«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Екпе алудан негебас тартасыз?

Екпе алудан негебас тартасыз?
Автор
Қазіргі таңда еліміздің біраз өңірлерінде қызылша дерті бас көтеріп, әжептеуір проблемалар туғызып отыр. Әсіресе балалар арасында бұл инфекцияның көбірек тарауы алаңдатуда. Эпидемиолог мамандардың мәліметінше, оның басты себебі – балалардың дер кезінде қызылшаға қарсы екпе алмауы.

Өкінішке қарай, екпе жайлы теріс түсінік пен қашпа сөздердің таралуынан біраз атаана балаларына екпе жасаудан негізсіз бас тартатынын байқап жүрміз. Вакциналар жоқ ерте кезде қызылша, сүзек, туберкулез, безгек (малерия) және басқа жұқпалы аурулар індеті мыңдаған, миллиондаған адамды, қамысқа тиген оттай, аямай жалмап жататын. Тек қана екпе арқылы ондай қауіпті жағдайларды болдырмауға мүмкіндік бар.

Алысқа бармайақ, бүкіл әлемді дүрліктіріп, үрей туғызып, 2019-2020 жылдары пандемия болып келген «ковид-19» коронавирус эпидемиясының бетін ғалымдардың тез арада вакцина ойлап табуының арқасында ғана қайтарғанымыз естен шыға қойған жоқ. Мезгіл-мезгіл әр тараптан әртүрлі жұқпалы аурулардың жергілікті халық арасында эпидемиялық асқынулары болып жатқанын естіп-білеміз. Олардың басқа өңірлерге тарап кетпеуіне мүмкіндік туғызып тұрған дер кезінде жасалып жатқан екпе жұмыстары. Егер олай болмаса, ел арасына тез тарап, пандемия болып кетер еді.

Халық арасында вакцинация, яғни екпе жайлы көптеген қарама-қайшы пікір бар. Біреулер оған мүлдем қарсы болса, енді біреулер қолдайды. Мысалы, «Балаңа екпе салдырма, кейін сал ауруына ұшырап қалады» деген сөздерді естуіңіз мүмкін. Алайда шындық мынадай: вакцинация – соңғы жүзжылдықтағы адамзат өмірін құтқарған ең маңызды медициналық жетістіктердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын вакцинация арқылы, яғни иммунизация көмегімен 5 миллионнан астам адамның өмірі сақталады. Дәстүрлі вакцинация (екпе) жайлы кері мәліметтер ата-аналар арасында бүгінге дейін біраз дау тудыруда. Көбінесе атааналар балаларын қызылаша және паротитке (PDA-ға қоссақ) қарсы вакцинациялауды қаламайды. Мұның себебі – интернетте және дін өкілдері арасында кеңінен таралған негізсіз мифтер. PDA-ны қашан вакцинациялау керек және оның ерекшеліктері қандай?

Біздің елде қолданыстағы вакцинация күнтізбесіне сәйкес, балаларға паротит және қызылшаға қарсы екі рет – 12 айда және 6 жасында вакцинациялау қажет. Дәріге мүмкін реакциялар: инъекция орнындағы ұсақ болу, қызу, тамақ шырышының қызаруы байқалуы мүмкін. Соған қарамастан, вакцинациядан бас тарту қажет емес. Тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылдары қызылша, паротит, тұмау, туберкулез аурулары балалар арасында жиі кездесуде. Бұл аурулар қауіпті және ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Олардың ішінде әртүрлі дене жүйелерінің зақымдануы, ұйқы безінің атрофиясы, аталық бездің дисфункциясы, ұрықтың аномалияларының дамуы (жүктілік кезінде инфекция болған жағдайда) бар. Мысалы, паротитпен ауырған жас балаларда өсіп-жетілгеннен кейін ұрпақсыз қалу қаупі бар. Егер жүкті әйел қызылшамен ауырса, түсік тастауы әбден мүмкін. Бүгінде еліміздің 19 өңірінде қызылша ауруы тіркеліп отыр.

Жыл басынан 1951 жағдай анықталды. Облыста 339 дерек тіркелді. Вакцинация аутизмге себеп болады деген қауесеттерге байланысты Дания ғалымдары арнайы зерттеу жүргізіп, бұл пікірдің қате екенін растаған болатын. Әрине, вакцинация жасауға болмайтын жағдайлар да сиректеу болса да кездеседі. Біз мұны ағзада қабыну процестерінің болуы, иммундық тапшылығы, дәрі компоненттеріне аллергия, онкология, жүйке жүйесінің даму патологиясы туралы айтып отырмыз. Вакцинацияның мәні неде? Вакциналар – ауру тудыратын микроағзалардың әлсіретілген немесе бейтараптандырылған формасы. Олар адам ағзасына енгізілгенде иммундық жүйе арнайы антиденелер түзіп, болашақта нақты ауру қоздырғышына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Нәтижесінде адам не ауырмайды, не ауырған жағдайда ол жеңіл түрде өтеді. Вакцинация кезінде ағзаның сау болуы маңызды. Егуден толық бас тартуға арналған көрсеткіштер – барлық вакциналар үшін осы вакцинаны алдыңғы енгізудің асқынуы, қатерлі ісіктер, тірі вакциналар үшін иммунитет тапшылығы жағдайы.

Вакцинациялау немесе профилактикалық препараттарды енгізу 20 инфекциялық ауруға қарсы жүргізіледі. Вакцинацияның тиімді екенін туберкулез ауруының азайғанынан білуге болады. Бүгінде бұл дерттің көрсеткіштері елімізде әжептеуір төмендеп, оған арналған диспансерлер саны қысқартылып жатқаны жайлы мәліметтер бар. Бұл – медицина қызметкерлерінің айтулы жеңісі. Туберкулездің алдын алу іс-шаралары, оны дер кезінде анықтау, емдеу тәсілдерінің жетілдірілуінің арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік. Туберкулезді болдырмау ісшараларына вакцинация жатады. Еліміздегі қолданыстағы негізгі құралдардың бірі – БЦЖ вакцинациясы. Халықаралық стандарттар мен мәліметтерге сәйкес, 5-6 жас аралығындағы ревакцинация тоқтатылды. Бүгінде екпе тек бала туғаннан кейін бір мәрте салынады.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жаңа туған нәрестелердің 97 пайыздан астамы БЦЖ вакцинасын алған. Вакцинаның артықшылығы – аурудың күрделі, кең таралған түрлерін болдырмауға мүмкіндік береді. Егер бала науқастанып қалса, онда ауру жеңілірек өтеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап елімізде жатыр мойны обырын қоздырушы – адам папиллома вирусына қарсы қыз балаларды жалпыұлттық вакциналау басталды. Бұл маңызды іс-шара елімізде қауіпті инфекцияның таралуын және онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін азайтуға бағытталған. Мамандардың айтуынша, елімізде жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі орында тұр. Әсіресе 25-44, яғни фертильді жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі – осы ауру. Мәселен, жылына екі мыңнан астам әйелге осы диагноз қойылса, оның 300-ге жуығы көз жұмады екен.

Дегенмен ақ халаттылар қатерлі ісіктің алдын алуға болатынын, тіпті айығып кету мүмкін екенін айтады.Жыл сайын елімізде осы аурудың 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер бойынша адам папиллома вирусын жұқтырған қыз-келіншектер жатыр мойны обырына шалдығады. Сондықтан мамандар екпенің маңызы зор екенін айтады. Департаменттің мәліметінше, бұл вирусқа қарсы вакцина өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық деңгейде дәлелдеген. Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан елдері бар. Әйелдердің арасында адам папиллома вирусының таралуы бірқатар елдерде вакциналаудың арқасында 90 пайызға төмендеген. Енді халық арасында екпе жайлы жиі айтылатын мифтер мен шындық туралы сөз қозғап көрелік. Көпшілік арасында «Вакцина бедеулікке әкеледі» деген қанқу сөз бар. Ол шындыққа жанаспайды. Ғылыми дәлелденбеген. Вакциналар репродуктивті жүйеге еш әсер етпейді. Сонымен қатар «Табиғи иммунитет күшті» деген де пікір айтылып жүр. Иә, бірақ ол ауырғаннан кейін қалыптасады. Ал ауру адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. «Балаларға екпе салдыру қауіпті» деген сөзді де жиі естуге болады.

Керісінше, олар үшін иммундық қорғаныс өте қажет. «Вакциналарда чип болады» дейтіндер де кездеседі. Бұл ғылыми негізсіз жалған ақпарат. Сондықтан вирустармен ауырғандарды тікелей емдеумен қатар, тосқауылда адами-табиғи шараларды міндетті түрде жүзеге асыру керек. Оған уақыт бар және жастарымыз жұмыла кірісуі керек. Өйткені алдағы 50-100 жылда аталған жастар және олардың ұрпақтары өмір сүреді. Қолайлы экологиялық жағдай, вирустық, бактериялық індеттері жоқ микроклимат соларға керек. Бірақ алда әлі уақыт көп деп босаңсуға тағы болмайды, оны қазіргі жағдай көтермейді. Халқымыздың сапасы (генефонды) нашарлап, вирустар індетімен ауырып, саны күрт азаюы мүмкін. Қазақстан үшін бұл стратегиялық тұрғыдан өте зиянды құбылыс. Алдын ала сақтанғандарды ғана Алла сақтайды.

Вакцинация – қоғам денсаулығының кепілі. Уақытылы жасалған екпе – бір ғана баланың емес, тұтас ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қадам. Жалған ақпаратқа емес, ғылым мен медицинаға сену – әр ата-ананың, әр азаматтың міндеті. Вакцина – таңдау емес, жауапкершілік. Еліміздегі балаларға олар тіркелген емханада міндетті профилактикалық егулер тегін жүргізіледі.

Атап айтқанда, туберкулезге (БЦЖ), гепатитке, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе (АКДС), b типті гемофильді инфекция, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және паротит (шошқалар) және басқа да инфекцияларға қарсы екпелер қамтылады. Қазір ауылдық жерлерде вакцинацияның рөлі ерекше. Себебі шалғай елді мекендерде медициналық көмекке уақытылы қол жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан екпе аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Иммунизацияның арқасында жер бетінде шешек жойылды. Иммундау дифтериядан, сіреспеден, көкжөтелден және қызылшадан жыл сайын 2-3 миллион өлімнің алдын алады. Қазақстанда жұқпалы ауруларға қарсы иммундау балалардың және бүкіл халықтың денсаулығына мемлекеттің кешенді қамқорлығының бір бөлігі.

Вакцинациялаудың тиімді бағдарламаларының нәтижесінде өкпемен басқарылатын көптеген инфекциялар айтарлықтай азайды. Полиомиелит мүлдем жойылды. 2003 жылдан бері дифтерия сырқаттанушылығы тіркелген жоқ. Қызамық, қызылша, эпидемиялық паротит, көкжөтел, сіреспенің тек бірлі-жарым жағдайлары тіркелуде. «А» және «В» вирусты гепатитінің аурушылдығы 60-100 есеге дейін төмендеді. Вакцинацияның тиімділігі екпені уақытылы және толық алуға тікелей байланысты. Иммундау көрсеткішінің төмендеуі жұқпалы ауруларды қабылдағыш адамдардың көбеюіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Бүгінде ежелден келе жатқан бактериялар дәуірі өтіп, олардың орнын вирустар батыл баса бастаған кезеңде тіршілік етудеміз. Ауру туғызатын вирустар адамдарға кез келген жерде ұшырасуы әбден мүмкін. Сондықтан денсаулығымызға әркез сергектікпен қарап, әртүрлі жұқпалы аурулардан сақтанып жүргеніміз абзал. Алдын алу шараларын сақтау арқылы денсаулыққа қауіпті әртүрлі вирустың таралуын азайтуға болады. «Сақтансаң – сау боларсың!» деп қазақ бекер айтпаған. Мына жарық дүниеде денсаулықтан артық қымбат ештеңе жоқ. Сол есімізде болсын!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

медицина ғылымдарының докторы, профессор.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар