«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аудан әкімдері бар кінәні ауа райына жауып отыра бере ме?

Аудан әкімдері бар кінәні ауа райына жауып отыра бере ме?
Aq jol
Қайбір күні аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде біраз аудандардың әкімдері сынның астында қалды. Өткен жылды қорытындылаған сол жиында облыс әкімі жұмысы нашар басшыларға «қолдарыңыздан келмесе орындарыңызды босатыңыздар» дегенге дейін барып, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Қордай аудандары әкімдері мен кейбір салаларға жауапты орынбасарларына тәртіптік шара қабылдауды тапсырған еді. Үш ауданның әкімі не бүлдірді? Қай жерден сүрінді? Қандай кемшіліктерге жол берді? Үлкен жиында не деп ақталды?

Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның сөзінше, аймақ экономикасында өткен жылы 8,9 пайыз өсім байқалғанымен, облыстың ауыл шаруашылығы мен сауда салаларында міндетті межелерге қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, асыраушы сала өнімділігі Т.Рысқұлов ауданында – 35,9, Мойынқұм – 7,5, Қордай – 3,5, Талас ауданында 0,7 пайызға орындалмай, облыс республикалық көрсеткіште оныншы орынға тұрақтаған.

Мәселен, Т.Рысқұлов ауданында 2024 жылы 105,3 мың гектар алқапқа масақты дәнді дақыл егіліп, 186,4 мың тонна өнім алынса, өткен жылы 100,7 мың гектар алқаптан 90,6 мың тонна өнім алынған. Бұл мәселенің мәнісін аудан басшысы Ернар Есіркепов ауа райының қолайсыздығымен түсіндірді.

– Бұл тұрғыда бірқатара объективті себептер бар. Бүгінде ауданда жалпы сомасы 42 миллиард теңгені құрайтын 11 инвестициялық жобамен жұмыс істеп отырмыз. Оның бір бөлігі өткен жылғы есепке кірмей қалған болатын. Ал инвест жобалардың бірқатарында ішкі қаржылық мәселелеріне байланысты құрылыс жобалары аяқталмай отыр. Бұл жобалар биылғы жылдың статистикасында есепке алынатын болады. Ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштің төменділігі қуаңшылық әсерінен қалыптасып отыр. Өткен жылы 110 мың гектарға арпа-бидай егілді. Оның 20 мың гектары қуаңшылық әсерінен орылмай қалды. Осыған орай биыл ауа райына тәуелділіктен кету мақсатында бірқатар жұмыстарды жоспарлап отырмыз, – деді Ернар Серікәліұлы.

Қордай ауданы әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев та ауыл шаруашылығы ахуалын қуаңшылықпен байланыстырды.

– 2024 жылы гектарына 17-18 центнерден өнім алған болсақ, өткен жылы 11-12 центнерге дейін төмендеді. Суармалы егістік жерлерде су тапшылығына байланысты гектарына 63 центнерден өнім алынды. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібінде «Корцем» ЖШС 2025 жылы 1 миллион тонна цемент өндірсе, кәсіпкерлік басқармасының сұранысы бойынша оның 400 мың тоннасы ғана өткізілді, – деді аудан басшысының орынбасары.

Дегенмен аудандағы ең өзекті мәселе бұл емес. Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, ауданда 71,1 миллиард теңге инвестиция тарту жоспары орындалмай, саладағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмендеген.

Ал құрылыс саласында Мойынқұм ауданынан басқа барлық аудандарда құрылыс жұмыстарының көлемі өскен. Бұл бағытта аймақта 392,8 миллиард теңгеге жұмыст ар жүргізіліп, облыс республика өңірлері арасында 13-орынға тұрақтаған. Өткен жылдың қаңтарақпан айларында 29,9 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жоспардың 48,4 пайызға орындалғанын атап өткен Мойынқұм ауданы әкімі  Амангелді Карентаев биылғы жылдың бірінші тоқсанымен оң нәтижелерге қол жеткізілетініне сендірді. Ақталудан басқа амалы қалмаған аудан әкімдерінің бұл айтқандары алдағы уақытта шынында орындала ма, жоқ па, сондай-ақ кемшілік жіберген аудан әкімдері, басқа да басшылар жазаға тартыла ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Біз бұл мәселені қадағалап отырамыз.

Нұрболат АМАНБЕК 

Ұқсас жаңалықтар