстарды тікелей бақылауда ұстау міндеттелді. Сонымен қатар құрылыс компанияларының техникаларын да қар күреуге жұмылдыруды тапсырды.

– Қала тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Барлық ұжымдар мен кәсіпкерлік нысандар өз аумақтарын қардан тазалауға атсалысуы тиіс. Ең бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың еркін жүріп-тұруына жағдай жасау маңызды, – деді облыс әкімі.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке коммуналдық қызметтердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру, әлеуметтік нысандар аумағын қардан тазалау және қоғамдық көліктер қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Алтай Әліге облыстың барлық аудандарындағы жағдайды назардан тыс қалдырмау ескертілді. Қазіргі таңда қала аумағында қар тазалау және инерттік материалдар себу жұмыстарына 486 жұмысшы мен 80 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.

 

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар