«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастар және Конституциялық реформа

Жастар және Конституциялық реформа
Автор
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият» орталығында Конституциялық реформаны түсіндіру бағытында жастармен мазмұнды кездесу өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, сондай-ақ облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Қадралиев қатысып, жастармен ашық пікір алмасты.

Кездесудің мақсаты – Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев бастамашы болған Конституциялық реформаның мәні мен маңызын жастарға жан-жақты түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық белсенділігін күшейту. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов сөз алып, Ұлттық құрылтайдың жуырда өткен отырысында көтерілген ауқымды реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеу үшін құрылған Конституциялық комиссияның құрамына барлық өңірден өкілдер, заңгер-ғалымдар, сарапшылар, қоғам белсенділері мен жастар енген. Бұл – қоғамның әртүрлі қабатын қамтыған, кәсіби әрі азаматтық жауапкершілігі жоғары құрам.

– Мемлекет басшысы Қазақстанның мемлекеттік құрылымында жаңа ке зең басталатынын атап өтті. Бұл тек жекелеген түзетулер емес, елдің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Сондықтан мұндай тарихи сәтте баршамыз бірлігімізді нығайтып, ұсынылған өзгерістерді жүзеге асыруға жұмыла кірісуіміз қажет, – деді Серік Жақсылықұлы.

Жиында Конституцияның ел өміріндегі орнына да айрықша мән берілді. Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекеттігіміздің негізі екені атап өтілді. Қазақ халқының құқықтық мәдениеті терең тарихтан бастау алатыны, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы сынды дала заңдарының бүгінгі Конституциямен сабақтастығы кеңінен сөз болды. Кездесудің негізгі бөлімінде сөз алған Айбек Қадралиев қазіргі таңда өңірде Конституциялық реформаны насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бұл реформалар – ел дамуының жаңа тарихи кезеңін айқындайтын маңызды бастама.

– Конституциялық реформаны, әсіресе жастарға түсіндіру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Себебі жастар – қоғамның қозғаушы күші, болашақтың иесі. Сондықтан кездесулер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді, – деді ол.

Сонымен қатар жастар арасында адам құқықтарын қорғау, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, азаматтардың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту секілді мәселелер кеңінен талқылануда. Жастар реформаны әділдікке, ашықтыққа және жауапты басқаруға бастайтын нақты қадам ретінде қабылдап отырғанын да атап өтті. Серік Сәлемовтың айтуынша, Конституциялық ре форма басталғалы бері электронды платформа арқылы азаматтардан, заңгерлер мен сарапшылардан, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Комиссия мүшелері Конституцияның преамбуласы мен бірқатар баптарына жаңа редакция ұсынып, маңызды өзгерістерді қарастырған.

Жиын соңында жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ашық диалог форматында пікір алмасу өтті. Қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, ел болашағына бейжай қарамайтындарын жеткізді. Кездесуді қорытындылаған Серік Жақсылықұлы жастардың ел дамуына қосар үлесі зор екенін атап өтіп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құру – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық санасын арттырып қана қоймай, олардың ел тағдырына деген жауапкершілігін күшейтетіні анық. Конституциялық реформа – бүгінгі ұрпақтың ертеңгі болашақ алдындағы маңызды таңдауы.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар